Жаңалықтар

«Шарапаттағы» шапағат

«Шарапаттағы» шапағат
19.03.2018 12:33 1659

Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының Наурыз мерекесіне арналған жылсайынғы қайырымдылық концерті «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтті.

Қайырымдылық іс-шарасы өткен мекемеде қозғалу мүмкіндгі шектеулі және кезінде түрлі қиын жағдайларға тап болған адамдар тұрады. Қоғам тарапынан оларға мейірімділік шуағы мен жүрек жылуын сыйлау әрдайым маңызды.

Мерекелік концерттің басында сөз сөйлеген Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова былай деді: «Сіздерді Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біз биыл да өздеріңізге ән-жырымызды және арнайы сыйлықтарымызды алып келдік. Мұндай құрмет өз жалғасын таба беретін болады. Жалпы, бұл мереке елдің бірлігін сақтауға, бауырластыққа, татулыққа  негізделген. Бүгін де сондай сәттің куәгері болып отырмыз. Сіздерге амандық пен бақыт, дендеріңізге саулық тілеймін».

Наурыз мерекесінің мән-мағынасы мен қайырымдылық шарасының маңызы туралы Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Кенжеболат Бапишев айтып берді.

Жыл басы  Наурыз мерекесін ұйымдастыру қайырымдылыққа бағытталған әрі ұрпақтар сабақтастығын жаңа қырынан таныту болып табылады. Наурыз – береке мен тыныштықтың нышаны. Бұл күні адамдар бір-бірін кешіріп, жаңа өмірдің кезеңіне қадам басады. Осылайша, ерекше сипаттағы ұлттық мереке Қазақстан халқының бірлігін одан әрі нығайтып, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымағын тағы бір мәрте арттыра түсті.

Аталған іс-шараға Астана қаласының этномәдени бірлестіктері қатысып,жиналған жұртшылыққа концерттік бағдарламасын ұсынды. Одан басқа, мекеменің тұрғындарына арнайы сыйлықтар таратылды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға