Мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, IELTS емтиханынан 7,5 балл жинағанына қарамастан, Зере Қыстаубаева кезінде өзін әлемнің беделді университеттерінде білім алуға лайық санамаған. Бүгінде ол Нью-Йорк университетінің Шанхайдағы кампусында оқу ақысының 80 пайызын өтейтін грантпен білім алып, Шанхай, Нью-Йорк және Әбу-Дабиде халықаралық тәжірибе жинап үлгерді. Қазір бизнес және маркетинг бағыты бойынша төртінші курста оқып жатыр.
Қабылдау комиссиясына қазақтың ұлттық асы туралы эссе жазған Зере шетелдік университетке қалай түсті? Үш түрлі елде білім алу оның дүниетанымын қалай өзгертті? Шетелде оқудың көпшілікке көріне бермейтін қиындықтары қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде El.kz тілшісі Зере Қыстаубаевамен сұхбаттасты.
«Айналамдағы адамдардың барлығы менен ақылдырақ сияқты көрінетін»
Зеренің білімге деген құштарлығы бала кезінен қалыптасқан. Отбасы сапалы білім алуға ерекше мән бергендіктен, ол Қарағандыдан Астанаға көшіп, «Мирас» халықаралық мектебінде білім алған. Ал кітап оқуға, жаңа дүниелерді танып-білуге деген қызығушылығын оятқан адам – атасы.
Бала кезімнен мені ата-әжем тәрбиеледі. Әсіресе атам менің бойыма білуге деген құштарлықты, кітап оқуға және жаңа нәрселерді үйренуге деген қызығушылықты сіңірді. Жалпы, отбасым мені әрдайым қолдап, жетістіктеріме қуанып, менімен мақтанып отырды. Сондықтан бастауыш және орта мектепте оқып жүрген кезімде өзімнің қабілеттеріме немесе академиялық жетістіктеріме қатысты күмәнім көп болған жоқ, – дейді Зере.
Алайда мектеп бітіруге жақындаған сайын үздік оқушының өзіне деген сенімі әлсірей бастаған. Ол өзінің жетістіктерінен гөрі өзгелердің артықшылықтарына көбірек назар аударып, мүмкіндігін төмен бағалаған. Бір сыныптасы ағылшын тілін жақсы меңгерсе, енді бірі математикалық қабілетімен ерекшеленген. Осындай салыстырулар Зеренің алдына биік мақсат қоюына кедергі болған.
Бұл қысым ата-анамнан немесе мұғалімдерден емес, көбіне өзімнен туындады деп ойлаймын. Осындай салыстырулардың нәтижесінде кейде айналамдағы адамдардың барлығы менен ақылдырақ сияқты көрінетін. Өз бойымда ерекше академиялық немесе жеке қасиеттер жоқ деп ойлай бастадым. Қазір ойлап қарасам, бұл белгілі бір деңгейде импостер синдромымен байланысты болған сияқты, – дейді кейіпкеріміз.
Бір қызығы, арада бірнеше жыл өтіп, әлемнің үш ірі қаласында білім алған Зере бүгінде өмірінің кезекті маңызды кезеңінде дәл осы сезіммен қайта бетпе-бет келіп отыр. Университетті аяқтаған соң магистратураға түсу, жұмысқа орналасу немесе өз кәсібін бастау секілді таңдаулар алдында тұр. Оның пікірінше, әлеуметтік желілер де адамның өз жетістіктерін бағалауына әсер етеді. Өзгелердің табысын күн сайын көрген адам кейде өзінің қаншалықты үлкен жол жүріп өткенін аңғармай қалады.
Әсіресе академиялық, кәсіби немесе жеке даму тұрғысынан үлкен мақсаттары мен амбициялары бар адамдар кейде өздерінің қаншалықты жол жүргенін байқамай, қол жеткізген нәтижелерін бағаламай жатады. Сондықтан менің ойымша, өзімізді өзгелермен салыстырудың орнына, өзіміздің бұрынғы қалпымызбен салыстырып, қаншалықты өскенімізді бағалай білу маңызды, – дейді ол.
Қазақтың ұлттық тағамы туралы эссе жазып, NYU-ға түскен
Зере шетелдік университетке түсуге дайындықты 11 сыныптың соңы мен 12 сыныптың басында бастаған. Оның айтуынша, сол кездегі басты кедергілердің бірі білімінің жеткіліксіздігі емес, ақпараттың аздығы болған. Ол бастапқыда әлемнің беделді университеттері туралы түсінігі Гарвард, Оксфорд және Кембридж секілді санаулы оқу орындарымен шектелгенін айтады. Тіпті Нью-Йорк университетінің Шанхайда кампусы бар екенін де білмеген.
Өміріндегі маңызды бетбұрыстардың бірі SmartestPrep білім беру орталығының негізін қалаушы Лаура Вайгоровамен танысуынан басталған. Алғашында орталыққа SAT емтиханына дайындалу үшін жүгінген Зере кейін шетелдік университеттерге құжат тапсыру бойынша кеңес алған.
Лаура ханыммен кеңескеннен кейін мен үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ол маған шетелде білім алуға болатын түрлі университеттерді таныстырды. Кейбіреулері туралы бұрын естіген болсам, кейбіреулері мен үшін мүлдем жаңа болды. Мысалы, NYU Shanghai кампусының бар екенін алғаш рет сол кездесуде білдім, – дейді Зере.
Мектепте International Baccalaureate Diploma Programme (IBDP) халықаралық бағдарламасы бойынша білім алған ол зерттеу жүргізуді, эссе жазуды, өз пікірін дәлелдеуді және сыни тұрғыдан ойлауды меңгерген. Қазақстанның мемлекеттік оқу бағдарламасын «Алтын белгімен» аяқтап, екі айға жуық дайындықтан кейін IELTS емтиханынан 7,5 балл жинаған. Ал SAT емтиханының нәтижесі көңілінен шықпағандықтан, сол кездегі университеттер ұсынған Test-Optional мүмкіндігін пайдаланып, оны өтінішіне қоспаған.
Дегенмен Зеренің қабылдау комиссиясына ұсынған құжаттарының ішіндегі ең қызықтысы – мотивациялық эссесі. Ол өзінің академиялық жетістіктерін тізбелеумен шектелмей, қазақтың ұлттық тағамы – ет арқылы отбасылық тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарын танытуды жөн көрген.
Ал мотивациялық эссемде мен ет асу туралы жаздым. Меніңше, бұл эссе қабылдау комиссиясының назарын аударуы мүмкін болған тұстардың бірі еді. Себебі ол менің мәдениетіммен, отбасыммен және бала кезімнен қалыптасқан құндылықтарыммен тығыз байланысты болды. Мен үшін отбасылық құндылықтар мен ұлттық мәдениет әрдайым маңызды орын алады, – дейді ол.
Зере эссесінде отбасының тәрбиесі оның өмірлік ұстанымдарына, жетістіктеріне және қоғамдағы орнын түсінуіне қалай ықпал еткенін ашып көрсетуге тырысқан.
Менің ойымша, бұл эссе мені тек академиялық жетістіктері бар талапкер ретінде емес, өз мәдениетін бағалайтын, отбасынан алған тәрбиесі мен құндылықтарын түсінетін және оларды жаһандық ортада қолдана алатын тұлға ретінде танытуға мүмкіндік берді.
Дайындық барысында менторымен бірге эсселерін, мотивациялық хаттары мен түйіндемесін жетілдірген Зере өз жетістіктерін әсірелемей-ақ, қабылдау комиссиясына ұтымды ұсынуды үйренген. Нәтижесінде өзі бір кездері түсуге батылы жетпеген университеттің студенті атанып, оқу ақысының шамамен 80 пайызын өтейтін грант иеленген.
Бір жылға 90 мың доллар: шетелде грантпен оқу қаншалықты қолжетімді?
Шетелдік университеттен грант иеленген жастар туралы жаңалықтарды жиі оқимыз. Алайда грант алу барлық шығынның өтелетінін білдіре бермейді. Оқу ақысынан бөлек, баспана, тамақ, жол және күнделікті тұрмысқа қажетті қаражат бар. Зеренің айтуынша, оның университетіндегі жеңілдіксіз бір жылдық оқу құны шамамен 90 мың АҚШ долларын құрайды. Грант оқу ақысының басым бөлігін өтесе, қалған шығындарын ата-анасы көтеруге көмектеседі.
Кейіпкеріміз отбасының оның біліміне нақты қанша қаражат жұмсайтынын жария етпеуді жөн көрді.
Айта алатыным – мен отбасыма шексіз ризамын. Олар мен үшін және сіңлім үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Баланы шетелде оқытып қана қоймай, оның күнделікті өміріне толықтай жағдай жасау үлкен жауапкершілік пен қаржылық мүмкіндікті талап етеді. Сондықтан отбасымның қолдауы мен үшін өте маңызды, – дейді Зере.
Ал қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасынан шыққан қазақстандық оқушының осындай университетте білім алуына мүмкіндік бар ма? Зере бұл ретте әр университеттің қаржылай қолдау көрсету шарттарын мұқият зерттеуге кеңес береді. Мысалы, кейбір университеттер merit-based scholarship, яғни академиялық жетістіктері мен талапкердің жеке қабілеттеріне негізделген гранттар ұсынады. Ал кейбіреулері need-based financial aid жүйесін қолданады. Бұл жағдайда студенттің емес, оның отбасының қаржылық мүмкіндіктері ескеріледі. Сонымен қатар екі көрсеткішті де назарға алатын университеттер бар.
Оның айтуынша, талапкердің академиялық көрсеткіштерімен қатар, қаржылай көмек алуға арналған өтінішті сауатты толтыруы, отбасының қаржылық жағдайын нақты көрсетуі де маңызды.
Отбасылық қаржылық жағдайы шектеулі болғаны адамның шетелде беделді университетте білім алу мүмкіндігі жоқ дегенді білдірмейді. Ең бастысы – әр университеттің талаптары мен қаржылық көмек көрсету шарттарын алдын ала зерттеп, өз мүмкіндіктеріңді дұрыс бағалау, – дейді кейіпкеріміз.
Бір университет, үш мемлекет: Нью-Йорк, Шанхай және Әбу-Дабидегі студенттік өмір
Нью-Йорк университетінде білім алудың Зере үшін басты артықшылықтарының бірі – бір оқу орнының аясында бірнеше мемлекетте білім алу мүмкіндігі. Шанхай кампусында сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Сонымен қатар шетелдік студенттер алғашқы екі жылда қытай тілін меңгереді. Ал үшінші курста Зере бір семестрін Нью-Йоркте, келесі семестрін Әбу-Дабиде өткізген. Үш түрлі мәдениеттің ортасында өмір сүрген қазақстандық студент әр қаладан өзіне қажетті тәжірибе жинаған.
Нью-Йорк: еркіндік және кәсіби тәжірибе
Зере үшін Нью-Йорктің басты ерекшелігі – мәдени әралуандық пен адамдар арасындағы ашық қарым-қатынас. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдардың ортасында өзге ұлттың өкілі ретінде ерекшеленіп тұрмағанын сезіну оған ерекше ұнаған. Ал академиялық тұрғыдан Нью-Йорк университетінің Stern бизнес мектебінде алған білімі оның кәсіби қалыптасуына үлкен ықпал еткен.
Сабақ барысында біз нақты жұмыс істеп тұрған компанияларға да, өзіміз ойлап тапқан жобаларға да арналған түрлі бизнес және маркетинг стратегияларын әзірледік. Сонымен қатар ірі компаниялардың өкілдері сабақтарға арнайы спикер ретінде келіп, өз тәжірибелерімен бөлісетін. Профессорлар бізге тек теориялық білім беріп қана қоймай, өз пікірімізді қалыптастырып, белгілі бір брендтің маркетинг немесе брендинг стратегиясын өз бетімізше әзірлеуге, нарықты талдауға және түрлі шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Шанхай: еңбекқорлық және тәртіп
Зере ең ұзақ уақыт білім алған қала – Шанхай. Мұнда ол жергілікті мәдениетке, тілге бейімделіп қана қоймай, қытайлық студенттердің білім алуға деген көзқарасын да жақыннан таныған.
Менің байқауымша, бұған студенттердің оқу процесіне деген көзқарасындағы мәдени ерекшеліктер де әсер етеді. Мысалы, қытайлық студенттердің арасында ұзақ уақыт бойы кітапханада отырып, материалды мұқият меңгеру, сабаққа жүйелі дайындалу және профессорлардың талаптарын тез түсініп, соған бейімделу қабілеті өте жақсы дамыған. Мұны бәсекелестік деп атағым келмейді. Әңгіме біреудің екіншісінен артық немесе кем болуында емес, – дейді Зере.
Шанхайда ол маркетингтік байқауларға қатысып, бизнес-кейстер бойынша стратегиялар әзірлеп, университеттің бизнес қауымдастығы ұйымдастыратын іс-шараларға қатысып жүр.
Әбу-Даби: жайлы өмір ырғағы және жаңа мүмкіндіктер
Ал Әбу-Дабидегі студенттік өмір Зереге біршама жайлы әрі баяу өмір ырғағымен есте қалған. Дегенмен тұрмысқа қолайлы орта академиялық талаптардың жеңіл екенін білдірмейді.
Әбу-Даби кампусында да сабақтар оңай болған жоқ. Әсіресе экономика мен қаржы бағыттарында өте мықты профессорлар сабақ береді, – дейді ол.
Әбу-Дабидегі оқуынан кейін Зере маркетинг саласында жазғы тағылымдамадан өтіп, университет тарапынан қаржылай қолдау алған. Оның пікірінше, үш кампустың мәдени ортасы мен студенттік өмірінде айырмашылық болғанымен, университеттің негізгі академиялық стандарттары ортақ.
Қазақстанның білім беру жүйесіне қандай өзгеріс енгізер еді?
Үш елде білім алған Зереден Қазақстанның білім беру жүйесіне осы тәжірибеден нені енгізер едіңіз деп сұрадық. Ол ең алдымен теориялық білім мен практикалық тапсырмалардың үйлесіміне назар аударды. Студенттің дәріс тыңдап, ақпаратты есте сақтауы ғана емес, оны нақты жағдайда қолдана білуі де маңызды екенін айтады.
Мысалы, маркетинг пәнінде студенттерге белгілі бір жобаның маркетинг директоры немесе бренд менеджері рөлін беріп, сол компанияның стратегиясын әзірлеуді тапсыруға болады. Мұндай тапсырмалар студенттерге болашақ мамандығын тәжірибе жүзінде сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар brainstorming, ашық пікірталас, шығармашылық ойлау және жаңа идеяларды дамытуға бағытталған тапсырмаларға көбірек көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын, - дейді ол.
Зере үшін тиімді білім беру жүйесі – студенттің дайын ақпаратты қабылдауымен шектелмей, өз бетінше шешім қабылдауына, пікірін қорғауына және жаңа идея ұсынуына мүмкіндік беретін орта.
Ең тиімді оқу процесі – теория мен практиканың бір-бірін толықтыруы. Студенттер лекция барысында жаңа білім алып қана қоймай, сол білімді бірден практикалық тапсырмалар арқылы қолдана алса, оқу процесі әлдеқайда қызықты әрі нәтижелі болады деп есептеймін, – дейді білімпаз кейіпкеріміз.
«Кейде үйге барып, асүйде анаммен шай ішіп, әңгімелескім келеді»
Әлеуметтік желіде шетелде білім алып жүрген жастардың саяхаттарын, жетістіктерін, әлемнің әдемі қалаларындағы өмірін жиі көреміз. Алайда сол өмірдің кадр сыртында қалған тұстары да бар. Зере үшін шетелде білім алудың ең үлкен қиындықтарының бірі – туған үйден, жақындарынан жырақта өмір сүру.
Төрт жыл ішінде оқуын тастап, Қазақстанға біржола қайтуды ойлаған сәті болмағанымен, отбасының жанында болғысы келген кездері аз емес.
Жылдар өткен сайын туған үйді сағыну сезімі азаяды деп айта алмаймын. Тек уақыт өте келе сол сезіммен өмір сүруді үйренесің, – деп кейіпкеріміз ойға шомды.
Оқу жүктемесі, бірнеше тапсырманы қатар орындау, достарымен арадағы түсініспеушілік немесе жеке өмірдегі қиындықтар – мұның бәрі туған үйден алыста жүргенде әлдеқайда ауыр сезіледі.
Жеке өзім үшін отбасым – ең үлкен тірегім. Анам, сіңлім және жалпы жақындарым мен үшін ең қымбат адамдар. Өмірімде қандай да бір қиындық немесе жағымсыз жағдай болса, ең алдымен соларға жүгінемін. Кейде мектептен кейінгідей үйге барып, асүйде бір кесе шайдың үстінде отырып, бәрін айтып, әңгімелескім келеді.
Нью-Йоркте оқып жүргенде уақыт айырмашылығына байланысты жақындарымен қалаған уақытында хабарласа алмаған. Осындай сәттерде отбасыңның жанында болмауы ерекше сезілетінін айтады. Әлемнің ең ірі қалаларының бірінде жүріп, туған үйіңнің асүйінде отырып шай ішуді аңсау – шетелде білім алудың әлеуметтік желіге жиі жариялана бермейтін бір қыры.
Шетелде білім алған жастар елге оралуға міндетті ме?
Қазір Зере магистратурада білімін жалғастыруға дайындалып жүр. Қытай мен Еуропадағы университеттерді қарастырып, Fudan University, Shanghai Jiao Tong University секілді оқу орындарына қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар Erasmus бағдарламасының мүмкіндіктерін зерттеуде. Болашақта халықаралық компанияларда тәжірибе жинап, маркетинг саласында кәсіби тұрғыдан дамуды, кейін өз кәсібін ашуды жоспарлайды.
Ал шетелде білім алған жастардың Қазақстанға оралу мәселесіне қатысты Зеренің өзіндік көзқарасы бар. Оның пікірінше, бұл тақырыпқа қоғам кейде тым біржақты қарайды.
Мен ешқашан Қазақстанда өз әлеуетіңді жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ, сондықтан шетелге кеткен соң міндетті түрде елге қайтпау керек деп ойлаған емеспін. Дегенмен, шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болған адам үшін сол елде немесе басқа халықаралық ортада бірнеше жыл жұмыс істеп көру, кәсіби тәжірибе жинау және өз мүмкіндіктерін сынау – өте орынды шешім деп есептеймін, - дейді Зере.
Зере әзірге болашағын қай мемлекетпен байланыстыратынын нақты шешпеген. Алайда оның шетелде қалуы немесе елге оралуы Қазақстанға пайдасын тигізуге деген ниетін өзгертпейтінін айтады.
Қазіргі уақытта болашағымды нақты Қазақстанмен байланыстырамын немесе міндетті түрде шетелде қаламын деп айта алмаймын. Бірақ бұл менің өз еліме пайда әкелгім келетінін өзгертпейді. Керісінше, оқу барысында бірнеше елде тұрып, түрлі мәдениет пен қоғамды жақынырақ таныған сайын, алған тәжірибемді Қазақстанмен бөліскім келетініне көзім жете түсті.
Оның ойынша, халықаралық тәжірибенің құндылығы тек кәсіби біліммен өлшенбейді. Өзге қоғамдарды тану адамның дүниетанымын кеңейтіп, адамдардың таңдауына құрметпен қарауды үйретеді.
Мен өз елімді жақсы көремін және Қазақстан жастарының да халықаралық тәжірибені меңгеріп, жаңа мүмкіндіктерге ашық болғанын қалаймын. Сонымен қатар қоғамымыздың ашық, прогрессивті және өзгелердің таңдауына құрметпен қарайтын ортаға айналғанын көргім келеді, – дейді Зере.
«Бұрын университетті аяқтаған соң тұрмысқа шығып, ана атанамын деп ойлайтынмын»
Шетелде өткізген төрт жыл Зеренің кәсіби мақсатын ғана емес, өмір туралы түсінігін де өзгерткен. Бұрын ол өз болашағын белгілі бір тәртіппен елестеткен: университетте білім алу, тұрмысқа шығу, отбасын құру, ана атану. Алайда өмірдің алдын ала құрылған жоспармен ғана жүрмейтінін уақыт өте түсінген.
Өзімнен үлкен буын өкілдеріне, ата-анама қарасам, олардың көпшілігі менің қазіргі жасымда отбасын құрып, тұрмысқа шығып, балалы болып үлгерген. Мен де бұрын өз өмірімді белгілі бір сценарий бойынша елестететінмін: университетте оқып жүргенде немесе оны аяқтаған соң тұрмысқа шығып, отбасын құрып, ана атанамын деп ойлайтынмын. Қазір осы жоспарларыма қарасам, өзіме аздап күлетін кездерім де болады. Бірақ бұл өмірдің қаншалықты күтпеген өзгерістерге толы екенін көрсетеді.
Бүгінде ол болашағын алдын ала белгіленген бір ғана сценариймен шектемей, алдынан ашылған мүмкіндіктерді пайдалануға тырысады.
Меніңше, бізге берілген өмірді мүмкіндігінше толыққанды сүріп, өз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануымыз керек. Себебі көп жылдан кейін өткен өмірімізге көз жүгірткенде, қолымыздан келгеннің бәрін жасағанымызды, мүмкіндіктерімізді жіберіп алмағанымызды және өкінетін нәрселеріміздің аз болғанын түсіну өте маңызды, – дейді кейіпкеріміз.
«Армандарыңыздың үлкен болуынан қорықпаңыздар»
Сұхбат соңында Зереден осыдан бірнеше жыл бұрынғы, өз мүмкіндігіне күмәнданып, беделді университетке түсуге батылы жетпей жүрген мектеп оқушысымен кездессе, оған не айтарын сұрадық.
Уайымдама, бәрі жақсы болады. Өзіңе және өз күшіңе сен. Өзіңді өзгелермен салыстырып, жетістіктеріңнің құнын төмендетпе, – дер едім.
Зере өміріндегі көптеген маңызды мүмкіндіктер дәл өзін дайын емес сезінген сәттерде пайда болғанын айтады. Кейде тәжірибем жеткіліксіз деп ойлағаннан кейін көп ұзамай ірі компаниялардан хабарлама алып, өзі үшін маңызды адамдармен байланыс орнатқан. Сол сәттер оған адамның өз мүмкіндігі туралы түсінігі мен шынайы әлеуетінің арасында айырмашылық болуы мүмкін екенін ұқтырған.
Сондықтан жастарға айтарым: өздеріңізді ешқашан төмен бағаламаңыздар. Кейде біз өзімізге өзгелерден әлдеқайда қатал қараймыз және қол жеткізе алатын нәрселеріміздің шекарасын өзіміз белгілеп қоямыз. Сонымен қатар өмірде отбасыңыздан, достарыңыздан және жақын адамдарыңыздан қолдау іздеуден қорықпаңыздар. Адамның жанында оған сенетін, қолдайтын адамдардың болуы өте маңызды.
Ең бастысы, ешқашан өзіңізді қандай да бір мүмкіндікке немесе жетістікке лайық емеспін деп ойламаңыздар. Өзіңізге сеніңіздер және армандарыңыздың үлкен болуынан қорықпаңыздар, – деп түйіндеді Зере.
Бір кездері өз жетістіктерін өзгелердің жетістіктерімен салыстырып, беделді университетке түсуге күмәнданған қазақ қызы бүгінде әлемнің үш ірі қаласында білім алып, халықаралық мансапқа қадам басып келеді. Зеренің жүріп өткен жолы – үлкен арманның, табанды еңбектің және жаңа мүмкіндіктерге ашық болудың адамды қаншалықты алысқа жетелей алатынының жарқын мысалы.