Жаңалықтар

Семейде жаңадан ашылатын орталыққа қатысты шу шықты

Семейде жаңадан ашылатын орталыққа қатысты шу шықты
Фото: semey.city 26.02.2023 12:00 1301

Абай облысының орталығы Семей қаласының орталық саябағында жаңа отбасылық ойын-сауық кешені ашылмақ. Алайда тұрғындар қаланың шешілмей жатқан мәселелері жетерлік екенін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тарихи қала атауына ие болған Семей қаласында мекемелер ғана емес тікелей тұрмыстық жағдайға әсер ететін технологиялар да тарихи кезеңнен бері үлкен жөндеу жұмыстарын талап етіп отыр. Ұзақ уақыттан кейін облыс деңгейін қайтарған қалада шілде айында Қазақстанның түкпір-түкпірінен өлкенің тумалары, қалыптасқан тұлғалары туған жерге жиналып «жерлестер форумын» өткізді. Форум барысында ірі кәсіпкерлер, өнер қайраткерлері, белгілі спортшылар туған қалаларын көркейтуге ат салысуға ниет білдірді.

Үш күн бұрын әлеуметтік желіде жаңа «JQ» орталығының таныстырылымы пайда болды. Бұл орталықтың қайта жандануына ықпал еткен дәл осы кәсіпкерлер екені белгілі болды. Осы ретте қала тұрғындары бірінші кезекте қаланың мәдени емес, тұрмыстық жағдайын жөндеу керек еді деген шағымдарын білдіруде.

«Қаланың жағдайы мәз емес. Қыста жылу мәселесі көтерілгені бәріне мәлім. Әкімдіктер мен басқарма органдары барлығын қалпына келтіру үшін көп қаржы керек деді. Жазда толық жөндейміз деді. Бұдан да басқа мәселелер толып артылады. Облыс болдық жағдай жақсарады дегенде ойын сауықтық орталығы мен ғимараттар салынып жатыр. Сыртқы архитектураның әдемі болғаны әрине жақсы, дегенмен кәсіпкерлердің көмегімен бірінші ішкі инфрқұрылымды жөндеуге көмек беру қажет еді», - дейді қала тұрғыны.

Ал кәсіпкерлердің бірі бұл тек бастамасы екенін, халыққа жақсы жағдай жасалып, барлық мәселелер шешімін табатынына уәде берді.

«Жаңа құрылған облыстың әлеуметтік, экономикалық жағдайы жақсы болуы керек. Сол себепті осы облыстың төңірегіндегі шараларды әріптестерімізбен бірлесе отыра бірлікпен іске асыратын боламыз. Алда үлкен жобалар мен өзгерістер күтіп тұр», - деп жауап берді кәсіпкер Дулат Тастекеев.

Облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев та бұл сөзді растап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

«Облыста металлургия, тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың аграрлық секторын дамыту жұмыстары қолға алынады. 2025 жылға дейін тау-кен өндіру секторында 5 инвестициялық жоба салу жоспарланған. Абай облысының қолданыстағы сауда-көлік дәліздерін жетілдіру және жаңа сауда-көлік дәліздерін құру үшін қолайлы географиялық орны бар. Келешекте "Семей қаласын аралау" автомобиль жолының құрылысы жоспарланып отыр, бұл халықаралық және өңірлік транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді", - деп толықтырды облыс әкімі.

Сонда да халық шағымы азаяр емес. Бүгінгі жағдай бойынша қалада қар тазалау жұмыстары тежеліп тұр. Семей әкімдігінің әлеуметтік парақшасында жұмыстардың атқарылып жатқандығы көрсетілгенімен, пост астындағы пікірлер мұны теріске шығаруда.

Семейде жаңадан ашылатын орталыққа қатысты шу шықтыСемейде жаңадан ашылатын орталыққа қатысты шу шықты

Жергілікті блогерлер көне жәдігерлер мен ғимараттардың мекеніне айналған тарихи жерде жаңа заманауи кешендердің ашылғанын құптайды.

«Бізде отбасы немесе достарыңмен келіп уақыт өткізетін жерлер өте аз. Көбісі тамақ ішуге ғана арналған. Ал аталған кешен көпфукциялы болады. Болашақта ол жер ерекше демалыс орнына айналмақ», - дейді блогер.

Семей қаласының тұрғындары үшін күн тәртібінен түспеген мәселелердің бірі - қоғамдық көлік. Облыс мәртебесін алғаннан кейін түзелер деген үміт сөнді дейді тұрғындар. Лық толы автобустардың сапасы да өзгерісті қажет етеді. Әкімдік бұл мәселе таяуда шешіледі деп жауап қайтарды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға