Жаңалықтар

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

Үміткерлер белсенді насихат жұмыстарына кірісті
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды
Фото: ЖСДП 22.10.2022 16:55 1905

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Қарағанды облысы Шахтинск қаласының Орталықтандырылған кітапханасының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды El.kz

Кездесу барысында Президенттікке үміткер ЖСДП және партия жүргізіп жатқан жұмыс жөнінде бөлісті. Өз сөзінде үміткер неолибералдық идеологияның уақыты өткенін айтты. Әлемнің көптеген елдері қазірдің өзінде социал-демократияға көшкен. Бұл идеология кедейлікпен күресетін, адамдарға өмір сүру үшін тең мүмкіндіктер ұсынатын, мемлекетті негізгі тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз ететін әділ әлеуметтік мемлекет құруға бағытталғанын атап өтті.

ЖСДП жылдар бойы және жоспарлы түрде партиялардың Парламентке өту шегін 7%-дан ден 5%-ға дейін төмендетуді, әкімдерді сайлауды енгізуді, Конституциялық сотты жандандыруды жақтап келеді. Партияның осы және басқа да көптеген тармақтары бүгінде Үкімет назарында.

Сондай-ақ, Нұрлан Әуесбаев жиналған қауымды олигархиялық экономикадан бас тарту, тегін медицина және білім беру, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру, парламенттік-президенттік басқару нысанына көшу секілді өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды.

Үміткер атап өткендей, бүгінде ел алдында тұрған басым міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықты жою.

Қарақат Әбденнің сайлауалды штабы белсенді насихат жұмыстарын бастап кетті. 22 қазан күні штабтың үгіт-насихат тобы Ақмола облысының Қосшы қаласының Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге келгендерді үміткердің сайлау алды платформасының басты бағыттарымен таныстырды. Қ. Әбден өз бағдарламасының әрбір қазақстандықтың өміріне қалай әсер ететінін әңгімелеп берді. Кездесу барысында сайлаушылар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойып, мәселе көтерді. Сұрақтардың дені  әлеумет, инфрақұрылым, баспананы жақсарту туралы болды.

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен өзінің үгіт-насихат жұмыстарын бастады. 22 қазан күні Павлодар облысына барып, кәсіподақ өкілдерімен, жастар сондай-ақ кәсіпкерлермен және еңбек азаматтарымен кездесті.

Алғашқы кездесу жастардың бастамаларын дамыту орталығында өтті. Жиында өңір бойынша жұмысқа тұру, тұрғын-үй, еңбек ақы мәселелері көтерілді. М. Қажыкен бұл мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Тиісінше баспана алуға шамалары келмейтін  отбасылардың аз емес екенін растап, мемлекет әрбір отбасыға жағдай жасауы қажет екенін айтты.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға