Жаңалықтар

Сегіз жүзден астам жас десантшы әскери ант берді

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Сегіз жүзден астам жас десантшы әскери ант берді
Фото: gov.kz 14.11.2022 10:51 2391

Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында десантшылар құрамаларын толықтырған сарбаздардың Отан алдында адал болуға ант беру шаралары салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жас жігіттерді десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Қарулы күштердің, жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, сарбаздардың туыстары мен жақындары құттықтауға келді.

– Осындай беделді әскерде қызмет ету сендер үшін үлкен мәртебе. Десанттық-шабуылдау күштерінің айрықша белгілері – көгілдір берет пен ала кеудеше. Олар бұл әскерді ерекшелендіретін белгілер.  Жуырда сендер де көк қырандары атану үшін парашютпен секіруді үйренесіңдер, әскери-есептегі мамандық түрлерін меңгересіңдер. Әскери борыштарыңды абыроймен атқаратындарыңа сенімдімін, жақындарың сендерді мақтан ететін болады, – деді сарбаздарға, әскер қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бауыржан Артықов.

Десанттарға тән сән-салтанатпен және үлкен сеніммен жас жауынгерлер анттың маңызды сөздерін айтты.

– Бүгін біз үшін өте маңызды күн – ант қабылдау рәсімі күні. Осы уақытқа дейін қарқынды жаттығулар жасадық, қару-жарақты, жарғыларды үйрендік, саптық дайындықтан өттік. Бұл әскер түріне келгенімді мақтан етемін. Алда әлі де көптеген сынақтар күтіп тұрғанын білемін, моральдық тұрғыдан дайынмын. Командирлердің сенімін ақтауға тырысамын, – деді Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Дмитрий Ниязбай. 

Ата-аналар да ұлдарының қысқа уақыт ішінде әскерге төселіп, қалай өзгергенін атап өтті.

– Әр адамға армия мектебінен өту керек. Әскердегі қызмет – жігіттік өмірге сенімді бастама. Мұнда балалар ер жетіп, шыңдалады. Жауынгер достардың бағасын біледі. Сарбаздардың бәріне сәттілік тілеймін, – деді сарбаз Сырым Қайратбекұлының ағасы Ербол Игісінов.

Іс-шара қойылымдық көрсетіліммен аяқталды.

Осы ашық есік күні аясында командирлер де әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастырып, онда ата-аналар казармаларды, оқу сыныптарын, асханалар мен спорт залдарын аралады, ұлдарының алдағы қызметіне қатысты барлық сұрақтарға жауаптар алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға