Жаңалықтар

Сенат аквашаруашылық туралы заңды Мәжіліске қайтарды

15.05.2025 11:00 434
Сенат аквашаруашылық туралы заңды Мәжіліске қайтарды

Бүгін Сенатта  «Аквашаруашылық туралы» заң жобасы қаралды. Құжаттың жекелеген баптары жаңа редакцияда ұсынылып, Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған заң жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемін ұлғайту және аквашаруашылық объектілерінің адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіз болуын қамтамасыз ету жолымен аквашаруашылықты орнықты дамыту мақсатында әзірленді.

Комитет төрағасы Әли Бектаевтың сөзінше, нормаларды біркелкі және бір мәнді түсіндіру мақсатында заңда «аквашаруашылық объектілері», «балық өсіру объектілері», «балық өсіру тоғаны», «балық өсіру бассейні», «аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі» сияқты және басқа да ұғымдар баяндалды. 

Мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланды. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу, аквашаруашылық субъектілерінің ақпараттық жүйесі мен тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту өкілеттіктері берілді.  Жергілікті атқарушы органдарға аквашаруашылық субъектілерін және аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді субсидиялауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер берілді, - дейді ол.

Бұдан басқа, заңда аквашаруашылық саласында қызметті жүзеге асырудың негізгі шарттары регламенттеледі. Мәселен, аквашаруашылық субъектілері қызметінің түрлері, балық шаруашылығы су айдынын немесе учаскесін конкурстық және конкурстан тыс негізде бекіту тәртібі, тоғанды, индустриялық және өсімін молайту шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптар нақтыланды. Сондай-ақ аквашаруашылық субъектілері үшін аквашаруашылық саласындағы биологиялық негіздемені әзірлеу және оларды дамыту жоспарын бекіту бойынша міндеттемелер енгізілді.

Заңда аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру жөніндегі нормалар көзделген. Мәселен, аквашаруашылықты субсидиялау аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру және асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау, кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады. Заңда аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылау да көзделеді, ол бақылау субъектісіне (объектісіне) барып тексеру, профилактикалық бақылау және бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай-ақ профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылатын болады, - деп атап өтті Әли Бектаев.

«Аквашаруашылық туралы» заңды талқылау барысында Сенат комитеттерінің ескертулері жарияланды.

Осы орайда Мәжіліс қабылдаған заңға:

- бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салулар белгілеу;

- аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылау;

- табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

Заңның жекелеген баптары мақұлданбады және заң олардың жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарылады, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға