Жаңалықтар

Шерхан Мұртаза туралы «Бірегей» деректі фильмі эфирге шығады

Фильмде Шерхан Мұртазаның «Алтын қордағы» дауысы мен бейнематериалдар пайдаланылған
Шерхан Мұртаза туралы «Бірегей» деректі фильмі эфирге шығады
Фото: abai.kz 28.09.2022 16:55 2280
28 қыркүйек — Шерхан Мұртазаның туған күні. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан Халық жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Бірегей» деректі фильмі эфирге шығады, деп хабарлайды El.kz

Фильм жазушының туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданында түсірілген. Деректі туындыда Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қыры мен телевизия қайраткері ретіндегі болмысы кеңінен баяндалады. Талапты ауылындағы өзі тұрған үйден табылған, 1949 жылдан бастап өмірінің соңына дейінгі жазған хаттары мен күнделіктерінен үзінділер беріледі.

Сонымен қоса фильмде Ш.Мұртазаның «Алтын қордағы» дауысы мен бейнематериалдар пайдаланылған.

«Биыл Шерхан Мұртаза негізін қалап, «Qazaqstan» телеарнасынан үздіксіз көрсетіліп келе жатқан «Таңшолпан» бағдарламасына 30 жыл толады. Бұл ұлттық арнаның ең ұзақмерзімді жобасы және отандық телевизия тарихындағы алғашқы таңғы бағдарлама. Мерейтойға орай «Qazaqstan» мен «Abai tv» арнасынан арнайы хабарлар көрсетілсе, Қазақ радиосында Шерхан Мұртаза апталығы өтеді», - дейді «Қазақстан» телерадиокорпорацисының Басқарма төрайымы Л.Танысбай.  

Деректі фильмде ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, жазушы-публицист Уәлихан Қалижан, жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібай, Қали Сәрсенбай, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов, Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген және Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері мен туыстары еске алып, қаламгердің өмірі мен еңбек жолы жайындағы естеліктерімен бөліседі.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға