Жаңалықтар

Саясаттанушы Сайын Борбасов: Әділетті қоғамның тірегі – заң

Саясаттанушы Сайын Борбасов: Әділетті қоғамның тірегі – заң
Фото: Жеке мұрағаттан 08.08.2024 14:35 572

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» идеясын көтеріп, оның экономикалық бағдарын да айқындап көрсетіп берді. «Адал азамат», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы да осы Әділетті Қазақстан идеясымен астасып жатқаны анық. Президенттің мемлекеттік құрылысқа қатысты да айтары бар. Айталық, қуатты парламенті бар президенттік республика үлгісі – бүгінгі күннің талабы. Ал «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы – мемлекеттің үш тірегі.

Десе де, азаматтық қоғамның өз орны бар. Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктері ел өмірі үшін аса маңызды. Саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов El.kz-ке берген сұхбатында бүгінгі саяси, экономикалық өзгерістердің астарына үңілді.  

El.kz: Ақорда «Әділетті Қазақстан» идеясын көтеріп жатыр. Бұл идеяның өмірдегі іске асу барысы қалай?

Сайын Борбасов: «Әділетті Қазақстан» – өте жақсы ұғым. Әділеттілік қағидасы –демократияның әлемдік үдерісі. Демократияның өзі – әділетті сайлау, сөз бостандығы, демократиялық құндылықтар, адам құқықтарының қорғалуы. Осының барлығы – әділетті қоғамның негізі. Әділетті қоғам бар жерде халықтың көңіл-күйі де жақсы болады. Даму да қарқынды жолға түседі. Әділетті қоғам орнататын ең негізгі құбылыс – заңның үстемдігі, оның бұлжытпай орындалуы.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты кітабында: «Заң жақсармай, қоғам жақсармайды. Қоғамның дамуына сай келмейтін заңдар өзгеріп отыруы тиіс. Қоғамның дамуына ықпал ететін, талапқа сай заңдардың бәрі қалуы керек» деп жазылған. Бұл идея сонау ХХІ ғасырда айтылған. Содан бері әлі ештеңе бір мысқал өзгерген жоқ. Әділетті қоғамның тірегі – заң. Заңға патшадан бастап қарапайым аула сыпырушыға дейін бағуынуы тиіс. Сонда қоғам әділетті болады.

Заңға тек қарапайым адамдар бағынып, байлар мен олигархтар бағынбайтын болса, әділетті қоғам орнамайды.

Назарбаев дәуірінде «бәріміз заңға бағынуымыз керек» деп ұран көтерілгенімен, сол кездегі биліктің өзі заңды белшеден басты. Билікті де, байлықты да өз қолдарына жинап алды. Әділеттілік қағидаты бұзылды. Әлемдік қоғамдық ойда әлеуметтік әділеттілік қағидаты бар. Әлеуметтік әділеттік қағидаты орындалмаса, жақсылық болмайды. Әділетті қоғамда нәпақасын тауып, адал нанын тауып жүрсе, кедей кедейлігіне ренжімейді. Өзінің тағдырынан көреді. Ал әділетсіз кедейленсе, онда реніш туады. «Мыналар қоғамның байлығын талап жатыр, мен қайыршы болып жүрмін» деген ойға келеді. Әділетті қоғамда еңбегіне қарай табыс табады, ақша төленеді.

El.kz: «Балаларға арналған ұлттық қор жобасы» осы әлеуметтік әділеттілікке ұмтылу деп айта аламыз ба? 

Сайын Борбасов: Иә, әрине. Елімізде әділеттік туралы айтылып жатқаны бекер емес. Ұмтылыс бар. Он сегіз жасқа дейінгі балаларға мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін салып жатыр. «Балаларға арналған ұлттық қор жобасы» – әлеуметтік әділеттіліктің бір көрінісі.

Сонымен қатар, Қазақстанда әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Шынын айту керек, біздің кейбір еркектер есалаңға айналып кетті. Ұрып-соғу, ойларына келгенін істеу, бірнеше әйел алып, «талақ» айтып тастап кету көбейді. Мұның бәрі – бұрынғы биліктің қалдырған мұрасы. Патша қандай болса, артындағылары да сондай болуға ұмтылады. Халық бұзылды. Әйтпесе, қазір екі әйел алатын заман ба? Әйелдердің мінезі, психологиясы, санасы өзгерген. ­Өскен. Білімді. Бірен-сараны болмаса, бұрынғы замандағыдай екі әйел алуға көнбейді. Екі әйел алушылық – біздің қоғамдағы үлкен ауытқу.

Әйелдердің құқықтарының қорғалуы – өте дер кезінде қолданылған шара. Бұрынғы экономика министрі Бішімбаев сотының ашық өткені де өте дұрыс болды. Бұл жайт тек қана қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлем халқына үлгі болып жатыр. Бұл да – әділеттілік.

Тағы бір мысал айта кетейін. Көктемде табиғат апаты болды. Қарғын су қаншама елдімекенді талқандап кетті. Билік басына ауыртпашылық түскен елге үлкен жақсылық жасады. Халық мұны жақсы түсінуі керек. Естіген дерегім бойынша, бір жылда сегіз мың үй салыныпты. Бір жыл үшін бұл – үлкен көрсеткіш. Жуырда тағы да екі мың үй беріледі екен. Күзге дейін тағы да он шақты мың үй салынып бітеді. Бұл – су астына қалған ауылдардың басым көпшілігі үйлерін жаңартып алады деген сөз. Бұл да – әділетті қоғамның көрсеткіші.

Мемлекет өз халқын далаға тастаған жоқ.  Қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Табиғат апатынан зардап шеккендердің шығыны өтеліп, алдарына мал салып берілді. Бұған миллиардтаған қаржы бөлінген. Мұны қандай мемлекет жасап жатыр? Бай деген Түркияның өзі зілзаладан кейін халқына мұндай жағдай жасаған жоқ.

El.kz: Мұны Әділетті Қазақстанның нақты көрінісі дейсіз бе?

Сайын Борбасов: Бұл – үлкен іс. Бұдан бөлек, балаларға үлкен қамқорлық жасалып жатыр. Суға кеткен аймақтарда ҰБТ тапсыра алмаған түлектерге көмек көрсетіліп жатыр. Көп балл жинаса да, өтпей қалған балаларға 10 мыңға жуық қосымша грант бөлінбек. Демек, балалардың басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл да – әлеуметтік әділеттілік.

Десе де, кемшіліктеріміз де жоқ емес.  Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сөз бостандығына қатысты мәселеге оң көзбен қараған жөн. Оппозицияның болуы – заңды құбылыс. Ол – қоғамдық өмірдің табиғи заңдылығы. Қай қоғамда да ол міндетті түрде болады. Өйткені, әркім әртүрлі ойлайды. Бүгінгі билік біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Біреулер мен сияқты орташа көзқараста болуы ықтимал. Билікті сынағандардың бәрі жау емес. Керісінше, билік оппозиция көтерген мәселелерге назар аударып отыруы тиіс. Сонда қоғам жақсарады. Оппозиция – дертімізді, осал жерімізді көрсетіп беретін құбылыс. Ақылды билік оппозицияның тиімді ойларын қабылдай алуы шарт.

El.kz: Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген алғашқы күндерден бастап «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл қаншалықты жүзеге асып жатыр?

Сайын Борбасов: Біршама орындалып та жатыр. Жоғарыда айтылған жайттар халық үніне құлақ асатын мемлекет екенімізді көрсетеді. Әділеттіліктің бәрі осында. Айталық, шахталарда үлкен апаттар болды. Павлодар облысында бір автобус жер астына құлап, қанша адам қаза болды. Соны төрт ай іздеп, ақыры тапты. Соның өзі биліктің халық сөзіне құлақ асқанын  байқатады. Қанша ақша жұмсаса да, денелерін шығарып, туыстарына табыстады.

Шығыс Қазақстанда ормандарды өртеген адамдарды ұстапты. Ол да халықтың болашағы үшін керек. Қарағайлы орман – ерекше табиғат жарылысы. Әлемде сирек кездеседі. Оны отап, сатып жүрген – билік емес, жұмыртқадан жөн қырыққан бизнесмендер, өзіміздің халық. Осыны жөндеу, қайта қалпына келтіру – оңай шаруа емес. Ауызды қу шөппен сүртіп, билікті жамандай беруге болмайды. Біраз шаралар жасалып жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес біздің мемлекеттіміздің басты міндеті болуы тиіс. Бізде көзбояушылық көп. Мұны жасап жатқан – жергілікті биліктің өкілдері. Жолдарды өтірік жөндейді, жымқырады. Мысалы, бір ауданда мектептерге тиесілі миллиардтаған ақшаны жеп қою деген сұмдық нәрсе.

Ең бастысы – олигархтар заңсыз жинап алған ақшаны елге қайтару. Ең төменгі есеп бойынша, 400 миллиард доллар қаражат шетел асқан. Қазақстанның бір жылғы бюджеті миллиард доллар көлемінде. Яғни, шетелдегі ұрлықы ақшаны қайтара алсақ, төрт жыл бойы жұмыс істемей отыруға болады. Ал кейбір деректер бойынша, 1 триллионға дейін қаражат шетке кеткен. Бұл ақша қайтарылса, Қазақстан халқы шаш етектен байып кетуші еді.

Мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Қазіргі билік бұл қаражатты қайтаруға күш салып жатыр. Арнайы комиссия құрылды. Жұмыс жасап жатыр. Бірақ әзірге дейін 2-3 миллиард доллар көлемінде ғана ақша қайтарылып отыр. Бұл жұмысты әлі де болса, тиімдірек жүргізуге болады.

Ресейде Шойгудың орнына жаңа Қорғаныс министрі келді. Андрей Белоусов деген азамат. Ресейдің қаржы жымқырған шенеуніктеріне қырғидай тиіп жатыр. Ақша жегендерді әшкерелеп, ақшаны қайтарып алуда. Өзі де таза адам болса керек. Мемлекеттік Думада лауазымды шенеуніктердің, олигархтар мен депутаттардың балаларының қалай Батыс елдерінде: Парижде, Лондонда сауық сайран салып жүргенін атап көрсетті. Ал қарапайым халықтың балалары соғысқа атанып жатыр. Бұл әділдік пе?

Осындай науқан бізге де ауадай қажет. Бізде де байлардың балалары шетелде демалады, шетелде оқиды. Шетелде кім оқу керек? Дарынды балалар оқу керек. Ал байдың балалары баллы жетпесе, жергілікті оқу орындарының ақылы бөлімінде оқуы тиіс.

El.kz:  «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасы жария етілуде. Қуатты парламенті бар президенттік республика идеясына деген пікіріңіз қандай?

Сайын Борбасов: Әрине, кез келген мемлекеттік билік имиджін жақсарту үшін түрлі идеялар көтереді. Халықтың алдында жақсы қырынан көрінгісі келеді. Көтерілген идея – өте дұрыс. Қолдауға тұрарлық.

Бірақ парламент ілкімді болмай тұр. Іліп аларлық 10-15 депутат қана бар. Шындықты шырылдап айтып жүрген Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек, Ринат Зайытов, Жұлдыз Сүлейменова деген депутаттарды осы санатқа қосамын. Бұрын министр болған Асхат Аймағамбетов секілді азаматтар бар. Қалғандары – баласт. Жоғарыдан не айтылса, бас шұлғып орындап отыра береді. Облыс әкімі, министр болғандар парламентке отырып алған. Бұл дұрыс емес. Сондықтан парламентке мажоритарлық жүйе бойынша бүкіл халық сайлайтын депутаттар келуі керек тәрізді. Парламентке белсенді, заңды білетін заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар отыруы қажет.

Парламент – басқарушы элитаның кадрлық резерві. Әлемдік тәжірибеде парламентте келіп, депутат болып, қоғамдағы құбылыстарды түсініп алған тұлға ғана министр болып қызмет жасайды.  Мұны элита циркуляциясы дейді. Бізде бұл жағы кемшін. Бір элита қалып қойса,  халықтың байлығын соруға ұмтылады. Назарбаев кезеңі мұны жақсы көрсетіп берді. Қазір біршама қозғалыс бар. Бірақ аздау. Билік әлі де сақтық танытатын сияқты. Жақсы жақтарымыз да бар, бірақ кемшілік көп. Олқылықты дереу түзеп отырған жөн. Әйтпесе, құрдымға кетуіміз ғажап емес. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ бекер айтпаған.

El.kz: Азаматтардың  мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігі бар ма?

Сайын Борбасов: Бұл мәселеге қатысты бір мысал айта кетейін. Атом электр стансасы саламыз дейді. Өз басым бұған қарсы емеспін. Бірақ озық технологиялармен салынсын. Мәселен, Жапония, АҚШ және Германия секілді елдерге салғызуға болады.

Бірақ технологиялық жағынан артта қалып қойған елдерге сеніп тапсыруға болмайды.

El.kz: Азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысуының бір көрісіні – референдум. Билік бұл мәселеге қатысты референдум өткізуге уәде беріп келеді. Бұл да халықпен санау емес пе?

Сайын Борбасов: Демократияның басты принципі – дұрыс сайлау өткізу. Берілген дауыстардың әділ есептелуі. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі күшейеді. Бұл – демократияның қағидаты. Бүкіл әлемде солай.  Сайлау нәтижесі бұрмаланса, қоғам түзелмейді. Мұны ойдан шығарғаным жоқ, бұл – халықаралық тәжірибе.

Автомобильдің басқа қозғалтқышын жасауға болады. Бірақ қоғамды басқарудың басқаша тәсілін жасай алмайсың. Басқарудың ең ойтайлы түрі – демократия. Әлем елдері түрлі формацияларды бастан өткеріп барып, соңында осыған тоқталды. Ал демократия әділ сайлаудан басталады. Бұдан бөлек, заңның үстемдігі, биліктің халық алдында есеп беруі, жергілікті әкімдердің сайлануы, депутаттардың дұрыс сайлануы – демократияның сегменттері. Бір сегменті бұзылса, демократия дұрыс болмайды. Азаматтық қоғамның ұйымдары арқылы билікке ықпал жасап отыруы тиіс. Одан басқа тетіктер жоқ.

El.kz: Азаматтық қоғамның дамуына әңгімемізді бұрайық. Партиялық жүйенің, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақ ұйымдарының жұмысына баға беріп өтесіз бе?

Сайын Борбасов: Бір өкініштісі, бізде халықтың ішінен қайнап шыққан партиялар жоқтың қасы. Саяси партиялардың көбі – жасанды екені белгілі. Бізде билікке бір келген топ орнынан кеткісі келмейді. Тоқаев бір мезгіл ғана отырып, баршаға үлгі көрсетуге уәде беріп отыр.

El.kz: Сонда бізде азаматтық қоғам әлсіз бе?

Сайын Борбасов: Әрине, азаматтық қоғам керек. Партиялық жүйе керек. Бірақ бұрмаланбауы тиіс. Партия туралы заңдар қабылданса, соның негізінде партиялар жұмыс істеуі керек. Бұрын бізде партия құру үшін жүз мың адамның дауысын жинау талап етілетін. Қазір біршама оңайлады. Қазір елу мың адамның дауысы қажет. Меніңше, бұл да көп. Партия құру үшін бес мың адамның дауысы жиналсын. Бес мың адам да – халықтың бір бөлігі. Мәселен, Италияда жүз шақты партия бар. Одан ешкім зиян шегіп отырған жоқ. Ультраоңшыл көзқарастағы Джорджа Мелони деген әйел адам билікке келді. Ол елді қандай тамаша басқарып отыр. Италияның экономикасы дамып, гүлденіп жатыр. Мұның бәрі дұрыс басқарудың арқасында болып жатқан жайт. Билік қоғамды дұрыс басқарса, өркендеу болады. Ал елді дұрыс адам басқару үшін әділ сайлау керек.

АҚШ-тағы сайлауда Камала Харрис пен Дональд Трамп екеуі қатар келе жатыр. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, Камала Харис сәл ғана басымдыққа ие болған. Президенттік сайлау осындай болуы тиіс. Иранның да президент сайлау әділетті өтті. Билік партиясының 70-90 дауыс алуы дұрыс нәрсе емес. Бұл әкімшілік ресурстарды пайдаланып жатқанының белгісі.

Әділетті Қазақстан осындай келеңсіздіктерден арылады деп сенейік.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға