Жаңалықтар

«Сезімнен бұрын екі бауырым маңызды болды». Әмеңгерлікпен келініне үйленген ер адам сынға жауап берді

«Сезімнен бұрын екі бауырым маңызды болды». Әмеңгерлікпен келініне үйленген ер адам сынға жауап берді
Фото: Әлеуметтік желі 28.11.2023 10:26 56960

Түркістан облысының Бәдібек ауданының тұрғындары Жеңіс Сейдеханов пен оның келіні Сандуғаш Садық қазақтың көне дәстүрі әмеңгерлік жолмен отау құрған. Мұндай қадамға неліктен барғанын Жеңіс Сейдехановтың өзі «Қыздар-Ай» бағдарламасында түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ер адамның сөзіне қарағанда, ол інісінің балаларын жат жұрттық еткісі келмеген. Сол үшін де өзі ұнатқан қызбен қош айтысып, келініне үйлену туралы шешім қабылдаған.

Інім Астанадан көлік алып келіп, ауылда бір аптадай айдады, өкінішке қарай, көлік апатынан қайтыс болды. Келініміз інімнің қырқы өткенге дейін үйде болды да, сонан соң төркініне кетті. Арада екі бала бар. Інімнің жүз күндік асын бергенде анам немерелерін қатты сағынды. Барып келеміз бе, алып келеміз бе деп қайта-қайта айтатын. Сонан соң анама қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен үйлену туралы ұсынысты өзім айттым, - дейді Жеңіс Сейдеханов.

Оның сөзінше, сезімнен бұрын екі бауыры маңызды болған. Әйтпесе ол кезде өзі жүретін қызы да бар екен. «Мән-жайды толық түсіндіріп, оған бақыт тіледім» деп отыр.

Маған сезімнен бұрын екі бауыр қажет болды. Екеуін жәутеңдетіп, жат жұрттық еткім келмеді. Жүріп жүрген қызыма мән-жайды айтып түсіндірдім, негізі екеуміз үйленеміз деп те келіскенбіз, бірақ жағдай осындай болды. Ол кейіннен ғана түсінді, - дейді кейіпкер.

Ер адамның бұл әрекетіне көпшіліктің пікірі әртүрлі. Біреулер оны қолдап, інілерін бауырына басқанын құп көрсе, екінші тарап мұндай дәстүрді тозған деп бағалап, келінін әйел етіп алу арсыздық деп жазып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға