Жаңалықтар

Шетелден діни білім алып келгендерге арналған ұлттық дәстүрге негізделген орталық құру керек – сенатор

Шетелден діни білім алып келгендерге арналған ұлттық дәстүрге негізделген орталық құру керек – сенатор
Фото: t.me/senate_kz 05.10.2023 12:03 866

Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді.

Бүгін де сырт күштерден азаматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы. Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс істейді (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің идеологиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады, - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп жатағымға ілесіп бара жатқан жастарымызды қорғау үшін шара қабылдау керек екеніне тоқталды.

Бірінші, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді ұсынамын. Екінші, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу. Үшінші, Дін істері басқармаларын барлық өңірде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Төртінші, өңірлердегі Діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеру керек. Бесінші, өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалануды ұсынамын, - деді ол.

Сондай-ақ депутат шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құруды және Үкімет бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға