Жаңалықтар

Семей ядролық сынағынан зардап шеккендерге берілетін әлеуметтік көмекті арттыру қажет – мәжілісмен

Семей ядролық сынағынан зардап шеккендерге берілетін әлеуметтік көмекті арттыру қажет – мәжілісмен
Фото: t.me/mazhilis_kz 24.05.2023 11:23 446

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті арттыру қажеттігін ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл Семей полигонының жабылғанына 32 жыл толады. 40 жыл ішінде онда 468 ядролық сынақ өтті. Барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе көп болған еді. Яғни аймаққа орны толмас экологиялық залал келтірілді. Біздің алдымызда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер қалуда, - деді депутат.

Өкінішке қарай, еліміздің аумағында тұратын полигон қызметінің нәтижесінен зардап шеккендердің саны туралы нақты деректер әлі жоқ. Әртүрлі ақпараттар бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары әлі де радиациядан туындаған аурулардан зардап шегуде, сәулеленудің салдары олардың ұрпағына әсер етіп жатқанын айтты.

Қазақстан заңнамасына сәйкес зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы төленеді, оның мөлшері аймаққа байланысты жеке айқындалады және 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін ең көбі 18 мың теңгені (5,23 АЕК) құрайды. Сондай-ақ радиациялық тәуекел аумақтарында тұратын халықтың қосымша еңбекақыға және жыл сайынғы қосымша ақылы демалысқа құқығы бар. Бұл ретте аталған жеңілдіктер тек Семей өңірінде ғана қолданылады, - деді Нұрлан Әуесбаев.

Депутат 2017-2019 жылдары Үкімет бұл мәселе бойынша шаралар қабылдағанымен, одан нәтиже болмағанын атап өтті.

Сондай-ақ ол ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау мәселесін қарастыру, ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс нәтижелерін ұсыну, радиациялық ластанған аумақтарды оңалту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға