Жаңалықтар

Сенаторлар автомобиль жолдарын салу және күтіп ұстауға қатысты заңнама әзірлеуге дайын

Сенаторлар автомобиль жолдарын салу және күтіп ұстауға қатысты заңнама әзірлеуге  дайын
Фото: parlam.kz 16.02.2024 14:15 361

Көлік жүйесінің деңгейі елдің экономикасы мен әлеуметтік өмір сүру деңгейін дамытудағы маңызды шарттардың бірі болып табылады. Бұл туралы Сенат депутаты Серік Шайдаров мәселе көтеріп, республикалық жол салу мәселесіне назар аудару керегін айтты , деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көлік саласының экономикадағы үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 6,4% немесе 10,9 трлн теңгені құрады, 2021 жылмен салыстырғанда 12%-ға өсті. Дегенмен, бұл сала өнеркәсіп (68,1%), көтерме және бөлшек сауда (14,1%) салаларымен салыстырғанда әлдеқайда артта қалып отыр.

Сенатордың айтуынша, жолдарды күтіп ұстаудың төмен деңгейі, жөндеу және әсіресе реконструктивтік жұмыстардың жеткіліксіз көлемі, сондай-ақ соңғы жылдары қозғалыс қарқындылығының артуы -жол құрылымдарының белсенді бұзылуына ықпал ететін факторлар. Құрылымдардың жүк көтергіштігі жылдан жылға төмендеуде. Жабындардың сапасы мен сенімділік деңгейінде де ұқсас жағдай. Мұның бәрі сұрақтар туғызады және жолдарды күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі әдеттегі іс-шаралардың жоғары жылдамдық пен қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бойынша жолдардың көліктік-пайдалану көрсеткіштеріне қойылатын талаптардың артуына сәйкес келмеуіне әкеледі. Бұл туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «...қазақстандық жолдар, республикалық немесе жергілікті маңызы бар болсын, сапалы болуы тиіс. Әзірге бұл байқалмайды», - деп атап өтті.

Келесі мәселе – жолдарды жаңғырту мен жөндеудің аяқталмауы. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «2017 жылы басталған еліміз үшін маңызды Астана – Балқаш – Алматы трассасын жөндеу әлі аяқталған жоқ. Бес жылдан астам уақыт бойы Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш, Талдықорған – Өскемен сияқты басқа да республикалық жолдар жөнделуде».

Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, барлық өңірлер үшін өзекті жүйелік проблемаларды атап өткім келеді:

- халықаралық қаржы ұйымдарының (Дүниежүзілік Банк, АДБ) қарыздарын алу кезіндегі рәсімдерді келісудің ұзақтығы мен күрделілігі;

- құрылыс-монтаждау жұмыстарының қымбаттауы және жобалардың құнын түзету рәсімдерінің ұзақтығы;

- автожолдардың едәуір бөлігінің қатты жабыны жоқ және техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз;

- экологиялық таза автокөліктің төмен үлес салмағы;
- нәтижесінде жолдардағы апаттылық пен өлім-жітімнің жоғары көрсеткіштері.

Осы және басқа мәселелер тезірек шешуді талап етеді. Бұл ретте проблемалар үлкен аумақпен және тиісінше жолдардың едәуір ұзындығымен, Қазақстандағы халықтың тығыздығының төмендігімен күрделене түседі, - дейді ол.

Автомобиль көлігінің даму үрдісін ескере отырып, қолданыстағы жолдардың техникалық деңгейін көлік ағындарының перспективалық қарқындылығы мен құрамына сәйкес келтіру қажет. Бұл мәселені күрделі жөндеу арқылы шешу мүмкін емес. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, қолданыстағы жолдарды толық қайта құру қажет.

Соңғы 6 жылда жалпы қолданыстағы жолдарды қаржыландыру мен күтіп-ұстаудың жалпы көлеміндегі республикалық жолдарды қаржыландыру үлесінің қысқаруы байқалады, бұл 2016 жылғы 70,7%-дан 2021 жылы 47,3%-ға дейін төмендеді.

Жоғарыда аталған проблемаларды шешу жолдарының бірі және тұтастай алғанда автожол саласын дамыту үшін Көлік министрлігіне қолда бар жолдарды есептеу, Техникалық бағалау, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды қоса алғанда, экономиканың қажеттіліктерін мониторингтеу, талдау, сондай-ақ автожолдарды салудан, реконструкциялаудан және жаңғыртудан болатын экономикалық әсерлерді ескере отырып, автожол саласын дамытудың кешенді талдауын жүргізу орынды деп санаймыз, - дейді депутат.

Сенатор жолдарды паспорттаудың бірыңғай базасын (есептеулер, қолданылған материалдар, тұратын халықтың саны, жүргізілген жөндеу және/немесе реконструкциялау деректері, технологиялар) жасай отырып, жолдардың жай-күйіне көп факторлы тексеру жүргізу қажет деп есептейді. Бұл қаржыландыру үшін жобаларды сапалы және тәуелсіз таңдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, құрылыс-жол жұмыстары мен материалдарының сапасын мемлекеттік бақылаудың тиімді жүйесін құру, сондай-ақ жұмыстардың сапасыз орындалуы үшін жауапкершілікті қарастыру қажет.

Мен Мемлекет басшысының айтқан бастамаларын жан-жақты қолдаймын. Сенаторлар автомобиль жолдарын салу, жаңғырту және күтіп ұстау саласындағы өзекті мәселелер мен жүйелі проблемаларды шешу үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге заңды түрде дайын, - дейді депутат.

Бастамаларды іске асыру үшін Парламент Үкіметпен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарымен қоғам алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде тығыз өзара іс-қимыл жасайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға