Жаңалықтар

Сарапшы: Демократиялық жүйе құру үшін парламенттің қос палаталы болуы маңызды

Сарапшы: Демократиялық жүйе құру үшін парламенттің қос палаталы болуы маңызды
Фото: жеке мұрағаттан 19.03.2024 18:25 344

Бүгін Астанада «Биліктің заң шығарушы тармағы: трансформация және жаңа бағдарлар» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Іс-шара барысында саяси сарапшы Ерлан Ахмедин сөз сөйлеп, қазақ парламентаризмінің эволюциясы мен рационалды демократия туралы ойын ортаға салды.

Қазақстанның парламентаризмінің тарихы 90-жылдардан бастау алады. Алайда тарихты терең қазбаласақ, ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен белгілі заңгер Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставы» деген үлкен құжатты дайындайды. Ол - қазіргі заманауи контитуцияға ұқсас құжат. Қазақтың тарихында тұңғыш конституцияның жобасы деуге де болады. Бұл жобада тұңғыш рет парламент құрылу керектігі айтылған, – деді Ахмедин.

Кеңес заманында формалды парламент болды деген сарапшы, нағыз кәсіби парламент 90-жылдары пайда болды деп айтып өтті.

1995 жылы бізде жаңа Конституция қабылданып, екі палаталы парламент болдық. Қазіргі таңда әртүрлі сарапшылар мен Youtube саясаттанушылары екі палаталы парламент тек қана федеративтік мемлекеттерде болады деген пікірді ұстанып отыр. Бұл - жаңсақ пікір. Жапония, Италия, Франция – унитарлы мемлекеттер. Қазақстан да унитарлы мемлекет болып табылады. Бұл мемлекеттерде екі палаталы парламент бар, – деді ол.

Бүгінде демократиялық жүйе құру мақсатын алға тартқан саяси сарапшы парламенттің екі палаталы болуының маңыздылығын  айтып өтті.

Дамыған демократиялық мемлекеттерде Сheck and balances, яғни тежеу және тепе-теңдік жүйесі бар. Заң екі палатада талқыланып, пісіп-жетілсе жақсы заң жобасына айналады деген ойдамын. Бұған дейін шыққан мақалаларымда демократияға қатысты өзіндік бір концепция ұсынған едім. Ол - рационалды демократия концепциясы. Демократияның либералды, консервативті түрлері бар екені белгілі. Мәселен, Батыс Еуропа, Америка құрама штаттарында либералды демократия орныққан. Ал Түркия консервативтік демократия ұстанамыз деп отыр. Біздің демократияға келсек, біз көпвекторлы саясатты ұстанамыз. Барлық мемлекеттермен бірдей қарым-қатынас орнатуға, сыртқы саясат, ішкі саясатқа осы мультивекторлық саясат әсер етеді. Барлығын сараптап, өзіміздің мемлекеттілігімізді сақтаймын десек, қазіргі таңда рационалды бағытты ұстап тұруымыз қажет, - деп қорытындылады Ерлан Ахмедин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға