Жаңалықтар

Саз балшыққа жан бітірген шебер

Атадан мирас болған өнер
Саз балшыққа жан бітірген шебер
Фото: Суреттердің авторы Әйгерім Бегімбет 15.03.2017 09:05 11561

Шынболат Кендебайұлы – жас ұстаз. Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі шәкірттеріне үш жылдан бері саздан құмыра жасаудың қыр-сырын үйретіп келеді.

Жоғары оқу орнында алдымен программист, кейін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын алған ол, бітірген саласы бойынша қызмет еткеннен гөрі әке жолын қуғанды жөн көрді. Өйткені қолөнер мен құмыра жасау өнері оның бойына қанмен дарыды. Ес білгелі, осы саз балшықтың сырын біліп, қасиетін ұғынды.

 Көкем Кендебай Қарабдалов Шымкентте жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң, қалада қалмай, Отырарға аттаныпты. Көркем графика, құмыра жасау өнеріне қызығып, зерттеу жұмыстарын жүргізген, - деп бастады әңгімесін Шынболат. - Еліміздің, Жапонияның археологтарының жанында жүріп, жер астынан табылған құмырашылардың ауылын, қираған ұстахана орны мен аспаптарын қағаз бетіне түсіреді. Бұл 1982 жыл еді. Сосын үйге келіп, саз балшықтан, ағаштан, сүйектен қолдан аспап жасайды, құмыра күйдіретін ошақ салады. Осылайша он жыл ізденіп жүріп, құмыра жасауды меңгереді. Мен 1991 жылы, яғни, тәуелсіздік алған тұста дүниеге келіппін. Бес жасымда отбасымызбен Шымкентке қоныс аудардық. Көкем үйіміздің жанынан жер алып, этномузей соқты, жер асты қылуетін қазды. Ол қазақ халқының қолөнерін, музыкасын бір кісідей зерттеді. Кітап жазды. Сондай-ақ, арнайы музыкалық білім алмаса да, қобыз, домбыра, баян, шаңқобыз, сазсырнай сынды он бес түрлі аспапта еркін ойнайды. Аспаптарды ағаштан жонып, өзі жасай береді. Қай жағынан алып қарасаңыз да көкем бізге ісімен, сөзімен үлгі болды, - дейді ол.

Шынболат 7-8 сыныптан бастап құмыра жасау өнеріне ерекше ден қояды. Саз балшықтан жасаған туындылары облыстық, республикалық көрмелерде, байқауларда талай рет топ жарды. Париж, Санк-Петербург қалаларында көне өнерді қайта жаңғыртып, құмыра жасап, шетелдіктердің қызығушылығын оятқан. Деректі фильмдерге түскен. Содан болар, бүгінде Шымкенттегі этномузейді, Кендебай ағаны, Шынболатты шетелдіктер көп іздеп келеді.

Шетелдіктер көп келетін этномузей

Иә, арнайы іздеп келетіндей-ақ бар. «Тұрлан экспедициясы» шағынауданында орын тепкен этномузейдің сыртқы көрінісі – бағзы кездегі қазақтың қоржын тамы секілді. Қабырғалары жауын-шашыннан мүжіліп, ескі заманның естеліктерінен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл музейдің әр кірпішін Кендебай аға отбасымен өзі қалаған. Музей ішінен шебердің қолынан шыққан әртүрлі бұйымдар мен Отырартөбеден табылған жәдігерлерді көптеп кездестіресіз.

– Көкем этномузейді соғып, қылует қазуды бастағанда 8-сыныпта оқитынмын. Ағам екеуміз, достарымызбен топырақ тасуға, қыш қалауға көмектестік. Ал ата-анам мектеп бітірген соң қандай мамандық таңдайтынымызды өз қалауымызға қалдырды. Ағам Ерболат заңгерлікті таңдады. Бүгінде Астанада прокуратура саласында қызмет атқарғанына қарамастан, сенбі, жексенбі күндері Бейбітшілік және келісім сарайында құмыра жасаудан шеберлік дәрісін өткізеді. Әпкем Гүлназ да саз балшықтан түрлі бұйымдар істей береді. Ол да өзге мамандықты игерді. Тұрмыста. Мен де бұл саладан алысқа кете алмадым. Жүрек қалауы саз балшыққа «тіл бітіру», «сөйлету» болды, - дейді Шынболат.

Қарабдаловтар үйiнiң алдына саз илейтiн,  құмыраларды күйдiретiн жерошақ орнатқан. 2004 жылдан бастап мұражайға келген қонақтарға әр бұйымның, сазсырнайдың, құмыраның қалай жасалатынын көрсетіп береді. Қызығушылық танытқандарға үйретеді.

– Еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Америка, Жапония, Франция, Германиядан бізге туристер ат басын жиі бұрады. Оларды сән-салтанаты жарасқан ғимаратымызбен немесе қаланың кескін-келбетімен таңғалдыра алмаймыз. Тек, өнерімізбен, мәдениетімізбен, байырғы тұрмыс-тіршілігімізбен, ұлттық ас мәзірімізбен, табиғатымызбен қызықтыра аламыз. Этнотуризмді дамыту керек. Мысалы, оларға құмыра, тағы басқа бұйымдарды өз қолдарымен жасап көрген қызық. Сосын біздің этномузейдің жанында қылует бар. Оның тереңдігі 7 метр. Көкем тоғыз ай бойы қазып шыққан. Қылуеттің ішінде Қыш кітаптар, рухани тазару сынды бөлмелер бар. Ол жерде имандылық иірімдерін қобыздың, саз бен қамыс сырнайдың әуезді үнімен бойға сіңіруге болады, - дейді ол.

Сазбен жұмыс жасаған бала зерек болады

Шынболат 2014 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінде саз үйірмесі ашылып жатқанын естіп, бағын сынауға бел буады. Іріктеуден өткен ол, аз уақыттың ішінде-ақ, өзінің белсенділігімен, еңбекқорлығымен көзге түседі. Бүгінгі таңда аптасына үш рет өтілетін үйірмеге 50-ден астам оқушы қатысады. Алды құмыра жасауды, саздан өзге де бұйымдар істеуді еркін меңгеріп, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылатын байқауларда жүлделі орыннан көріне бастады.

– Балалармен жұмыс жасаған өзінше бір қызық дүние. Дәрісімді Қазақстан тарихы, химия, физика сынды пәндермен байланыстырып, қызықты өткізуге тырысамын. Сайыстарға барған оқушыларым құмыра жасап ғана қоймай, оның құрамын, тарихын, жасалу жолдарын түсіндіріп береді. Мақтан тұтар шәкірттерім бар. Олар әр байқауда жеңіске жеткен сайын бұл салада текке жүрмегеніме көзім жетеді. Сондай-ақ, біздің мектепте қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылады. Менің де оқушыларым өздері саз балшықтан жасаған туындыларын жәрмеңкеге шығарып, сатып, түскен қаржыны мүгедек балаларға аударады. Бұл да іштей қуанышқа бөлейді. Құмыраны шебер жасау үшін алдымен сабырлылық керек. Өйткені бірден әдемі шықпайды. Одан соң, қолың икемді, епті болуы қажет. Саз бойдағы жаман энергияны өзіне тартып алады. Алақанмен саз балшықты илеу арқылы сүйек қатаяды. Өйткені сазда 60 пайызға жуық кальций элементтері бар. Саздан жасалған кез келген туынды отқа төзімді. Мыңдаған жылдар өтсе де сапасы мен қалпы бұзылмай сақталады. Мысалы, зымырандардың моторы саз балшық керамикасынан құйылады. Компьютер мен флешкалардың еске сақтау мишығы да осы саз балшықтан істеледі. Саздың біз білетін, білмейтін қасиеттері мен пайдасы мол. Сазбен жұмыс жасаған бала өз ісіне тиянақты, зерек, сабырлы болады. Біз сазды жаз мезгілінде Отырар ауданынан, Сырдария мен Арыс өзенінің жағасынан арнайы алдыртамыз, - дейді ол.

Шынболат бос уақытында достарымен бейнебаян түсіреді. Оператор. Бұдан бөлек тапсырыс берушілерге құмыра жасайтын арнайы құрылғы жасап, күйдіретін жерошақ соғып береді. Компьютерлік қызмет көрсететіні тағы бар. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздіктің төл құрдасы жан-жақтылықты жаны сүйеді. Қол қусырып, қарап отырғысы жоқ. Ең бастысы, ол атадан мирас болып қалған төл өнерді келер ұрпаққа жеткізу - басты парызым деп біледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға