Apple компаниясының жиналмалы смартфоны алғашқы сатып алушылар арасында әртүрлі пікір тудырды. 9to5Mac басылымы жүргізген сауалнамаға қатысқандардың үштен біріне жуығы құрылғыны сатып алғаннан кейін кері қайтарған. Бұл туралы El.kz интернет порталы жазды.
Зерттеуге басылымның 6 мыңға жуық оқырманы қатысқан. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің шамамен 30 пайызы Apple белгілеген 14 күндік мерзім ішінде iPhone Duo смартфонын қайтарып, ақшасын алған.
Пайдаланушылардың негізгі наразылығы Face ID жүйесінің болмауына, Touch ID технологиясына үйренудің қиындығына, камера мүмкіндіктеріне және сыртқы экранның өлшеміне байланысты болған.
Кейбір сатып алушылар күнделікті қарапайым әрекеттерді орындау үшін смартфонды үнемі ашуға тура келетінін айтқан. Өйткені сыртқы дисплей көптеген операцияларды ыңғайлы орындауға жеткілікті үлкен болмаған.
Құрылымдық ақаулар да сынға ұшырады
Жиналмалы смартфонның топсасына қатысты да шағымдар болған. Сауалнамаға қатысушылардың бірі Сахара шөліне барған сапарынан кейін құрылғының жиналмалы механизміне құм кіргенін жеткізген. Соның салдарынан смартфонды ашқан кезде сықырлаған дыбыс шығып, құрылғы толық жазылмай қалған.
Apple үшін жаңа тәжірибе
Бұған дейін Apple компаниясы iPhone Duo моделін алғашқы iPhone шыққаннан бергі желідегі ең елеулі өзгеріс деп атаған. Жиналмалы құрылым смартфонның қалыптасқан эргономикасын қайта қарауды талап етті. Сыртқы экранның өлшемдері өзгеріп, құрылғыны пайдалану тәсілі де жаңарған.
Алайда сауалнама нәтижесі сатып алушылардың бір бөлігі мұндай өзгерістерге дайын болмағанын көрсетеді. Олар үшін үлкен экраннан гөрі күнделікті қолдану ыңғайлылығы, камера сапасы және үйреншікті функциялардың болуы маңыздырақ болып шыққан.