Жаңалықтар

Сайттар мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделуге міндетті болады

Сайттар мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделуге міндетті болады
Фото: © Pixabay.com 21.02.2024 12:50 414

Мәжілістің жалпы отырысында ақпаратқа қол жеткізу және қоғамның қатысуы мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасында ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру көзделген. Сондай-ақ ақпараттың ашықтығы және оны белсенді түрде тарату презумпциясының қағидалары белгіленген.

Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров сайттар мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделуге міндетті болатынын айтты.

Заң жобасы ақпарат иелерін – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттейді. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерзімді, ғылыми, оқу-әдістемелік, анықтамалық, ақпараттық және көркем әдебиеттер шығарылады. Кем дегенде бір жаңалықтар телебағдарламасы субтитр немесе сурдоаударма түрінде аударылуы керек. Интернет-ресурстар мүгедектігі бар адамдарға арналған ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі, сондай-ақ есту және/немесе көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделеді. Сонымен қатар ақпарат иелерінің қызметі туралы мәліметтері бар ақпаратқа және ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарға еркін қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы толық ақпарат болады, - ол.

Данияр Қадыровтың сөзінше, заң жобасы аясында ақпаратқа қол жеткізу саласына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі профилактикалық бақылау нысанында бақылау субъектісіне бармай және жоспардан тыс тексеру жүргізетін болады.

Ұлттық банкті, соттарды және сот әкімшілігін қоспағанда, ақпарат иелері бақылау субъектілері болады. Нысандарға ақпараттық стендтер мен басқа да техникалық құралдар, ресми интернет-ресурстар, «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдас бөліктері, сондай-ақ ашық отырыстардың онлайн-трансляциялары, жалпыға қолжетімді интернет-ресурста сақталған ашық отырыстардың жазбалары мен сілтемелері жатады, - деді министрліктің өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға