Қиялдағы жәндіктер әлемі, төбеңнен ұшқан көбелектер, қабырға бойымен жүгірген шегірткелер мен көрерменді таңғалдырған акробатикалық трюктер. Бүгін Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуы алғаш рет қазақстандық көрерменге жол тартты.
OVO шоуы 4-7 маусым күндері Астанадағы «Барыс Аренада», ал 11-14 маусым аралығында Алматыдағы Almaty Arena сахнасында өтеді.
Португал тілінен аударғанда «OVO» сөзі «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Қойылым авторлары бұл атауды өмірдің пайда болуы, жаңару мен өзгерістің символы ретінде таңдаған.
Cirque du Soleil – бүгінде жай ғана цирк емес, әлемдік шоу-индустрияның феноменіне айналған жоба. 1984 жылы Канадада құрылған компания кейінгі қырық жылдан астам уақыт ішінде акробатика, театр, музыка және заманауи сахналық технологияларды біріктіріп, миллиондаған көрерменге ерекше әсер сыйлап келеді. OVO алғаш рет 2009 жылы сахналанған. 17 жыл ішінде қойылым әлемнің ондаған елін аралап, 10 миллионнан астам көрерменнің ықыласына бөленген.
Қазақстанға екі жүк ұшағымен келген шоу
Cirque du Soleil-дің ресми өкілі Жани Малленің айтуынша, мұндай ауқымды шоуды бір елден екінші елге жеткізу – үлкен логистикалық жұмыс. Қазақстанға келу үшін жабдықтар екі жүк ұшағымен тасымалданған.
OVO шоуымен әлем бойынша жыл бойы 100 адам бірге саяхаттайды. Оның 53-і – сахнаға шығатын әртістер. Бұдан бөлек техникалық мамандар, логистика, көлік, қонақүй және иммиграция мәселелерімен айналысатын команда бар. Қазақстанға келу үшін біз екі жүк ұшағын пайдаландық. Әдетте әлем бойынша 21 жүк көлігіне тең жабдықпен сапарлаймыз, – деді Жани Малле.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сахнадағы бірнеше сағаттық көріністің артында бірнеше жылдық дайындық пен жүздеген адамның еңбегі жатыр. Қойылым үшін алып сахналық құрылымдар, декорациялар, жарық, дыбыс жүйелері және жүздеген костюм әр қалада қайта орнатылады.
Жәндіктер сөйлейтін әлем
OVO қойылымының басты ерекшелігі – оның әмбебап тілі. Мұнда ұзақ диалог жоқ. Әртістер көрерменмен қимыл, музыка, пластика және эмоция арқылы тілдеседі. Сахнада көбелектер, шегірткелер, өрмекшілер, инеліктер және жәндіктер әлемінің өзге де кейіпкерлері пайда болады.
Шоуда жануарлар қолданылмайды. Cirque du Soleil-дің басты ерекшеліктерінің бірі де осы – жануарлардың бейнесін әртістердің өзі сомдайды. Қойылымда 53 әртіс өнер көрсетеді. Олар 25 елден жиналған және 17 түрлі тілде сөйлейді.
Цирк әртісі, әуе гимнастшы Артур Дудов OVO-да жұбайы Эсмира Кулиевамен бірге «Көбелектер» бейнесін сомдайды. Оның айтуынша, бұл образды сахнаға шығару үшін әртістер табиғаттағы көбелектердің қозғалысын арнайы зерттеген.
Біз жұбайыммен бірге түнгі көбелектердің образын сомдаймыз. Бұл рөлді алғаш ұсынғанда режиссерлер, қоюшылар мен хореографтар бізге үй тапсырмасы ретінде көбелектер мен түрлі жәндіктердің ұшуын бақылауды тапсырды. Сонда біз көбелектің тек әуеде қалықтайтын нәзік жаратылыс емес, оның бойында грация, динамика және ерекше форма бар екенін байқадық. Сол қозғалыстарды өз нөмірімізде көрсетуге тырыстық, – деді Артур Дудов.
«Цирк – тек трюк емес, өнер»
Артур Дудов цирк өнерінде 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Ал әуе акробатикасы жанрында жұбайымен бірге шамамен бес жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Оның сөзінше, Cirque du Soleil-дің ерекшелігі – күрделі трюктерді жай ғана көрсету емес, оны сахналық образбен, эмоциямен және оқиғамен байланыстыра білуінде.
Цирк – тек трюк емес. Егер бәрі тек күрделі элементтен тұрса, бұл спортқа жақынырақ болар еді. Ал біз үшін цирк – өнер. Өнерден шаршамайсың, себебі бір нөмірді күн сайын әртүрлі сезінесің, әртүрлі өмір сүресің. Сондықтан сахнаға шыққан сайын өзің үшін жаңа нәрсе ашасың, – деді ол.
Оның айтуынша, көрермен OVO-ға балаларға арналған қойылым деп қана қарамауы керек. Себебі Cirque du Soleil ересек көрерменді де баурап алатын шоу ұсынады.
Көрермендерден ештеңе күтпеуді, жай ғана келіп, тамашалауды сұрар едім. Егер ересектер балаларын ертіп келіп, екі жарым сағат телефон қарап отырамын деп ойласа, бұл ойы іске аспайды деп ойлаймын. Cirque du Soleil – ешкімді бейжай қалдырмайтын ерекше машина. Мұнда әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары, халықаралық фестиваль жеңімпаздары өнер көрсетеді. Барлығы өз ісінің кәсіби мамандары, – деді Артур Дудов.
Сақтандырусыз орындалатын күрделі трюктер
OVO шоуындағы ең әсерлі нөмірлердің бірі – «Шегірткелер» көрінісі. Бұл образды сомдайтын әртістер сахнадағы алып қабырға бойымен жүгіріп, секіріп, күрделі акробатикалық элементтер орындайды. Cirque du Soleil әртісі Дмитрий Федоровский шоуда шегіртке кейіпкерін сомдайды.
Мен бұрын кәсіби спортшы болдым, батутта секіру және гимнастикамен айналыстым. 2017 жылдан бері Cirque du Soleil-де, нақты OVO шоуында жұмыс істеймін. Менің кейіпкерім – шегіртке. Бізде 12 шегіртке бар. Алғашында қосымша қозғалыстар, қолдау, би элементтері орындалады. Шоудың соңында біздің негізгі нөміріміз болады. Сол кезде қабырға бойымен жүгіріп, секіріп, күрделі акробатикалық элементтер жасаймыз, – деді Дмитрий Федоровский.
Оның айтуынша, Cirque du Soleil күрделі трюктерді сақтандырусыз орындауымен де ерекшеленеді. Бірақ бұл әртістер үшін қорқыныштың жоқтығын білдірмейді.
Егер сахнаға шығарда мүлде қобалжымасаң, онда бір нәрсе дұрыс емес болуы мүмкін. Қобалжу – сенің фокуста екеніңді білдіреді. Демек, сен жинақысың, әр қимылыңа мұқиятсың. Ал мүлде уайым болмаса, қателікке жол беру ықтималдығы артады, – деді ол.
Грим, костюм және сахнаға дейінгі дайындық
Cirque du Soleil-де әр образдың артында үлкен дайындық бар. Кей әртіс гримін өзі жасайды. Біреуге жарты сағат жеткілікті болса, енді бір образды дайындауға бірнеше сағат кетеді.
Әуе гимнастшысы Эсмира Кулиева OVO шоуында көбелек образында өнер көрсетеді. Оның айтуынша, макияж жасауға шамамен екі сағат уақыт кетеді.
Менің костюмім көбелек образына арналған. Көріп тұрғандарыңыздай, онда өте көп бояу бар. Гримді өзіміз жасаймыз, бірақ бізді бұған арнайы үйретті. Маған макияж жасауға шамамен екі сағат кетеді, – деді Эсмира Кулиева.
Ол 17 жылдан бері цирк саласында еңбек етіп келеді. Эсмираның айтуынша, Cirque du Soleil-ге келу – ұзақ дайындық пен кәсіби тәжірибенің нәтижесі.
Мен көркем гимнастикадан бастадым. Кейін Италиядағы цирк фестивалінде өнер көрсеттім. Сол жерде Cirque du Soleil агенттері бізді байқап, кейін электронды пошта арқылы байланысқа шықты. Жалпы бұл салада 17 жыл жұмыс істеп келемін. Cirque du Soleil-ге дайындық та осы жылдардың бәрімен өлшенетін сияқты, – деді ол.
Әртіс сахнадағы ең маңызды нәрсе бақылау екенін айтады. Себебі әуе акробатикасында әр қимылдың дәлдігі ерекше рөл атқарады.
Біздің трюктер сақтандырусыз орындалады. Кей сәтте қорқыныш болады. Бірақ сол қорқыныш жағдайды бақылауға көмектеседі. Ең жауапты нәрсе – өз әрекетіңді бақылау. Себебі бізде үзіліп орындалатын күрделі элементтер бар. Егер бір сәтке алаңдасаң, жағымсыз жағдай болуы мүмкін, – деді Эсмира Кулиева.
Бір қойылымға 800 костюм
OVO шоуының тағы бір ерекшелігі – костюмдердің көптігі. Бір қойылымға шамамен 800 костюм пайдаланылады. Барлық костюмдер Канаданың Монреаль қаласында арнайы тігіліп, әр әртістің дене ерекшелігі мен сахнадағы рөліне қарай бейімделеді.
Костюмдерді күтіп-баптауға арнайы мамандар жауап береді. Труппа гастроль кезінде өзімен бірге кір жуғыш және кептіргіш машиналарды да алып жүреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір ғана шоуға дайындық барысында ондаған рет кір жуылады. Әр қойылымнан кейін костюмдерді қайта тазалау мен ретке келтіру жұмысы жалғасады.
Сахнада көрермен бірнеше минутта көріп өтетін әр образдың артында тігіншілер, гримерлер, техникалық мамандар мен әртістердің ұзақ еңбегі жатыр.
Әртістерді таңғалдырған Астана
Қазақстанға алғаш келген әртістер елорда туралы әсерін де бөлісті. Артур Дудов Астананы заманауи, таза әрі технологиялық қала ретінде қабылдағанын айтты.
Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Жұбайым 2017 жылы болған, ол содан бері Қазақстан қатты өзгергенін айтты. Астана өте таза, заманауи, серуендеуге ыңғайлы қала екен. Технология көп: EXPO, жасанды интеллект көрмелері, үлкен сауда орталықтары, жаңа кеңістіктер. Тіпті кей тұста Еуропадан да жоғары деңгейде деп айтар едім, – деді ол.
Дмитрий Федоровский де Қазақстаннан алған әсері ерекше екенін жеткізді.
Қазақстанға алғаш рет келдім. Шынымды айтсам, қатты әсер алдым. Адамдары өте жылы, көшелері кең, ғимараттары футуристік екен. Астана мені жағымды таңғалдырды. Сонымен қатар жергілікті циркке бардық. «Балаларға арналған жеңіл қойылым» деді. Бірақ біз барған 27 адам сол қойылымның деңгейіне таңғалып шықтық, – деді Дмитрий Федоровский.
OVO – балаларға ғана емес, барлық көрерменге арналған шоу
Әртістердің айтуынша, Cirque du Soleil сахнасындағы басты мақсат – көрерменге эмоция сыйлау. Мұнда трюк те, музыка да, декорация да, костюм де бір идеяға қызмет етеді. OVO көрерменді жәндіктер әлеміне кіргізіп қана қоймай, нәзіктік пен батылдықтың, қозғалыс пен үйлесімнің, өзгеріс пен жаңарудың тарихын баяндайды.
Астана бізді өте жылы қабылдайды деп үміттенеміз. Көрермендерден қуатты қошемет күтеміз. Ең бастысы, адамдар біздің шоуымыздан ұмытылмас эмоция алып шықса дейміз, – деді Эсмира Кулиева.