Қазақтың талай әні белгілі бір оқиғадан, шынайы сезімнен немесе өмірде болған ерекше сәттен туған. Солардың бірі – композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылық одағынан дүниеге келген «Ақ бантик» әні.
«Ақ бантик» әнінің әуенін қазақ вальсінің королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқов жазса, сөзін Мұхтар Шаханов шығарған. Бұл туындының тарихы 1966 жылдан басталады.
Сол жылы Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың жақын досы Қаражан Әбіләзімов үйленеді. Оның таңдауы мектепті енді ғана бітірген Фатима Төрехановаға түседі. Фатима мектепті бітіргеніне небәрі 12 күн өткенде тұрмысқа шыққан. Шашына ақ бантик таққан жас бойжеткеннің бейнесі кейін қазақ музыкасының тарихында қалатын әнге арқау болды.
Досының үйлену тойына дайындалып жүрген Шәмші мен Мұхтар жас жұбайларға ерекше сыйлық жасауды ойлайды. Екеуі әдеттегі тартудың орнына оларға арнап ән шығаруды ұйғарады. Осылайша, жас келіншектің бейнесінен шабыт алған композитор мен ақын жаңа туындыны дүниеге әкеледі:
«Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап ойланам»
Мектеп қабырғасынан енді ғана түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басқан бойжеткеннің жастық шағы аңғалдығы әннің негізгі мазмұнына айналады. Ал шашындағы ақ бантик оның жас қыз екенін айқындайтын ерекше белгі ретінде көрініс табады.
Айтуларынша, әннің алғашқы мәтіні қазіргі нұсқасынан өзгеше болған. Кейін оған толықтырулар енгізіліп, елге кеңінен танылған нұсқасы қалыптасқан. Алайда бастапқы мәтіннің қандай болғаны және оған нақты қандай өзгерістер енгізілгені жөнінде толық мәлімет жоқ.
Фатима апайдың айтуынша, ән авторлары онымен тойға дейін жақын таныс болмаған. Оны небәрі бір рет көрген екен. Кейін Шәмші мен Мұхтар әнді оның суретіне қарап отырып жазғандарын айтқан.
Шәкең де, Мұхаң да Қарекеңнің жас күніндегі жолдасы болды. Біз үйленбей тұрып та Мұхаң екеуі бір қолдың сағасындай ауызбірлікте комсомол комитетінде қатар еңбек еткен. Мені ол кісілер тойда бір-ақ рет көрді. Ал әнді суретіме қарап отырып жазыпты. Тойдың алдында Қарекеңнің бір топ жора-жолдасы сол «ПАЗИК»-ке мініп, улап-шулап осы әнді шырқап келгені күні кешегідей есімде, – дейді өз естелігінде Фатима Төреханова.
Алғаш рет үйлену тойында шырқалды
«Ақ бантик» әні алғаш рет Қаражан Әбіләзімов пен Фатима Төреханованың үйлену тойында орындалған. Ал той Түркістанда өткен.
Туындыны алғаш орындауға қатысты да қызықты дерек бар. Естелік бойынша, әнді Пәтиманың қайынсіңлісі Балтагүл баянның сүйемелдеуімен орындаған. Жас жұбайларға арнап шығарылған ән тойға жиналған қонақтар үшін тосынсый болып, көпшіліктің көңілінен бірден шығады. Қонақтар әуенге қосылып, әнді бірге шырқай бастаған.
Балтагүл деген қайынсіңлім «баянның сүйемелдеуінде алғаш рет мен шырқағанмын» деп айтады. Ол кезде тым жаспын, әнге аса мән бермеппін. Бұл ән солай ел арасына тарап кетті, – дейді өз естелігінде Фатима Төреханова.
Сол кезеңдегі естеліктерге қарағанда, тойға қатысқандар әнді тез жаттап алып, кейін өз орталарында айтып жүрген. Осылайша, бір отбасының қуанышына арналған шығарма біртіндеп ел арасына тараған.
Әннің халыққа қалай жеткені де қызық. Қазір жаңа туындыны көпшілікке таныту үшін радио, теледидар мен әлеуметтік желілердің мүмкіндігі кең. Ал өткен ғасырда әннің ел арасына тарауына тойлар, отырыстар мен адамдардың өзара ән айтуы үлкен ықпал етті. Бір жерде шырқалған әуен екінші ортаға жетіп, көпшілікке таныла беретін.
«Ақ бантик» те осындай жолмен халықтың сүйікті әніне айналды. Оның танымалдығы бір ғана оқиғамен шектелмей, уақыт өте келе әр буынның жастық шағымен байланыса бастады.
«Ақ бантик» әнінің шынайы кейіпкері кім?
Жылдар өткен сайын әннің шығу тарихына қатысты түрлі әңгімелер тараған. Кейбір адамдар Шәмші Қалдаяқовтың бұл әнді өздеріне арнағанын айтып, әртүрлі нұсқаларды алға тартқан.
Өзім мақтанғанды жаным сүймейді. Бір мен емес, барлық ақ бантикті қыздарға арналған ғой. Ел іші болған соң түрлі әңгіме естиміз. Ән жарыққа шыққан бойда өзін кейіпкер етіп, әннің дүниеге келуіне себепкер ретінде көрсеткен базбіреулер оның шығу тарихын бұрмалаған да кездер болды, –дейді Фатима Төреханова.
«Шәмші біздің үйге жиі келетін. Ол кезде мен шашыма ақ бантик таққан кішкентай қыз едім», «Шәмші ақ бантик туралы әнін маған арнаған» деген секілді әңгімелер де айтылған.
Алайда әннің тууына себеп болған оқиға Фатима Төреханованың өмірімен байланысты. Ол мұндай әңгімелерге аса мән бермейтінін жеткізген. Фатима апай үшін ең бастысы – әннің кімге арналғаны жөніндегі пікірталас емес, оның халық жүрегінен орын алуы.
Шынында да, уақыт өте келе кейбір шығармалардың авторы мен алғашқы кейіпкері туралы деректер көмескіленіп, түрлі әңгіме пайда болуы мүмкін. Ал әннің өзі халық жадында сақталып, әр адамның жеке естелігімен астасып жатады.
«Ақ бантик» әнінің ерекшелігі де осында. Оның нақты оқиғадан туғаны белгілі болғанымен, тыңдарман оны тек бір қыздың өмір тарихы ретінде қабылдамайды. Біреу үшін бұл – мектеп бітіру кешінің естелігі, енді бірі үшін – алғашқы махаббаттың белгісі. Ал енді біреулер әнді ата-анасының немесе жастық шағын осы әуенмен байланыстырған жақындарының естелігі арқылы таниды.
Ән кейіпкерінің кейінгі өмірі қалай өрбіді?
«Ақ бантик» әнінің тарихы оның алғашқы орындалуымен ғана аяқталмайды. Туындыға арқау болған Фатима Әшірқызының өз өмір жолы да бар.
Өзі туралы әңгімелегенде Фатима апай қарапайым өмір сүргенін айтады. Ол жастай тұрмысқа шығып, кейін білім алып, отбасына көңіл бөлген. Жолдасымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген. Деректерде оның үш ұл, екі қыз өсіргені және он екі немересі болғаны жазылған.
Алайда отбасының өмірі қайғы-қасіретсіз өткен жоқ. 1997 жылы Фатима апайдың жолдасы өмірден өткен. Қаражан Әбләзімов те елге еңбегі сіңген азамат болған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң еңбек жолын Түркістан ауданында инженер болып бастаған. Кейін комсомол ұйымдарында, атқарушы органдарда және коммуналдық шаруашылық саласында түрлі жауапты қызмет атқарған.
Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде кеңесші болып, дипломатиялық қызметте де еңбек еткен.
Шәмші Қалдаяқовтың әуені мен Мұхтар Шахановтың сөзі үйлескен «Ақ бантик» арада қанша жыл өтсе де, тыңдарманын жоғалтқан жоқ. Әнді аға буын да, кейінгі ұрпақ та біледі. Әр кезеңнің тыңдарманы одан өзіне жақын сезім табады. Айта кету керек, қазақтың қос таланты бірігіп халыққа 16 ән жазған екен. Ал «Ақ бантик» солардың ішіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі.