Жаңалықтар

Сенат әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі туралы екі заңды мақұлдады

Сенат әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі туралы екі заңды мақұлдады
Фото: t.me/senate_kz 11.04.2024 12:03 262

Бүгінгі Сенат отырысында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі бойынша екі заң қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметін институционалдық түрде күшейтуді, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Аталған тапсырмалар қарауға ұсынылған заңдарда көрініс тауып отыр.  

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанованың айтуынша, Қылмыстық кодекске мынадай өзгерістер енгізілмек.

Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға оған кодекстің Ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталады және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді, - деп атап өтті Сенат депутаты.

Сонымен қатар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте Отбасын қолдау орталықтарының құқықтық мәртебесі және олардың атқаратын қызметтері туралы, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығы туралы нормалар бекітіледі. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға күш қолдана отырып, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсету тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі. Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Кәсіпкерлік кодексте меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан интернаттық ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ стационар, жартылай стационар жағдайларында мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда алдын ала ескертусіз, мемлекеттік бақылау жүргізуді көздейтін нормалар енгізіледі.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары Комитеті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 58-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға