Жаңалықтар

Сарытоғай ауылында алма бейнеленген мүсін қойылды

Мүсінді жергілікті ағаш шебері жасаған
Сарытоғай ауылында алма бейнеленген мүсін қойылды
Фото: inform.kz 21.11.2022 06:35 1757

Сарытоғай ауылында шағын саябақ ашылып, алма бейнеленген мүсін орнатылды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында 1948 жылдан бері арнайы бақта алманың 17 түрі өсірілген. Алмадан дайындалған 3 түрлі өнім еліміздің өзге өңірлеріне, Ресей Федерациясының бірнеше облысы мен Татарстан, Башқұртстан Республикаларына жіберілген.

Кейін алма бағы иесіз қалған. Енді Сарытоғай ауылында шағын саябақ ашылып, алма бейнеленген мүсін орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 3 метр. Оны осы ауылда тұратын ағаш шебері Орынғали Сариев жасаған. Оған ауылдағы орта мектепті 1975, 1985 жылдары бітірген түлектер қолдау білдірген.

«Кезінде Сарытоғай ауылындағы бақта алманың ең дәмдісі өсірілді. Сол кезде ауылдың үлкені де, кішісі де алма бағында жұмыс істеді. Алма ағаштарына құятын суды Жайық өзенінен шелекпен тасушы едік. Балаларымыз жастайынан еңбекпен шыңдалды. Тұрғындардың бірлігі мен еңбекқорлығының нәтижесінде ауылымыз алма бағымен одаққа танылды. Бүгінде сол алма бағының орны мен ескірмейтін естелігі ғана қалды. Бақтың жұмысы қайта жандандырылса, аудан экономикасына пайдасы тиер еді. Ал, алманың мүсіні – өткен тарихтың белгісі», - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов.

Ауыл тұрғындары шағын саябаққа алма ағашын екті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға