Жаңалықтар

Сенаторлар екі заң жобасын мақұлдады

Парламентте Палатаның жалпы отырысы өтті
Сенаторлар екі заң жобасын мақұлдады
Фото: senate.parlam.kz 16.02.2023 22:15 602

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тану мәсеелсін қарастырады. Бұл ретте, құжаттың нормаларына сәйкес мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалы болуы қамтамасыз етілуге тиіс.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту Қазақстан мен Қырғызстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл ретте бүгін мақұлданған заңның маңызы зор. Осы орайда бұл хаттама – біздің мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға