Жаңалықтар

Сегіз салмақта Қазақстанның бас балуаны анықталды

Бұл турнирде әр салмақтың басты балуаны анықталды
Сегіз салмақта Қазақстанның бас балуаны анықталды
Фото: «Qazaq kuresi» Ассоциациясы 07.11.2022 11:31 1467

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «Qazaq kuresi» Ассоциациясының ұйымдастыруымен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтті, деп хабарлайды El.kz.

Бұл турнирде әр салмақтың басты балуаны анықталды. Жарыстың ерекшелігі – кез келген балуан қатыса алмайды, тек жыл көлемінде республикалық және халықаралық чемпионат пен турнирлерде жоғары жетістікке жеткен балуандардың рейтингісі шығарылып, әр салмақ бойынша 8 балуан шақырту алады. «Дала қырандарының» өзге турнирлерден бәсі биік болатыны осы себепті. 

Турнирдің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы әрі «Qazaq kuresi» Ассоциациясының Президенті Самат Ерғалиев, «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, сала ардагерлері Серік Төкеев, Марат Жақыт, Диханбай Биткөзов қатысып, жүрекжарды тілегін білдірді.

Олар сегіз салмақ бойынша чемпиондық атақты сарапқа салды. Алдымен жеңіл салмақтағы балуандар бозкілімге көтерілді. 55 келіге дейінгі салмақта Солтүстік Қазақстандық облысының намысын қорғаған Еркебұлан Қалымбеков пен Қызылорда облысының мықтысы  Бекжан Төлепов финалда белдесті. Негізгі уақытта нәтижелі әдіс жасай алмаған балуандар қоян-қолтық белдесуде жеңімпазды анықтады. Бұл салмақта бас балуан – Бекжан Төлепов атанды.

60 келі салмақта Алматы облысының өкілі Марат Нығматуллаев атыраулық балуан Бекарыс Мұратұлынан айласын асырды. Жамбыл облысының өкілі Нұр Аманшүкіров (66 келі) тағы бір атыраулық Нұрболат Ізімғалиевтен қоян-қолтық белдесуде айласын асырды. Шымкенттік Жұмажан Қожамбеков (74 келі) атыраулық Сағат Ғазимовты, ұлытаулық Айдын Дартаев (82 келі) Абай облысының намысын қорғаған Ерсін Сейітқазыновты ұтты. Тағы бір шымкенттік Тоқтарбек Айдарбек (90 келі) алматылық Ерасыл Жаңатаевтан айласын асырды.

2014 жылы «Қазақстан барысы» атанған Мұхит Тұрсынов Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғады. Ол 100 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Марат Байқамұровтан басым түсті. Биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғапов аса ауыр салмақта сынға түсіп, ақтық бәсекеде алматылық Мәди Еділбаевты жеңді.

Осылайша сегіз салмақ дәрежесінде Қазақстанның бас балуандары анықталды.

«Бұл турнирде бәсеке өте жоғары болды. Мысалы, биылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы, қызылордалық Мақсат Исағабылов алғашқы белдесуінде Олжас Шынкеевке жол берді. Турнир жеңімпаздары желтоқсан айында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды», – деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз хатшысы Жадыра Жүсіп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға