Жаңалықтар

Серік Жұманғарин қытайлық корпорация басшыларымен кездесу өткізді

Серік Жұманғарин қытайлық корпорация басшыларымен кездесу өткізді
Фото: primeminister.kz 18.08.2023 22:05 788

Бірінші кездесу Jingdong Group (JD Group) корпорациясының вице-президенті Ларри Лимен өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

E-commerce, құрылыс, азық-түлік, медициналық нысандар және фармацевтика – Бейжіңде 2023 жылғы 16 тамызда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин осы бағыттар бойынша бизнес алыптарымен кездесулер өткізді. 

Бірінші кездесу Jingdong Group (JD Group) корпорациясының вице-президенті Ларри Лимен өтті. Өткен жылы компания Global Fortune 500 әлемдік рейтингінде 46-орынға ие болды. Интернет алаңда JD.com Amazon және Alibaba-мен бірге әлемдегі ең танымал және ең алпауыттардың бірі болып табылады. Басқа екі ірі сатушылардан айырмашылығы, JD.com өзі тауарларды сатып алушыларға жеткізеді. Холдингте 560 мың қызметкер жұмыс істейді, оның жартысы жеткізу саласында.

Серік Жұманғарин кездесуде электрондық коммерция әлемдік сауданың болашағы екенін атап өтті.

«Бізде 40 жасқа толмаған адамдардың 85%-дан астамы бүгінде заттарды онлайн сатып алатыны туралы зерттеулер бар. Қазақстанда электрондық сауданың үлесі бөлшек ішкі сауданың шамамен 13%-ды құрайды, 20%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. JD.com бизнесті жүргізуді жеңілдетуге ықпал етеді, шағын және орта кәсіпорындардың, тұтынушылардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл біз үшін өте қызықты, шағын және орта бизнеске цифрлық экономиканың артықшылықтарын пайдалануға көмектесу біздің жұмысымыздың құрамдас бөліктерінің бірі», — деді вице-премьер. 

Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сианьға мемлекеттік сапары аясында JD.com платформасында Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды. Павильон іске қосылған алғашқы сағатта 10 мыңнан астам тапсырыс келіп түсті, ал осы уақыт ішінде ұсынылған өнімнің 80%-ы сатылып кетті. Павильонға 106 мыңнан астам қолданушы қол қойды. 

«Біз еліміздің ұлттық пошта операторы «Қазпошта» АҚ-ы арқылы ынтымақтастыққа мүдделіміз. Жақын арада пошта жөнелтілімдерін жіберу құнын төмендетуді жоспарлап отырмыз. Біз жеткізу инфрақұрылымын қамтамасыз етуге дайынбыз, бірақ жаһандық инфрақұрылыммен интеграциялау үшін сіздің ақпараттық жүйелеріңізбен көмектеріңіз қажет. Қазақстанда электрондық коммерция бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Қазір біз жаңа жобамен жұмыс істеп жатырмыз, Қазақстанда қосылған құны жоғары тауарларды шоғырландыру және дистрибуциялау бойынша тасымалдаудың мультимодальды жүйесі бар хаб құрамыз. Тауарларды таңдау принципі бойынша: яғни неғұрлым аз және қымбат болса, соғұрлым тиімді болмақ. Осы бағытта ынтымақтасуды ұсынамыз», — деп ұсынды С. Жұманғарин.

Қазақстанда павильон ашу және кәсіпорындарды Alibaba платформасына шығару бойынша сәтті тәжірибе бар. Экспорттаушыларды қолдаудың бұл құралы өзінің тиімділігін көрсетті — шамамен $300 млн-ға келісімшарт жасалды. Әлемдік алаңдармен ынтымақтастық шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге, ҚР-дан тауарлар жеткізу көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ отандық компаниялар үшін қызығушылық тудыратын жаңа мүмкіндіктерді ашуға серпін береді.

Өз кезегінде Ларри Ли қазақстандық ұн мен кептірілген түйе сүті сұранысқа ие екенін және JD.com сайтында белсенді саудаланатынын атап өтті.

«Онлайн-сатып алулар қазір бұрынғы офлайн форматты алмастыруда. Сіз 40 жасқа толмаған сатып алушылар тобы онлайн сатып алуды қалайтын зерттеулер туралы айттыңыз. Біздің зерттеулеріміз бойынша, бұрын онлайн сатып алуға дағдыланбаған 46 жастан асқан адамдар COVID-19 пандемиясынан кейін әдеттерін өзгертті.  Біз өз беделімізді және өнім сапасын өте жоғары бағалаймыз. Кейбір тұтынушылар біздің бағамыз басқа сайттарға қарағанда жоғары дейді. Бірақ ҚХР-дағы тұтынушылардың көпшілігі бүгінде сапа үшін көбірек ақша жұмсауға дайын», — деді Ларри Ли.

Жиынға қатысқан «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов JD.com сайтында сауда жасай алатын қазақстандық жобалар пулын жіберуді, сондай-ақ қазақстандық бизнесмендерді сайтта өнімді сату ережелеріне үйрету үшін бірлескен бағдарлама жасауды ұсынды. Ларри Ли өз тарапынан Ұлттық павильонда азық-түлік өнімдерінің жақсы сатылып жатқанын атап өтіп, мұндай тауарларды жеткізуді қарастыру үшін ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Бүгінде JD.com өз жеткізілім қызметі арқылы Қазақстанға тауар жолдамайды.

«Қазақстан – үлкен аумақ. Сізде ішкі көлік пен логистика болған кезде көбірек тауарлар сатылады, бұл бізді қызықтырады. Сауданы бірге ұлғайтып, Қытай нарығына шығатын өнімдерді жақсарту бойынша жұмыс істей алар едік», — деп ұсыныс жасады кездесу соңында Ларри Ли.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Қазпочта» АҚ өкілдерімен логистика мен тауарларды жеткізу жүйесін құру бойынша келіссөздерді жалғастыруға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға