Жаңалықтар

Шежірелі аймақ Атырауда өтетін құрылтайдан не күтеміз? Ұлттық құрылтай мүшесімен сұхбат

Шежірелі аймақ Атырауда өтетін құрылтайдан не күтеміз? Ұлттық құрылтай мүшесімен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 14.03.2024 14:00 7588

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда, одан кейін киелі Түркістанда өтті. Бас қосқан жиында елдік мәселелер талқыланып, ортаға салынды. Ал биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын шежірелі аймақ Атырау облысында өткізуді ұсынды. Ертең өтетін жиыннан не күтеміз? Осы және өзге де сауал бойынша El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Мақсат Жабағинды сөзге тартты.

Алдымен сарапшы Ұлттық құрылтайды Атырауда өткізудегі маңызы мен ерекшелігіне тоқталды.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді» деп атапкеткен еді. Рас, бұл бізге, құрылтай мүшелеріне әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуға, сол өңірдің мәселелерін пысықтап талдауға, ұлттық деңгейде көтеруге үлкен мүмкіндік. Биыл үшінші отырыс Атырауда өтеді және ең үлкен индустриялық өңірдің бірін Батыс Қазақстанды қамтиды, – деді.

Ұлттық құрылтай мүшесі Атырау мұнай-газ өнеркәсібі арқылы елімізге танымал және шетелден инвестиция тарту бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті.

Десе де, Атырау тек мұнай астанасы емес, ол қазақ елінің ұлттық болмысын сақтап жатқан ұлан-байтақ қазақ даласының батыс шебі, ежелден Еуропа мен Азияны байланыстыратын алтын көпір. Оның айқын айғағы Ұлық ұлыстық тарихи мұрасы - Сарайшық қаласы. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткізілуі тарихи, мәдени, саяси, экономикалық тұрғыдан маңызды, – дейді.

Мақсат Жабағин Ұлттық құрылтай отырысы Наурыз мерекесі және қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгенін, бұл өз кезегінде жыл бойы Ұлттық құрылтай отырысының нәтижелерін іске асыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысынан не күтеміз және қандай мәселелер талқыланбақ? Осы сауалды құрылтай мүшесіне тікелей қойдық.

Тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Алдымыздағы екі отырыста да аса өзекті мәселелер көтерілді. Осы жиыннан да еліміздің болашақ дамуының бағыт бағдарлары айқындала түсетінін күтуге болады. Бұл қалыптасқан оңай емес халықаралық геосаяси жағадайда өте маңызды. Сонымен қатар жаһандық сын қатер және жасанды интеллект мәселесі де өзекті. Мемлекет басқаруда  жасанды интеллектінің алдағы уақыттағы рөлі мен маңызы қозғалуы мүмкін. Бұдан өзге тарихымызға және тамырымызға қатысты сыртқы факторлар әсерінен «архаикалық» таңбамен әлі күнге дейін келе жатқан, қолдау таппай жүрген мәдени мұраларымызды жаңғырту мәселесі көтерілер деген ойдамын, – дейді Мақсат Жабағин.

Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде шешірелі аймақта өтетін алқалы жиында спикер мына мәселелерді көтеріп, ұсынатын ойы бар.

Өзім ғылым саласынан болғандықтан, бірінші кезекте осы бағыттағы кейбір мәселелерге тоқталамын және ұсынатын ойым бар. Бұл жас ғалымдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, мүдделерін ілгерілету және олардың кәсіби мансабының өсуіне септігі тиетін ғылыми әлеуетті іске асыру жөніндегі ұсыныстар. Кеше осы мәселелерге қатысты Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің отырысы өткен болатын. Бұдан өзге ұлттық болмысымызды айқындайтын еліміздің  қолжазба мұрағаттарын сақтау және зерттеу мәселесін көтеру  мәселелсі де өзекті болып отыр, – дейді құрылтай мүшесі.

Бүгінгі күні елді толғандырған мәселелердің ауқымы мен бағыты да алуан. Сол себепті Ұлттық құрылтайда көтерілуі керек және шешімін табуы тиіс мәселелер жеткілікті.

Көтерілуге тиіс өзекті мәселелердің бірі – этникалық көші-қонды реттеу. Бір жағынан қазір шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін еліміздің дамуына бағыттау, екінші жағынан қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру қажет. Сонымен қатар халықаралық геосаясатта орын алатын этникалық көші-қонға да дайын болуымыз шарт. Тағы өзекті мәселенің бірі – жан жақтан жалған ақпараттың таралуы жағдайында халқымызды сенімді ақпарат көзімен қамтамасыз ету. Сенімді ақпарат көзі болмаған салдарынан бүгінде халық арасында балаларды уақытында вакцинациялау жұмыстары төмендеп кетті. Мұның кесірінен елімізде қызылша және тағы басқа эпидемиялар белең алып кетті. Бұл өте маңызды. Одан кейін қоғам арасында оқу ағарту жұмыстарын күшейту, ғылымды дәріптеу мәселесі көтерілгені жөн деп санаймын, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін де өткен құрылтайларда көтерілген маңызды мәселелердің біразы бүгінде өз шешімін тапқан. Оны сарапшының өзі де растап отыр.  

Өз шешімдерін біраз мәселе тауып жатыр. Мысалы, жақында ғана отбасылық-зорлық зомбылық, балалардың тәрбиесіне қатысты мәселелер бойынша Мәжіліс заң жобасын әзірледі. Былтыр Ұлттық ғылым академиясының жоғары мәртебеге ие болуы дербес заңды форманы талап ететінін және дербес ғылым жүргізу ұйым болуды, кезінде Назарбаев университетіне бөлінген қаражат шамасында бөліну керек екенін өз ұсынысымда айттым. Бүгін бұл ұсыныстар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасынада талқыланып отыр. Жоғары ғылыми мекеме ретінде дербес және ғылым жүргізуге тікелей қаржыландыру алатын мәртебеге ие болады деп үміттенеміз, – дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Мақсат Жабағин.

Атырауда 15 наурыз күні Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Елдік мәселе талқыға түсетін алқалы жиыннан бұқара зор сенім артып, қордаланған түйіткілдер құрылтайда шешімін тапса екен деген ниетте.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға