Жаңалықтар

Шекараның шегенделуі: басты құндылық пен қауіпсіздік

Шекараның шегенделуі: басты құндылық пен қауіпсіздік
Фото: Әлеуметтік желіден 17.07.2023 14:00 756

Еліміз егемен ел болғалы, төрткүл дүниедегі орнын шегендеп, мемлекеттік шекарасын бекітті. Мемлекеттік шекара тәуелсіз елдің іргетасының қалануына алғышарт болатын ең басты құндылық. Бүгін шекарамыздың қалай шегенделіп, оның шыңдалуына үлес қосқандар туралы сыр шертуді жөн көрдік.  

Мемлекеттік шекара атадан ұрпаққа мұра болып қалатын құндылық екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады.

«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасындағы басымдықтардың бірі ретінде белгіленгеніндей, аумақтық тұтастықты сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттеріне арналған қазақстандық дипломатияның күш-жігері табысқа кенелгенін айтуымыз тиіс. Келешек ұрпақтардың еншісіне нақты анықталған, тиісті талапта рәсімделген, халықаралық құқық нормаларымен қорғалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы бұйырды», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1993 жылғы 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды. 1999 жылғы қыркүйекте Үкімет қаулысымен  Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациясы жасақталды.

Шекараның шегенделуі – делимитация

«Қазақстан-Қытай» шекарасы

1991 жылға дейін Қытаймен келіссөздерді ҚХР-мен шекаралас одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған кеңестік үкіметтік делегация жүргізеді. Қазақстанның Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан үкіметтері арасындағы Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелер бойынша келіссөздер туралы 1992 жылғы 8 қыркүйектегі келісімге сәйкес, 1992 жылы КСРО Үкіметтік делегациясының орнына ҚХР-мен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің Бірлескен делегациясы құрылады.

Делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды.

Қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзақтығы 1783 км, оның ішінде құрлық щекарасы 1 215,86 км, су шекарасы 566,89 км.

Шекара сызығы 688 шекаралық белгілермен белгіленген.

«ТМД – Қазақстан» шекарасы

Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ ерекшелік ретінде ондағы кейбір учаскелердегі іс жүзінде орныққан шекара сызықтары қолда бар құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмейтіндігін айтуға болады. Мұндай жағдайларда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, аумақтарды теңдей бөлісті және алмасты.

Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен шекаралас. Ол 7 591 шақырымды алып жатыр.

«Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау әлемдік халықаралық-құқықтық тәжірибеде бірегей, өйткені салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде оның сызығынан өтудің барлық нүктелерін келісуге мүмкіндік туды», – деп атап өтті бір сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақстан-Өзбекстан» шекарасы

Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Екі ел арасындағы шекараның шегенделуі күрделі болды.

Анықталған күрделі учаскелер мен тараптардың ұсыныстары өзара сыйластық пен тең құқылық қағидаттарының негізінде, жергілікті халықтың мүдделері ескеріле отырып шешілді.

Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін екі кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең. Шекара сызығының бүкіл ұзақтығының 96 пайызын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасы туралы шартты дайындау.

Екінші кезең. Бірлескен шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шартты әзірлеу.

Аталған шарттар 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.

«Қазақстан-Түрікменстан» шекарасы

2001 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа мемлекет басшылары қол қойды.

Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдар аралығында сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті. Тараптар 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгерту туралы ешбір ұсыныстар білдірмеді.

Бірлескен шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды. Шекарада шекаралық белгілерді орнатуға тараптар 2005 жылы кірісті.

Тараптар шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінде аяқтады. Қазақстан-Түрікмен нмемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзақтығы 458,3 км.

Шекара сызығы 330 шекаралық белгілермен белгіленген.

2017 жылғы 18 сәуірде екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен Мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімге Астана қаласында қол қойды.

«Қазақстан-Қырғызстан» шекарасы

Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін өтті. Осы келіссөздердің нәтижесі бойынша Мемлекет басшылары 2001 жылғы 15 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Аталған Шарт 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді.

Тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі келіссөздерге және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекарада шекара белгілерін орнатуға 2008 жылдың күзде кірісті.

Шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстары негізінде аяқталды. Қазақстан-Түрікмен нмемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзақтығы 1257 км.

Шекара сызығы 683 шекаралық белгілермен белгіленген.2017 жылғы 25 желтоқсанда екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз Мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа Астана қаласында қол қойды.

Мемлекеттік шекараның жалпы ұзақтығы 13383 шақырым.

 Оның ішінде:
- Қытай Халық Республикасымен – 1 783 км. шамасында;
- Қырғыз Республикасымен – 1 257 км. шамасында;
- Өзбекстан Республикасымен – 2 351 км. шамасында;
- Түрікменстанмен – 458,3 км. шамасында;
- Ресей Федерациясымен – 7 548 км. шамасында.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға