Шикізаттың орнына зауыттар: Қазақстан шетелдік инвестицияны қайда бағыттап жатыр?

Шикізаттың орнына зауыттар: Қазақстан шетелдік инвестицияны қайда бағыттап жатыр?
Фото: El.kz архиві

Кейбір елдер үшін жылына 100 миллион доллар шетелдік инвестиция тартудың өзі үлкен оқиғаға айналады. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) деректеріне сәйкес, Африкадағы Бурунди өткен жылы 68 миллион доллар инвестиция алса, Гвинея-Бисауға одан екі есе аз қаражат келген.

Экономистер бұл құбылысты Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Лукастың есімімен байланысты «Лукас парадоксы» деп атайды. Теория бойынша, капитал қаражат жетіспейтін кедей елдерге бағытталуға тиіс. Алайда іс жүзінде инвесторлар тұрақтылық бар, заңдар жұмыс істейтін және іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік бар елдерге келеді.

Инвестиция көлемі ел туралы кез келген есептен артық мәлімет бере алады. Көптеген мемлекеттер үшін жылына бір миллиард доллар тартудың өзі қол жетпес межеге айналып отыр.

Ал Қазақстанға соңғы жеті жылда 155 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция келді. Ендеше бұл қаражатты кімдер салғанын және оған қандай өндіріс орындары салынып жатқанын қарастырайық.

Инвестиция салатын елдер

Қазақстанның ірі инвесторларының қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Нидерланд, Швейцария және Франция бар. Соңғы жылдары олардың қатарына Таяу Шығыс пен Азия елдері де қосылды.

Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін инвестиция көлемі он есе өсіп, өткен жылы 1,6 миллиард долларға жетті. Катар мен Сингапур да Қазақстан экономикасына осындай деңгейде қаражат салды.

БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) деректеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстан жаңа жобаларға 19 миллиард доллар инвестиция тартқан. Солтүстік және Орталық Азиядағы осындай өңірішілік инвестициялардың оннан тоғызға жуығы Қазақстанға тиесілі болды.

Өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмек

Биыл фармацевтика саласындағы сегіз ірі жоба бойынша келісімдер жасалды. Қазір Қазақстан дәрі-дәрмектің 80 пайыздан астамын импорттайды.

Мемлекет басшысы отандық дәрілік препараттардың ішкі нарықтағы үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін қойды. Өз зауыттарымыздың іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтып, Орталық Азия елдеріне дәрі экспорттауға жол ашады.

Шикізаттың орнына – өңделген өнім

Агроөнеркәсіп кешенінде фермалардан бастап, өнімді терең өңдеуге дейінгі 100-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін шикізат күйінде шетелге шығарылған астық енді еліміздің өзінде дайын өнімге айналады.

Жобаларға шетелдік компаниялар да қатысып отыр. Олардың қатарында Қытайдың Dalian Hesheng Holdings және Fufeng Group, Түркияның Tiryaki Agro компаниялары бар. Ал Solico Group Алматы облысында әлемдік нарыққа бағытталған ірімшік өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр.

Тамақ өнеркәсібінде Mars, Carlsberg, PepsiCo және Coca-Cola компаниялары жұмыс істейді. Олардың зауыттары еліміздің экспорттық әлеуетін арттырды.

Локомотивтер мен вагондар

Мемлекет басшысының келіссөздерінен кейін Қазақстанға теміржол техникасын өндіретін әлемдік үш компания келді. Швейцариялық Stadler компаниясымен келісім 2021 жылы, француздық Alstom компаниясымен 2022 жылы, ал америкалық Wabtec компаниясымен өткен жылы жасалды.

Бұл жобалар жергілікті жеткізушілерді жұмыспен қамтып, қазақстандық құрамдас бөлшектердің үлесін арттырды. Дайын техниканы өндіру шикізаттық емес тауарлар экспортын кеңейтіп, салық түсімдерін көбейтуге мүмкіндік береді.

Деректер орталықтары мен байланыс

Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» құрылып жатыр. Жобаны Firebird және NVIDIA компаниялары жүзеге асыруда. Келісімдер топтамасының құны 10 миллиард долларға дейін бағаланады.

Кластерде соңғы буындағы 100 мыңға дейін графикалық процессор орналастыру жоспарланған. Бұл қуаттарда бұлтты сервистер мен жасанды интеллект жүйелері жұмыс істейді. Қызметтердің бір бөлігі экспортқа бағытталады.

«Қазақтелеком» 828 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізді. Сонымен қатар компания Әзербайжанның AzerTelecom International компаниясымен бірге Ақтаудан Сумғайытқа дейін Каспий теңізінің түбімен ұзындығы шамамен 370 шақырым болатын байланыс желісін салып жатыр.

Энергетика және қалдықтарды өңдеу

Ақтауда Huadian Kazakhstan Energy компаниясы қуаты 160 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салып жатыр. Станция өңірдің өз электр энергиясын өндіру көлемін арттырады.

Алматыда Қытайдың Hunan Junxin Environmental Protection компаниясы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобасын жүзеге асыруда. Зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеуге есептелген.

Қалдықтарды өңдеу арқылы 60 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіру жоспарланған. Соның нәтижесінде полигондарға жіберілетін қоқыс көлемі азаяды.

Жоғары деңгейде өңделетін металдар

Балқашта құны 750 миллиард теңге болатын Qazaq Smelter мыс балқыту зауытын іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын катодты мыс өндіру көлемін арттырады. Ал жаңа технологиялар өңірдегі зиянды шығарындыларды 12 есе қысқартуға мүмкіндік береді.

Павлодар облысында Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты салынып жатыр. Жобаға 600 миллион доллар инвестиция салынуда. Кәсіпорын алтынның қиын өңделетін концентраттарын автоклавтық тотықтыру әдісімен өңдейді. Таза алтын өндірудің бүкіл циклі Қазақстанның өз ішінде жүзеге асырылады.

Биыл Қарағанды облысында металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу туралы келісім жасалды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты бір миллион тоннаны құрайды.

Инвесторларға арналған кепілдіктер мен қолдау

2021 жылы Қазақстанда инвестицияларды қолдаудың жаңа тетігі — инвестициялық келісім енгізілді. Мұндай келісім үкіметтің шешімімен жобасына 32 миллиард теңгеден астам қаражат салатын инвестормен жасалады. Құжатта тараптардың міндеттемелері белгіленіп, мемлекет инвестиция салудың бүкіл мерзімі ішінде негізгі шарттардың өзгеріссіз сақталуына кепілдік береді.

Қазір осындай 70-ке жуық келісім қолданыста. Инвесторлар сол келісімдер аясында жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Жобаларды сүйемелдеуге Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа көмектеседі. Онда жалпы құны шамамен 106 триллион теңгені құрайтын 3,5 мыңнан астам жоба туралы ақпарат жинақталған. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар әр жобаның барысын нақты уақыт режимінде көріп, инвесторларға қажетті қызметтерді алу үдерісін жеделдете алады.

Инвестиция келіп жатыр. Ол зауыттарға, байланыс инфрақұрылымына, дәрі-дәрмек өндірісіне бағытталуда. Бұрын шикізат сатумен шектелген ел енді дайын өнім сатуды үйреніп келеді. Бұл — ұзаққа созылатын жұмыс. Ал жеті жыл — оның бастамасы ғана.

Мұнда жаңа технологиялар әкелініп, өндіріс орындары да осында салынып жатыр. Бірнеше жылдан кейін оның нәтижесін дүкен сөрелерінен, дәріханалардан, қалалар мен ауылдардың көшелерінен көреміз.

Экономистер бұл құбылысты британдық ғалым Джон Даннинг ұсынған эклектикалық парадигма арқылы түсіндіреді. Бұл теория бойынша, компанияның шетелде өндіріс ашуы үшін үш шарт орындалуы керек. Соның бірі — орналасу артықшылықтары. Ғалым бұл ұғым арқылы белгілі бір елдің бизнес жүргізуге қолайлы тұстарын сипаттаған. Оларға заңдар мен кепілдіктер, экономикалық өсім, көршілес нарықтарға қолжетімділік, ашықтық және әділ ережелер жатады.

Қазақстанда осы шарттар бір арнаға тоғысты. Сондықтан инвесторлар келді. Ең бастысы, олар осында қалып, инвестиция салуды жалғастырып жатыр. Оның ішінде Қазақстанда тапқан пайдасын қайта инвестициялаушылар да бар. Бизнес үшін бұдан артық оң баға болуы мүмкін емес.

Оқи отырыңыз