Жаңалықтар

Shakarim University: ашық есік күніне 600-ге жуық мектеп түлегі қатысты

Shakarim University: ашық есік күніне 600-ге жуық мектеп түлегі қатысты
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 19.11.2023 19:35 456

Өңірдегі кадрлар тапшылығын жою, білікті мамандар даярлау және мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында Шәкәрім университетінде «Open day of Shakarim University» іс-шаралар кешені бастау алды. Білім ордасының оқытушылары Абай облысы мектептерінің 600-ге жуық оқушысына сұранысқа ие мамандықтар туралы әңгімеледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мектеп бітіруші түлектермен кездесу барысында университет ректоры Думан Орынбеков шараның негізгі мақсаты мен мамандық таңдаудың маңыздылығын жете түсіндірді.

Көп жағдайда, біз арманымызды алыстан іздейміз, шетелге, үлкен қалаларға кетуді армандаймыз. Ол да дұрыс шығар, дегенмен, өз өңірінде білім алып, туған өлкеңе қызмет ету үлкен бақыт және парыз! Мен сіздердің асқақ армандарыңызға Шәкәрім университетімен бірге жетуге шақырамын, - деді университет басшысы.

Ашық есік күніне Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев, ҰТО директоры орынбасары Ғазиз Досмухамбетов, Абай облысының мектеп түлектері, ұстаздар мен мектепте кәсіптік бағдар беретін профорентатор мамандары қатысты. Руслан Емелбаев тестілеудегі өзгерістер мен жаңалықтар, талаптар, шекті балл деңгейі тақырыптарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бұдан бөлек, білім ордасы 70-тен астам кәсіптік бағдар беруші мамандарға мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында семинар-тренингтер өткізді.

«Open day of Shakarim University» шаралар легі – «Шәкәрім керуені» кешенді жобасының жалғасы. Былтырдан бері университет Абай облысының барлық аудандарын аралап, 3000-ға жуық бітіруші түлектермен кездесті. Мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасынан шыққан 42 мектеп түлегіне «Шәкәрім гранты» табысталған болатын.

Іс-шараның ашылуында университеттің өнерпаз студенттерінің концерттік бағдарламасы, белсенді жастардың креативті алаңдары мен факультеттердің жетістіктері ұсынылды. Сондай-ақ, «Сіздің университеттегі бір күніңіз» акциясының жеңімпаздары марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға