Жаңалықтар

Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі.

Тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» («Shakarim. The life of Kazakh poet») деген атпен ағылшын тілінде жарық көрді.
28.04.2015 05:42 7368

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» («Shakarim. The life of Kazakh poet») деген атпен ағылшын тілінде жарық көрді. Сөйтіп, бұған дейін қазақ, орыс («Молодая гвардия» баспасы «ЖЗЛ» сериясы), түрік тілдерінде («Bengu» баспасы) шыққан әлемдік руханият тарихында орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбек ағылшын оқырмандарына жол тартты.

Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі.

Кітаптың  тұсаукесері 23 сәуір күні Лондон қаласында Абай күндері қарсаңында ұйымдастырылған  «Қазақтың Лондондағы өнер фестивалі» шеңберінде өтті. Салтанатты шараны "Werner Capital" компаниясының басшысы Томас Вернер ашты.

Кітапты ағылшын тілінде өнертанушы ғалым А. Тайзенхаузен таныстырды: «Бұл кітапта қазақ ақыны, философ әрі педагог Шәкәрімнің бүкіл өмірі ғана емес, сонымен қатар ұлт тарихы жатыр» деп ерекше атап өтті.

Тұсаукесер рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми хатшысы Жанна Нұрманова, орыс филологиясы кафедрасының доценті Гүлбану Шәріпова және кітапты ағылшын тіліне аударған Лондондағы Шыңғыс Айтматов атындағы академияның  тәржімашысы Джон Амор қатысты.

Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраһим Йылдырым бір сұхбатында: «Шәкәрімді ақын деу аз, ол – Түркі дүниесі мәдениетінің алтын көпірі. Юнус Эмре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясында ортақ сарындар өте көп. Мен Шәкәрімді қазақша оқыдым. Ойы терең, халық тағдырына ерекше қам жеген бұл ақынды Түркия білсе ғой деп жүретінмін», - деген-ді. Ал, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Жақып Өмерұлының: «Бұл кітапта Шәкәрімнің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне және санасына  қосқан үлесін Ерлан Сыдықов мырза жаңадан қарастырған. Оқырмандарға осы  кітапты оқуға кеңес беремін», - деуі де көп жайды аңғартса керек.

ХХІ ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені баршамызға белгілі. Қай қоғамның тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, рухани тынысымыздың бірі –  кітапхана. Ал кітапхана қашанда кітап қорының молдығымен маңызды. Осыны ескерген Ерлан Сыдықов ел есінде жүретін игілікті іс жасап: «Мен он ойлана, жүз толғана келіп,1890 жылы негізі қаланған Ресейдің атақты «Молодая гвардия» баспасынан («ЖЗЛ» сериясымен) шыққан «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегімді республика кітапханаларына тарту еткенді жөн көрдім. Осыған дейін бұл сериямен С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов т.б. қазақ тұлғалары туралы ғана кітаптар шыққанын ескерсек,  Мәскеуден 5000 дана таралыммен жарық көрген бұл еңбек Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті үшін үлкен олжа. Ал көп ұлт мекендеген Ресей оқырмандарына аса көрнекті ақын, ойшыл, дінтанушы, шежіретанушы Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы кең мағлұматтың жетуі – Қазақстан тәуелсіздігінің биік талаптарына жауап беретін оқиға» деп еді.

Айтса айтқандай ақын, дінтанушы, шежіреші, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы бұл ғұмырбаяндық кітаптың енді ағылшын оқырмандарынына жетуі мен танылуы – Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті үшін шын мәніндегі үлкен олжа әрі Тәуелсіздік пен Елбасымыз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың үлкен жемісі. Ұлтымыздың қайраткерлері мен санаткерлерін уақытты жоғалтпай осылайша әлемге кең таныта білсек, елдігімізге – мерей, мемлекетімізге – мақтаныш.

Қазақтың біртуар ақыны жайлы кеңінен жазылып, ағылышындар елінде тұсауы сәтті кесілген Ерлан Сыдықовтың бұл кітабы өз оқырмандарын табатынына шүбә жоқ. Жазар көбейсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға