Күзде гардеробты жаңарту үшін міндетті түрде жаңа киім сатып алудың қажеті жоқ. Кейде образға маусымның өзекті түсін қосу жеткілікті. Биыл сән әлемінде бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт қатар байқалады: шоколадты қоңыр, зәйтүн және крем секілді табиғи реңктер өзектілігін сақтаса, қанық көк, фуксия мен жасыл да күзгі палитраға еніп отыр. El.kz тілшісі 2026 жылдың күзінде қандай түстерге назар аударуға болатынын және оларды күнделікті киіммен қалай үйлестіру керегін қарастырды.
2026 жылдың басты түсі – Cloud Dancer
2026-27 жылғы күз-қыс маусымында сәнде болатын түстерді Pantone Color Institute те жариялады. Pantone – әлемдегі сән, дизайн және басқа салаларда қандай түстердің танымал екенін зерттейтін америкалық компания. Институт жыл сайын және әр маусым сайын трендтегі түстерді анықтап, арнайы палитра ұсынады. Биылғы күз-қыс маусымында табиғи, бейтарап реңктермен бірге ашық әрі қанық түстер де сәнде болады.
Pantone Color Institute 2026 жылдың түсі ретінде сloud dancer (жұмсақ, бейтарап ақ) реңкін таңдады.
Институт бұл реңкті қарбалас өмірде тыныштық пен айқындыққа деген ұмтылыстың көрінісі ретінде сипаттайды. Сарапшылар бұл түсті жаңа идеяларға орын ашатын «таза параққа» теңеп, адамның назарын сыртқы шудан арылтып, маңызды дүниелерге шоғырлануына мүмкіндік беретінін айтады.
Cloud Dancer-дің ерекшелігі – басқа түстермен оңай үйлесуінде. Pantone оны түрлі реңкті айқындай түсетін әмбебап түс ретінде көрсетеді. Сондықтан оны тек ақ түсті толық образда емес, қоңыр, көк, жасыл немесе маусымның қанық түстерімен бірге қолдануға болады.
Дегенмен «жыл түсі» мен нақты маусымның сәнді түстерін шатастырмаған жөн. Cloud Dancer бүкіл 2026 жылға таңдалса, күзгі гардеробтың палитрасы әлдеқайда кең.
Pantone биылғы күзге қандай түстерді ұсынды?
Институт сарапшылары биылғы палитраның басты ерекшелігін қарама-қайшылықтан көреді. Бір жағында табиғи, жер түстес және бейтарап реңктер тұрса, екінші жағында батыл әрі қанық түстер бар. Pantone таңдаған негізгі түстердің қатарында:
- Muted Clay (жылы балшық, терракота реңкі) – қызғылт-қоңырға жақын табиғи түс;
- Neptune Green (көгілдір-жасыл) – жасыл мен көктің арасындағы салқын реңк;
- Green Envy (қанық жасыл) – көзге бірден түсетін ашық жасыл;
- Arabian Spice (дәмдеуіш түстес жылы қоңыр) – қызғылт реңкі бар қою қоңыр;
- Foxglove (оймақгүл түстес күлгін) – жұмсақ әрі қанық күлгін;
- Festival Fuchsia (қанық фуксия, ашық қызғылт-күлгін) – образға бірден екпін беретін жарқын түс;
- Red Mahogany (қызыл ағаш түстес қою қоңыр-қызыл) – қызыл мен қоңырдың арасындағы терең реңк;
- Acacia (жасыл реңкі бар ашық сары) – жылы әрі жарқын түс;
- All Aboard (қанық аспан көгі) – ашық аспан мен теңізді еске түсіретін көк;
- Burnt Olive (қою зәйтүн жасылы) – табиғи әрі ұстамды жасыл реңк бар.
Ал маусымға тәуелсіз базалық палитраға:
- Egret (жылы ақ, сүт түстес);
- Candied Ginger (жұмсақ сарғыш-беж);
- Toffee (ирис кәмпиті түстес жылы қоңыр);
- Underworld (қою сұр);
- Poseidon (қою теңіз көгі) енген.
Демек, биыл күзгі гардероб тек қара, сұр және қоңырмен шектелмейді. Табиғи реңктердің қасында ашық түстер де еркін қолданылады.
Шоколадты қоңыр, бургунди және қою көк
Стилист әрі UGC-креатор Балжан Майлыбаева осы күзде табиғи және терең реңктерге назар аударуға кеңес берді.
Биыл күзде табиғи әрі терең түстер өзекті. Шоколадты қоңыр, бургунди, қою көк, зәйтүн, крем және ақшыл сары (беж) реңктеріне назар аударуға болады. Егер гардеробқа бірнеше негізгі түс таңдау керек болса, мен шоколадты қоңыр, крем және қою көкті ұсынар едім. Өйткені оларды бір-бірімен де, басқа түстермен де оңай үйлестіруге болады, – дейді стилист.
Бұл пікір халықаралық сән басылымының байқауларымен де сәйкес келеді. Vogue 2026 жылғы күздің негізгі түстерінің қатарында бургунди (қою шарап түстес қызыл), корольдік күлгін, кобальт көк (қанық әрі ашық көк), қызыл, көгілдір және шабдалы реңктерін атап көрсетеді. Басылымның жазуынша, бургунди суық маусымға тән классикалық түс ретінде тағы да сәнге оралса, ашық көк пен көгілдір секілді көбіне жылы мезгілмен байланысты реңктер биыл күзгі топтамалардан да орын алған.
Зәйтүн түсі де алдыңғы қатарда
Күздің тағы бір маңызды түсі – зәйтүн жасылы. Ол Pantone палитрасындағы Burnt Olive (қою зәйтүн жасылы) реңкімен де үндеседі.
ELLE журналы зәйтүн жасылын 2026 жылдың күзіндегі негізгі түстердің бірі деп атайды. Бұл реңк Zimmermann, Valentino, Tory Burch, Saint Laurent секілді сән үйлерінің топтамаларында кездескен. Зәйтүн түсі пальто мен күртешеде ғана емес, көйлек, сөмке және аяқкиімде де қолданылып жүр.
Стилистің айтуынша, күзге бір ғана әмбебап сырт киім алу керек болса, шоколадты қоңыр, беж, сұр немесе қою көк қауіпсіз таңдау саналады. Ал негізгі сырт киімі бар адамдар бургунди немесе зәйтүн реңкін таңдап, образға ерекшелік қоса алады.
Ашық түстерден күзде де бас тартудың қажеті жоқ
Күз келді екен деп ашық түстерді шкафтың түбіне жинап қоюдың қажеті жоқ. Pantone палитрасындағы All Aboard (қанық аспан көгі), Festival Fuchsia (ашық қызғылт-күлгін), Acacia (жасыл реңкі бар ашық сары) және Green Envy (қанық жасыл) түстері де осыны көрсетеді. Vogue та 2026 жылғы күзгі коллекцияларда ашық әрі батыл түстердің белсенді қолданылғанына назар аударады.
Бірақ трендтегі түсті міндетті түрде басынан аяғына дейін кию шарт емес.
Оны бір ғана акцент ретінде қолдануға болады. Мысалы, қарапайым беж образға бургунди сөмке немесе аяқкиім қоссаңыз, образ бірден заманауи әрі қызықты көрінеді. Ашық түстерді де күзде қорықпай киюге болады. Мәселен, ашық көкті шоколадты қоңырмен үйлестірсеңіз, әдемі күзгі палитра шығады, – дейді Балжан.
Соңғы комбинация биылғы тенденциямен жақсы үйлеседі. Бір жағында маусымның тұрақты қоңыр реңктері болса, екінші жағында Pantone мен сән көрсетілімдерінде байқалған қанық көк түстер бар.
Образды «қымбат» көрсететін түс бар ма?
Әлеуметтік желіде белгілі бір түстер образды бірден «қымбат көрсетеді» деген кеңестер жиі кездеседі. Алайда стилист мұны тек түске байланыстыру дұрыс емес екенін айтады.
Крем, ақшыл сары (беж), шоколадты қоңыр, сұр және қою көк секілді табиғи, бейтарап түстер жинақы көрінеді. Бірақ образдың қымбат көрінуі тек түске байланысты емес. Киімнің денеге дұрыс қонуы, матаның фактурасы және түстердің өзара үйлесуі де үлкен рөл атқарады, – дейді стилист маман Балжан Майлыбаева.
Сондықтан трендтегі реңкті сатып алудан бұрын оның гардеробтағы басқа киімдермен қаншалықты үйлесетінін ескерген жөн.
Сөмке, аяқкиім мен бас киімнің де бір түсте болуы міндетті емес. Стилистің сөзінше, бүгінде әшекейлерді бірдей түске сәйкестендіру қатаң қағида саналмайды. Бір-біріне жақын немесе, керісінше, контраст беретін реңктерді дұрыс үйлестіру образды қызығырақ ете алады.
Бір образда қанша түс болғаны дұрыс?
Киім үйлестіруде жиі айтылатын қағиданың бірі – бір образда үш түстен артық қолданбау. Алайда мұны өзгермейтін ереже деп қабылдаудың қажеті жоқ.
Классикалық ереже бойынша үш түске дейін қолдануға болады. Бірақ мен мұны қатаң шектеу деп санамаймын. Егер реңктер бір-бірімен үйлессе, төрт түсті де қолдануға болады. Ең бастысы – образда визуалды тепе-теңдік болуы, – дейді стилист.
Маман белгілі бір түсті «сәннен қалды» деп гардеробтан мүлде алып тастауға асықпау керегін айтады. Оның пікірінше, дұрыс үйлестірілген кез келген реңк заманауи көріне алады. Кейде бұрыннан бар киімді маусымның жаңа түстерімен үйлестірудің өзі жеткілікті.
Сонымен, күзде қандай түстерге назар аударған жөн?
2026 жылдың күзгі палитрасында екі бағыт қатар жүріп келеді. Біріншісі – шоколадты қоңыр, зәйтүн, крем, беж, сұр және қою көк секілді табиғи әрі күнделікті киюге ыңғайлы түстер. Екіншісі – бургунди, кобальт көк, фуксия, күлгін және сары секілді образға бірден екпін беретін қанық реңктер.
Ал жылдың басты түсі Cloud Dancer (жұмсақ, бейтарап ақ) осы екі бағыттың ортасындағы әмбебап негіз бола алады. Ол қоңыр немесе зәйтүн түстерімен сабырлы образ жасауға мүмкіндік берсе, көк, бургунди немесе басқа ашық түстерді айқындап көрсетуге де қолайлы.
Сондықтан биыл күзде гардеробты толығымен трендке бейімдеудің қажеті жоқ. Сәннің қазіргі бағыты белгілі бір түсті міндеттеп отырған жоқ. Керісінше, базалық киімдерді сақтап, оларға маусымның бір-екі өзекті реңкін қосу арқылы образды жаңартуға болады.