Жаңалықтар

Саясат Нұрбек Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысы туралы айтты

Саясат Нұрбек Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысы туралы айтты
Фото: facebook.com/sayasat 26.01.2023 20:52 1987

Мемлекет басшысы бүгін «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Мен бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімінің отандық ғылым саласын дамыту және мемлекеттің технологиялық саясатын одан әрі жүзеге асыру ісінде стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өткен болатынмын.

Отандық ғалымдар, өнертапқыштар, сондай-ақ саланың көптеген өкілдері Мемлекет басшысының Ұлттық ғылыми жүйені басқаруды жетілдіруге бағытталған бүгінгі Жарлығын зор ықыласпен қабылдағанына сенімдімін. Өйткені, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес елдегі ғылымның ашық моделіне көшу үдерісіндегі маңызды институттардың бірі болып табылады" деді Саясат Нұрбек.

Ережеге сәйкес Кеңестің негізгі міндеттері:

* ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы Ғылым академияларының қызметін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындау, қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

* ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін талдау;

* ғылым мен ғылыми-техникалық қызметке қатысты мемлекет саясатының өзге де маңызды мәселелерін талқылау.

"Бұл ретте кеңес – отырыстарға төрағаның шешімі бойынша Парламент депутаттары, кеңес құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар қатыса алатын ашық консультативтік-кеңесші орган екенін атап өту маңызды деп санаймын.

Баршаңызды осы айтулы оқиғамен тағы да құттықтаймын. Бізде атқарылар жұмыс көп. Саладағы реформалар біртіндеп қарқын алуда. Ал біз жоспарларымызға сәйкес жұмыс істейміз. Мұның бәрі Отанымыз – Қазақстан Республикасының болашағы үшін!" деп жазды министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға