Жаңалықтар

Сарапшылар саммиттің елімізге қажеттілігін айтты

Оған қатысу үшін әр елден 11 мемлекет басшысы келді
Сарапшылар саммиттің елімізге қажеттілігін айтты
Фото: liter.kz 13.10.2022 19:11 2557

Елімізде Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесінің VI саммиті басталды. Оған қатысу үшін әр елден 11 мемлекет басшысы келді. Саммиттің маңызы мен онда талқыланған мәселелерге тоқталу мақсатында қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшы-менеджері Елдос Жұмағұлов пен сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жоба менеджері Жақсыбек Жиеналиев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Алдымен Елдос Жұмағұлов аталған саммиттің елімізге аса қажет екенін атап өтті.

«Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесі Қазақстанның бастамасымен 1992 жылы құрылған ұйым болатын. Содан бері ең соңғы кеңесі 2019 жылы өтті. Енді қазіргі таңдағы келесі саммит Астанада өтіп жатыр. Бұл іс-шаралар біздің елге қажет. Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатына сәйкес, елдер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге күш салуда. Ол біздің мүддеміз үшін керек. Дәл қазір бірден нәтижесін көреміз деп айту қиын. Бірақ болашақта инвестиция тартуға, ынтымақтастықты нығайтуға себепші болады деген сенім бар», - деді ол.

Сондай-ақ қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшы-менеджері мемлекет басшысының саммитте айтқан сөзіне тоқталды.

«Президент «XXI ғасыр Азияның ғасыры болады» деген болжамның расталғандығын айтты. Енді бұл аймақты біріктіретін үлкен ұйым жоқ. Бірақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесі секілді ұйымдар Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Елдос Жұмағұлов.

Ал Жақсыбек Жиеналиев осы жолғы елордада өткен саммит ерекше болды деп отыр.

«Бүгінгі өткен Азия кеңесі саммитінің орны ерекше. Өйткені бұл бастама 1992 жылы БҰҰ-ның 47-сессиясында ұсынылған болатын. Саммит 30 жыл уақыт аралығында бірқатар жетістігімен көзге түсті. Сонымен қатар қазір геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты саммиттің маңызы өте жоғары деңгейге көтерілді деген ойдамын», - деді.

Сонымен қатар ол Азия кеңесінің әлемдік деңгейге көтеріледі деп отыр.

«Астанадағы отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия кеңесінің халықаралық ұйым деңгейіне көтеру мәселесін қозғады. Оны кеңес мүшелерінің барлығы қолдады. Сондай-ақ Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесіне 28-ші мүше ретінде Катар мемлекеті кірді. Ол енді алдағы уақытта халықаралық кеңестің жұмыс істеу шеңберін аймақтық емес, жаһандық деңгейге көтеретін болады», - деді Жақсыбек Жиеналиев.

Сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жоба менеджері мемлекет басшысының бірқатар мәселелеріне тоқтала кетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте бірнеше мықты бастамаларды көтеріп отыр. Бірінші кезекте, ол Азиялық кеңеске Қазақстанның 2024 жылға дейін төрелік етуі жайлы айтты. Саммит аясында қазіргі кездегі азық-түлік, логистика, тауар айналымы туралы мәселелерін көтерді. Президентіміз қандай жағдай болмасын үнемі жастар мәселесін көтеріп жүреді. Осы кеңеске мүше елдер мен ғылыми-жетекші университеттер арасындағы серіктестікті дамытуға бастама көтеріп отыр. Елімізде жетіспейтін, енді қарқын алып келе жатқан IT, нанотехнология саласы, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беруде», - деді ол.

Жақсыбек Жиеналиев алдағы уақытта саммиттің ел арасындағы дәрежесі жоғарылайтынына сенімді.

«Саммитте ауқымды мәселелер шешіліп жатса, болашақта халықаралық дәрежесі де, рөлі де арта түседі деп ойлаймын. Бұл Қазақстан үшін де, мемлекет басшысы үшін де үлкен бедел, абырой», - деп айтты сарапшы.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға