Жаңалықтар

Шағын футболдан Қорғаныс министрінің кубогіне арналған турнир өз мәресіне жетті

Шағын футболдан Қорғаныс министрінің кубогіне арналған турнир өз мәресіне жетті
Фото: Қорғаныс министрлігі 23.06.2024 06:38 429

Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасында шағын футбол біріншілігі аяқалды. Екі аптаға созылған футбол алаңындағы ойындарға 32 команда құрамында 400 әскери қызметші қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Турнирдің марапаттау рәсімінде сөз алған Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов жарыс жыл сайын ең белсенді әскери қызметшілер мен футбол әуесқойларның басын қосатын жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

Мұндай жарыстар жауынгерлік үйлесімділікті қалыптастыруға, әскери қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтыру мен спортты насихаттауға бағытталған,-деді ол.

Министрліктің мәліметінше, брінші топта Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының футболшылары чемпион атанды. Екінші орынды Бас штабтың Жедел жоспарлау және ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің командалары, үшінші орынды Әкімшілік департаменті алды. Екінші топта Әскери полиция бас басқармасы жеңіске жетсе, 2-ші орын – Ұлттық әскери-патриоттық орталығына, үшінші нәтиже – Тыл бастығының басқармасына бұйырды. 

Турнирдің үздік ойыншылары болып Ұлттық әскери-патриоттық орталығы командасының футболшысы аға лейтенант Саттар Бексаттар мен Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығынан майор Думан Шаймерденов танылды.

Әскери полиция бас басқармасы командасының намысын қорғаған подполковник Айдос Сақарбеков және Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің өкілі майор Досжан Қарабалаев үздік қорғаушылар атанды.

"Үздік сұрмерген" атағын Әскери полиция бас басқармасының сержанты Диас Нұрболатұлы және Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің офицері майор Қуат Айжарықов еншіледі.

Біріншіліктің үздік қақпашылары болып Әскери полиция бас басқармасының жауынгері ефрейтор Анарбек Мұхамеджан және Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының өкілі аға лейтенант Ерхат Сәкенов танылды.

Финалға шыққандардың ойындары аяқталысымен марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен грамоталар табыс етілді.

(Фото:Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға