Жаңалықтар

Сайын Мұратбеков әлеміне ену – қылуетке түскенмен тең

Сайын Мұратбеков әлеміне ену – қылуетке түскенмен тең
Фото: Сайын Мұратбеков 16.05.2023 14:00 1606

Кекілді бала күннен кітап кеміруге әуес едік. Қолға түскеннің бәрін ашқарақтана оқитынбыз. Бірте-бірте екшеп-елеп, салмақтап оқуды үйрене бастадық. Оқырмандық талғам қалыптасқанда бұрын асылға балаған көп дүние жайдақ су екенін бағамдадық. Енді ғұмырлық бағдаршам болар қас шеберлердің ізіне түстік. Бұралаң жол, бұлғақты соқпақ кездесті. Қара түнекті жарып өткенде барып шуағы мол күнес жерге тап болдық. Ол жер – Ешкіөлмес деген қоңыр таудың етегі. Ол шуақ – Сайынның сиқырлы прозасы.

«Сайынның көркем әлеміне бір кірген адамның одан өмір бойы шығуы екіталай» деген Тұрсын Жұртбайдың сөзі ақиқат екен. Елден бұрын ентелеп ұмтылмайтын сырбаз жазушы уақыт өте келе ғажап әлеміне іңкәр етті, жадылап алды. Бір күні «Отау үйден» шығып «Күзгі бұралаң жолмен» «Жабайы алма» ағашын көруге аттандық. Жерге «Қылау» түсіп, «Ескек жел» есіп тұрған. «Басында Ұшқараның» «Жусан исі» аңқыған еді. Ол иісті «Менің қарындасым» мен «Райгүл» әлі де айтып жүр. Осы сапардан қайтып оралмадым. Сайынның ғажап әлемінде, шығармашылық иранбағында қалып қойдым. Ақ таңдай сұлулық, ақ қардай тазалық бар әңгімелерін рухани азық етіп келемін.

Қазақ әдебиеті бас-аяғы жүз жылдың ішінде кемелденіп, толысып, биік тұғырына қонды. Тебінгіге жетер-жетпес судан телегей теңізге айналды. Осы көкжайқынға сансыз бұлақ, қаншама өзен келіп барын құйды. Нәрін төкті. Қотарылып құйылған арналы өзеннің бірі – Сайын Мұратбеков шығармашылығы деп аталады.

Сайын Мұратбеков әлеміне ену – қылуетке түскенмен тең. Жан дүниеңді бір тылсым мөлдірлік, ұлпа тазалық жуып отырады. Адамның көкейі тазарғаннан кейін көлденең сөздің өзі артық көрінеді. Содан барып қолыңа қалам алсаң сілеңді қатырып жүрмей, табандап жатып алады. Кеудеңдегі күмбірлеген күйді, ойыңдағы оқ жетпес биікті қалам дәлме-дәл бейнелеп бере алмайды. Санаңның елгезек тілі арқылы жазушы кейіпкерлерімен сырласасың. Солармен бірге қуанып, тел мұңайып бұйығы ауылдың сүттей ұйыған тыныштығында қалып кетесің.

Сайын ағам қазақтың әңгіме өнерінде Бейімбеттің, Мұхтардың, Ғабиттің аманат-сарқытындай болып елестейтін. Өзінің жан-жүрегі қанша жұмсақ, таза, ойшыл болса, әңгімелері де кіршіксіз таза, жылы әзілге мол, сонымен бірге қалың ой астары да шексіз болатын. Сайын әңгімелері – қазақ халқының мінсіз мүсінделген рухани болмысы. Сол болмыс психологиялық туралыққа, түйсік пен сезімнің нәзіктігі мен тереңдігіне толы. Сайын әңгімелері шебер қолдан шыққан, таза қанмен толыққан, кәусар тылсым ойға бай өзгеше әлем еді-ау!, - дейді Жазушы Роллан Сейсенбаев.

Көзімді жұмсам болды әдемі ақсары өңді кісі мейірленіп қарап тұрады. Мінезі жібектей жұмсақ, тау қозғалса да селк етпейтін сабаз. Қасында анда-достары бар. Әкім, Рамазан, Қалихан, Қабдеш... Қазақтың қара сөзін қамырдай илеген ығай мен сығай. Сыртынан жұрт сүйсініп қарайтын «Бес тапал» осы екен. Бәрінің жанарын мұң қабыздаған. Өмірден ерте озған Ақан Нұрмановты еске алып отырғандай. Ол мұң сүйініштің, ризашылықпен тоғайған көңілдің алқауы іспетті екен. Өйткені бұл достар Сайын Мұратбековтің шығармаларын талдауға жиналған. Бір-бірінің көңіліне қарамайтын сыншы достар сүйріктей сұлу прозадан мін таппады. Сыралғы замандастардың жанарынан шашыраған нұрдан Сайынға деген шексіз құрмет аңғарылады. Барлығы аз сөйлеп көп мекіренді. Көкелеп келіп ырғала сөйлеген Қалихан Ысқақ: «Шағын жанрдың шебері атанған жазушы Сайын Мұратбековтiң мықтылығы да сол, оқырманын самарқау қалдырмайтын. Бірге жетелейді, күрсіндіреді, күйіндіреді, қуандырады» деп досын құшақтады. Алқаның соңына қарай сөз тізгіні Тұрсын Жұртбай сияқты үміт артар інілерге берілген. Тұрсын Жұртбай әр сөзін салмақтап былай деді:

Сайынның көркем әлеміне бір кірген адамның одан өмір бойы шығуы екіталай. Әр оқиғадағы сезім «қылаулары» жаныңды баурап, үнемі пәк иірімге тартады да тұрады. Кейде жаныңды ауыртпайтын, бірақ тызылдата сыздататын мұңға бергісіз әуен ауаныңды әлдилейді. Кейде қылау түспеген қылаусыз жүрегіңе тұңғыш рет «Қылау» түсірген кіршіксіз бала махаббатың өзегіңді сондай бір риясыз сағынышымен дыз еткізіп, шым-шым мөлдіретеді. Кейде «Үшқараның» төскейінде, шөмеленің үстінде бір сөзді еркелей үш рет қайталап жұлдыз санағың келеді. Кейде шүпірлеген үрім-бұтағыңның ортасында жұлын-жүйкең бусанып, «Кәмен тоғайдың» ортасында риясыз аталық мейірімді сауғызғандай болады. Кейде татуды араз, аразды дүшпан қылған «Ызғырық» қайдан соғып тұр дегізеді. Ал кейде: Менің көңіл бүркітімді кім соңғы рет соңғы сапардан кейін аспанға ұшырар екен? – деп таң қаласың іштей. Қойшы, мен үшін, мен үшін емес, Сайын әлеміне бір кірген сезімді пенде атаулы Сайын суреткердің аңсарлы әуенін осы ғұмырлық жолында ұмыта қоймайтынына жаным қас. 

Иә, Сайын әлемі тұнық тазалығымен де, нәзік стилімен де көкейіңе бірден ұялай кетеді. Сайын Мұратбеков әр шығармасын махаббат пен сағыныш отына өртеніп отырып жазады. Ақ қағаздың бетіне қара сия емес мөлдір жас көбірек тамады. Елжіреп, еміреніп тербейді. Кейіпкерлерін құлай сүйеді. Аялайды. Ешкімге жамандық тілемейді. Жүрегінің жұмсақтығы сондай қағаз жүзінде де «қылмыс» жасай алмайды. Оқырман жабырқар деп көңіл жығар сюжеттер де қоспайды. Оспадар деген кейіпкердің өзі соңында иіп кететіні сондықтан. Жазудағы осы имандай тазалық – Сайын Мұратбековтің ең өскелең ерекшелігі.

«Стиль – атмосфера тудырушы, атмосфера – шығарманың жаны. Атмосферасыз кітап – өлі туынды. Атмосфера барда, кітап та тірі» дейді Дидар Амантай. Сайын Мұратбеков мұрасымен толық танысып шыққан адам басқа бір дәуірде ғұмыр сүріп келгендей күй кешері қақ. Себебі, жазушы нағыз шығармашылық атмосфераны тудыра алды.

Тас бұлақтың суындай сылдырлаған өңкей келісімді, өлеңдей өрімді тілді лирикалық проза деп атаймыз. Көп жазушының жекелеген шығармасын атамасақ бұл бағытқа арнайы аялдаған қаламгер өте аз. «Лирикалық проза атты ағымға талант сипаты жағынан неғұрлым бейімі де, осы саланы қазақ топырағында елеулі биікке көтеруге қосқан үлесімен де ерекше аталуға тиістісі – Сайын Мұратбеков десек, ағат айтпас едік» дейді академик Бақытжан Майтанов. Әдебиетте бүге-шігесіне дейін жырланған бір дәуірдің бейнесі уақыт оза келе ескірер. Жаңа атқан таңның оқырманы үшін аса ынтық сезім тудырмас. Десек те бір нәрсе мәңгі. Қай заманда да қолдан түспей оқыла бермек. Ол – сұлу да сырлы лирикалық проза.

Сайын Мұратбековтің жазу стилін аша түсу үшін бүгінгі әдебиеттің ауыр жүгін арқалап жүрген қаламгерлерге де қолқа салып, пікірін білгіміз келді. Біздің сауалымызға белгілі жаңашыл жазушы, философ Дидар Амантай былай деп жауап берді:

«Егер біз жазушы боламын деген адамға оқитын кітаптардың тізімін жасасақ онда сол он кітаптың ішінде немесе жиырма кітаптың ішінде міндетті түрде Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы» жүрер еді. «Жабайы алма» өте жақсы, кәсіби жазылған. Сонымен қатар үлкен психологиялық тартысты шынайы, айқын көрсете білген шығарма ретінде тарихта қалады. Әрине, Сайын ағамыз қалдырған мұра өте көп. Оның ішінде ауылға арналған әңгімелері, соғыс жылдарына арналған әңгімелері, кейінгі жастарға арналған әңгімелері де бар. Барлығын да романтизм, реализм тұрғысынан жақсы бере білген. Сайын Мұратбековтің қаламы ұшқыр. Ол қазақтың жалпақ тілімен жазады. Бір стиль тудырайын, мәнерлі үлгі жасайын деген ниетпен талпыныс жасағанын көрген емеспіз. Ол табиғи жазады. Сол табиғи қалпының өзі өте көркем, өте терең, өте сүйкімді.

Тағы бір айта кететін жайт, Сайын Мұратбековтің деталды белгілеуі, образды сомдауы соншалықты нақ, дәл. Тіпті киногерлер оның шығармаларын жиі киноға айналдыруға шақырады. Бәріміз де білеміз кезінде Сатыбалды Нарымбетов болса керек Сайынның классикалық әңгімесі «Күзгі бұралаң жол» бойынша фильм түсірді. «Күзгі бұралаң жол» өте мықты екі ондықтың құрамына енетін әңгіме. Қазақтан бір үлгілі, өнегелі, әсемдік тұрғысынан биік деңгейге шыққан әңгіме іздейтін болсақ соның біреуі – «Күзгі бұралаң жол». Және Қалихан Ысқақтың «Ақтоқымы», Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесті, Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ғабит Мүсіреповтің «Боранды түнде» әңгімесі тәрізді шығармаларды атар едік. Үлкен, ұзақ жолды жүз жылдың ішінде жүріп өткен, ғажап классикалық деңгейге жеткен қазақ әдебиетінің маңдай алды өкілдерінің бірі Сайын Мұратбеков қашанда қазақ әдебиетінің нысанасы, мұраты, мақсаты ретінде өмір сүре бермек».

«Жабайы алма» – қазақ әдебиетіндегі таңғажайып туындылардың бірі. Жазушының көбі көзімен көрмесе де соғыс пен қан-қасап майдан туралы боратып жазып жатты. Көзі жетіп, көңілі кәміл сенбесе, жүрегі елжіремесе Сайын Мұратбеков қолына қалам алмайды. Оған ой жоталап майдан даласын жазғаннан соғыстың бар қайғы-шерін арқалаған ауыл өмірін жазу қымбат. Балалық шағы әкесіз өтіп жатқан, үміт пен өкініштің арасында есейген балалардың тағдырын шебер суреттеді. «Ол осы шығармасына жанының бар шырыны мен шырылын сығып берген» дейді Тұрсын Жұртбай.

Сайын Мұратбековтің шыңырау тереңіне шым батып, зәулім биігіне  самғап шығуға бір адамның ақыл-ойы жете қоймас. Оны көп болып талқылап, қауым болып әр қырынан қарағанда ғана бөгенайы бөлек қатпарлары ашылар. Осы мақсатпен әдебиеттанушы Айнұр Ахметованің да пікірін сұрап білген едік.

Сайын Мұратбеков әңгімелеріндегі адамзаттық құндылықтар көрінісі

Әрбір қаламгердің шығармашылығында болатын стильдік ерекшелік жазушы Сайын Мұратбековке де тән. Жазушы стиліндегі бірінші ерекшелік – туындының І жақтан жазылуы және шығармаларында бүгінгі неолиберал қоғамдарда ұдайы көтерілетін жеке адамның құқығының қорғалуы және жалпыадамдық құндылықтарды қоғам мүшелерінің сіңіруі қажеттігі сынды тақырыптар айқын көрініс тапқан. Образдары да әсем сомдалған. Дегенмен, қоғамдағы тәртіп пен мінсіздікті дәріптеуге ұмтылған образдарды да байқауға болады. Мысалы, көп оқырманның санасына орныққан Аян – оқуға құштар, төбелестен алыс тұратын, тәртіпті кейіпкер. Бұл – соғыс зардабы ұлғая бастаған жылдардағы Кеңес қоғамындағы жас жеткіншектің үлгілі бейнесі деп қабылдауға болады. Осылай дегенімізбен жазушы соғыс кезеңінің балалар бейнесін шынайы бедерлей білген. Райгүл де білім алуға асық, әйел бостандығын жақтайтын кейіпкер. Кеңес кезеңіндегі бұл құндылықтар қазір де маңызды. Бірақ өткен қоғамда мұндай құндылықтар насихатталғанымен, іс жүзінде тереңдеп сіңірілмеген еді.

Сайын Мұратбеков стилінің тағы бір ерекшелігі, төмендегі үш әңгіме негізінде айтатын болсақ, өткен шақта, әсіресе, балалық шақта саналы және бейсаналы түрде есте қалған естеліктерге есейгенде басқа перспективадан қарауы. Болған, бастан өткен оқиғаларға ақыл көзімен қарап, өз бетінше баға береді.

«Менің қарындасым» әңгімесінде оқиғалар бірінші жақтан айтылады. І жақтан баяндау арқылы жазушы оқырманға кейіпкердің ой-сезімдерін, эмоциясын және кейіпкер әрекеті арқылы жеткізгісі келген интенциясын тереңірек және еркін әңгімелеуіне мүмкіндік береді. ІІІ жақтан баяндауға қарағанда І жақпен баяндаудың ерекшелігі де осында болуы мүмкін. Бұл әңгімеден, сонымен қатар, адамдардың жеке әлемі мен құқығын бірінші болып өз туыс(тар)ы бұзатынын байқауға болады. Мысалы, ағаның қарындасқа билік жүргізуге ұмтылысы (қарындасының баға қойылатын күнделігін ағасының рұқсатсыз оқуы), ал қыздың индивид ретінде өзінің шекарасын белгілеуі (күнделігін рұқсатсыз оқығанда қыздың ағасына ескерту жасауы) сынды оқиғалық мезеттер осыны көрсетеді. Мұндай туыстық қарым-қатынастар сол кезеңде мәдени-ұлттық ерекшелік ретінде, яғни жанашырлық, ағалық қамқорлық деп бағаланғанымен, қазіргі уақытта адамның жеке құндылықтарының бұзылуы деп саналуы мүмкін.

Сайын Мұратбеков осы әңгімеде параллель салыстыру арқылы ер адам мен әйел арасындағы махаббат сезімі екі жақтан бірдей ұмтылыс болғанда ғана баянды болатынын меңзейді. Ағасы – баяндаушы өзі махаббатқа селсоқтық танытқанда сүйген қызы басқа күйеуге шығып кетеді, ал қарындасы ұнатқан жігітті (Әлима мен Нұрлан) ауылдан ерекше сезіммен басқа мекенге шығарып салады. Оқырман арықарай Әлима мен Нұрланның арасындағы сезім өшпейтінін біліп отырады. Жазушының тағы бір айтпағы, әлемнің тұрақсыздығы, ештеңенің мәңгілік еместігі: жігіттің қарындасы бой жетеді, аға мен қарындас балалық шақтың қимас сәттерін қайта бастан кеше алмайды, жігіт өз сүйгенімен қоштасады, қыз да сүйіктісін басқа қалаға шығарып салады.

Сайын Мұратбековтің «Райгүл» деп аталатын әңгімесінде де адамның жеке таңдауы мен білім, еңбек құндылықтарына баяндаушы тарапынан ерекше құрмет көрсетіледі. Кеңес қоғамында өмір сүріп жатқан Райгүл құдалықты сыпайы түрде бұзып, болашақ күйеуді өзі таңдауға бекінеді. Кеңес кезеңінің өжет қызы Райгүл өз құқығын қорғайды, еңбектенеді және білім алуға тырысады. Өзі оқуға бармаған қыз алыстағы профессормен хат алысады. Әйел эмансипациясы жақсы көрініс тапқан. Бұл әңгіме де І және ІІ нарратор атынан баяндалады.

Сайын Мұратбеков соңына көл-көсір шығарма қалтырмаған. Екі томға батысып кететін шағын мұрасының салмағы қорғасындай ауыр. Бір қабырғаны тұтас жапқан томдықтардан осы қос томдық бере алатындай сөл мен нәр шықпайды. Оның аяулы әңгіме-повесттері мен аякөз кейіпкерлері болашаққа салқар, сәнді көшін жетелеп бара алады. Қай заманның оқырманы оқыса да тұшынып мейірі қанар.

«Бес тапалдың» ішінде Әкім ғана атқан таңды саламат қарсы алып, ортамызды толтырып отыр. Өзгесі түгел аспанға көшіп кетті. «Өз достарым болғандықтан, мүмкін, кешіре білген шығармын. Кемшілігін көрген жоқпын. Артықшылықтары көп еді. Менің достарымның бәрі шетінен жақсы адам болды. Жұмыста отырсаң, «Акимушка» деп кіріп келетін. «Жүр, кеттік» дейді. Бірге асханаға барамыз. Ырду-дырду отырамыз. Қазір достарым туралы көп айта алмаймын. Жылап қаламын. Сайын, Қалихан, Амантай, Рамазан... Барлығы кетіп қалды...» деп еске алады Әкім Тарази. Құрмаласқан құрдас, құшақтасқан достары емес оқырманның өзі еске алса көзі боталап қалары анық.

Сұм соғыста балалық шағын жоғалтып алған ұрпақ әдебиеттегі өз борышын адал атқарды. Тоғанағымызды толтырды. Әдебиетіміздің құлашын көкке серметті. Шетінен суырылып шыққан саңлақтардың дүбірі жер жарды. Маңдайы жарқырап мәреден табылған Сайын Мұратбековтің жұлдызы күн өткен сайын биіктеп барады. Біз жанымыз кірлеп, қоғамның батпағына аунаған сайын Сайынды іздейтін боламыз. Рухани әлемнің кенезесі кепкен сайын Сайынға айналып соғып отырамыз. Сайын бар адамның жүрегін анадан жаңа туған періште кезіндей тазартқысы келеді. Кейіпкері Аян: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын» деп бәріміздің соңымыздан ілесіп келе жатқандай. Біз Аянның ертегісін тыңдаған күні періште қалпымызға қайта оралармыз, мүмкін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға