Жаңалықтар

Сауд Арабиясында әйелдерге еркіндік беріле бастады

Соңғы жылдары Сауд Арабиясында орын алған өзгерістерді жалаң көзбен байқауға болады екен
Сауд Арабиясында әйелдерге еркіндік беріле бастады
Фото: qamshy.kz 27.10.2022 09:08 3323

 

Салыстырмалы түрде арзан билетпен қалаған жеріңе жеткізіп салатын «ФлайДубай» әуекомпаниясының ұшағы бұлтсыз араб аспанын тілгілеп келіп, әбден етене болып кеткен сұр сахараның ортасында орналасқан Рияд қаласының әуежайына қалқып барып сәтті қонды.

Сауд Арабиясы Мемлекеті Мәденит министрлігінің жанындағы Әдебиет, баспа және аударма комитетінің шақыруымен қазан айының басында Рияд қаласында өткен халықаралық кітап көрмесінің жұмысына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков және осы жолдардың авторы қатысты.

Көрмеге әлемнің 36 елінің баспалары қатысып, өз өнімдерін қойды. Көрме Сауд Арабиясының жыл сайын өткізетін, келушілер саны, кітап сату көлемі мен мәдени бағдарламаларының алуандылығы, сондай-ақ белгілі араб және халықаралық баспалардың қатысуы жағынан өте ірі және маңызды мәдени шарасы болып табылады.

Делегация мүшелері Әдебиет, баспа және аударма комитетінің аударма басқармасының директоры доктор Хайла әл-Халафпен кездесіп, сауд ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне және қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын араб тіліне аудару, қазақстандық және сауд баспалары арасында тікелей байланыс орнату бойынша ынтымақтастықты жолға қою туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.

Қазақстандық делегация мүшелері ҚР-ның Риядтағы Елшілігінде болып, Елші Берік Арынмен кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Сауд Арабиясына осы сапарды ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Елші қазақ дәстүрінен аумай біртуар ақын Ұлықбекке шапан жапты. Шапан дегенде түйе жүнінен жасалған араб шапанын жапты, басына арабтың орамалын салды.

Соңғы жылдары Сауд Арабиясында орын алған өзгерістерді жалаң көзбен байқауға болады екен. Біріншіден, араб әйел-қыздары жаппай жұмысқа тартыла бастаған. Бізбен келіссөздер жүргізгендердің бірі ғылым докторы болса, екіншісі магистрлік дәрежесі бар сауд қыздары.

Екіншіден, қазақ әйелдері ондай қорлықты көрген жоқ, сауд қоғамында өзбек әйелдерінің паранджаны лақтыруымен тең өзгеріс болыпты. Сауд әйелдері жүздерін ашып, орамалдың астынан шаштарын шығара бастағаны бұл елде эмансипацияның, әйел бостандығының үлкен бір көрінісі ретінде қабылданып отыр. Барлық әйелдер хиджаб киеді, тек бұрын шетелдік әйелдер бетін жаппаса, бүгінде сол құқыққа жергілікті қызы-келіншектер ие болған.

Үшіншіден, сауд әйелдері автокөлікті жүргізу құқығына ие болған. Жүргізуші әйелдер саны жылдан-жылға өсіп келеді және көзге үйреншікті бола бастаған.

Төртіншіден, Сауд Арабиясындағы алғашқы кинотеатр 2018 жылы ашылып, бірінші кинокөрсетілім өткен екен. Бұған дейін діни іс-шаралардан басқа кез келген ойын-сауық пен бұқаралық іс-шараларға қатаң тыйым салынған болатын. Рас, кинопрокатта өте қатаң цензура бар: фильмдердегі эротикалық көріністер, сондай-ақ дененің жартылай жалаңаш бөліктері бар көріністері қырқылып тасталады.

Сауд қоғамындағы өзгерістер 2016 жылы Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігінің құрылымына ресми түрде кіретін, бірақ барлау қызметі функциялары бар Ізгілікті ынталандыру және жамандықты болдырмау жөніндегі комиссияның өкілеттіктерін шектегеннен кейін мүмкін болған. Осы комиссияның күштік бөлімшесі – «әл-Мутава» діни (шариғат) полициясынан «моральға қарсы» қылмыс жасады деген күдіктілерді іздеу және қамауға алу және оларды полицияға тапсыру функцияларын алып тасталды.

Сауд тақмұрагерінің жетекшілігімен «2030» бағдарламасы қабылданған. Оған сәйкес елдің экономикасының негіздерін диверсификациялау, елдің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайту, ұлттық экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік салаларды дамыту: денсаулық сақтау, білім беру, туризм және т.б. қарастырылған.

Сауд қоғамында болып жатқан өзгерістер бұл елдің біртіндеп қоғамның түрлі салаларын жалпыға бірдей қабылданған түрге өзгертіп, өркениетті әлемге қарай жылжып келе жатқандығын көрсетеді. Бұл өзгерістердің бастауында қазіргі сауд королі Салманның ұлы, тақмұрагері ханзада Мухаммад тұр.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға