Сәуір айының ең қуатты смартфондары анықталды

 Фото: OnePlus
Фото: Фото: OnePlus

AnTuTu жаңа өнімділік рейтингін жариялады.

Бұл жолы тізімде айтарлықтай тосынсый жоқ – үздік ондыққа енген смартфондардың сегізі Snapdragon 8 Elite Gen 5 чипсетімен жабдықталған.

Рейтинг көшін Red Magic 11 Pro бастап тұр. Одан кейін iQOO 15 орналасса, үшінші орынды Poco F8 Ultra иеленген. Сарапшылардың айтуынша, бұл нәтижелер флагмандық Qualcomm платформасының жоғары өнімділігімен тікелей байланысты.

Ең қуатты смартфон қайсы?

AnTuTu нұсқасы бойынша сәуір айының ең өнімді смартфоны – Red Magic 11 Pro. Ол 3,93 миллион балл жинаған. Екінші орында шамамен 250 мың ұпай артта қалған iQOO 15 тұр. Ал Poco F8 Ultra көшбасшылар үштігін қорытындылап, одан тағы 50 мың ұпай төмен нәтиже көрсеткен.

IQoo 15 Ultra

Бұл үш құрылғыны біріктіретін басты ерекшелік – барлығы Snapdragon 8 Elite Gen 5 платформасында жұмыс істейді. Жалпы, дәл осы чипсет сәуір айындағы ең қуатты он смартфонның сегізінде қолданылған. Олардың қатарында OnePlus 15, Xiaomi 17 Ultra, Samsung Galaxy S26 Ultra, Xiaomi Mi 17 және OnePlus Ace 6 бар.

Ал MediaTek Dimensity 9500 платформасымен екі смартфон ғана топ-10 қатарына енген. Олар – жетінші және сегізінші орындарды иеленген OPPO Find X9 Pro мен vivo X300 Pro.

Дегенмен Red Magic 11 Pro-ның топ бастағаныға күмәнмен қарайтындар бар. Себебі бұған дейін бұл смартфон синтетикалық тестілерде өнімділікті жасанды түрде арттырды деген күдікке ілініп, тіпті 3DMark рейтингінен де шығарылған болатын.

AnTuTu-дің үздік ондығы

Apple құрылғылары қаншалықты жылдам?

Apple құрылғыларының нәтижесі де қызық көрінеді. Ең жылдам iOS құрылғыларының үздік ондығында iPhone-нің бір де бірі жоқ. Бұл тізімге планшеттер ғана енген.

Ең қуатты iPhone – iPhone 17 Pro Max 13-орынға тұрақтаған. Тіпті ол iPad Air планшеттерінен де артта қалған. Бұл тек жаңа M4 чипімен шыққан модельдерге ғана емес, былтырғы M3 платформасындағы нұсқаларға да қатысты.

Оқи отырыңыз