Бүгінде қазақстандықтар үшін жинақ жасау және жеке бюджетті жоспарлау әлі де әдетке айналмай отыр. Бұл көбіне табыстың аздығынан емес, қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігінен туындайды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қаржылық сауаттылық ұғымының мәніне үңіліп, өмірдегі маңызын, әрі оны қалай арттыруға болатынын қарастырып көрді.
Қаржылық сауаттылық — адамның өз табысын тиімді басқаруға, жинақ жасап, болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік беретін білім мен дағды жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, аз табыспен де қажеттіліктерді өтеуге және қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін құрал деуге болады.
Қаржылық тұрғыдан сауатты адам:
- Жеке бюджетін нақты жоспарлап, табысы мен шығынын бақылайды;
- Ақшаны ойланып жұмсап, қажетсіз, импульсивті сатып алулардан бас тартады;
- Күтпеген жағдайлар туындағанда өмір сүру деңгейін төмендетпей, сақтап қалуға жететін қор жинайды;
- Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін жүйелі түрде қаражат жинайды (мысалы, демалыс, баспана, ипотека және т.б.);
- Өз құқықтарын, тұтынушы және салық төлеуші ретіндегі міндеттерін біледі;
- Қаржы алаяқтары мен олардың айла-амалдарынан хабардар, жеке деректерін қорғаудың жолдарын меңгерген.
Қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейі инвестициялар арқылы пассивті табыс таба білу және қаржы нарығында еркін әрекет ету қабілеті болып табылады.
Қаржылық сауаттылықтың маңызы неде?
Қаржылық сауаттылық — қаржыны дұрыс басқару ғана емес, болашаққа сеніммен қараудың кепілі. Сондай-ақ, мұндай қарым-қабілет:
- Күнделікті өмірді ыңғайлы әрі жоспарлы етуге көмектеседі;
- Дағдарыс жағдайында сабырмен әрекет етуге мүмкіндік береді;
- Маңызды және қажетсіз нәрселердің аражігін ажыратуға, басымдықтарды дұрыс қоюға үйретеді;
- Саналы тұтыну дағдысын қалыптастырады. Яғни қажетсіз шығындарды қысқартып, жинақ жасауға жол ашады;
- Қойылған мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі.
Айта кету керек, қаржылық сауаттылық ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де аса маңызды. Ақшаны дұрыс жарата білген бала болашақта өзін еркін сезініп, дербес шешім қабылдай алады. Бұл — оның қаржылық тәуелсіздігінің алғашқы қадамы.
Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?
Сарапшылар үш негізгі бағытты ұсынуда:
Бюджет жүргізу
Ай сайынғы табыс пен шығынды нақтылап, қаржылық жағдайыңызды шынайы бағалаңыз. Оны Excel кестесінде немесе арнайы мобильді қосымшалар арқылы жүргізуге болады. Барлық кіріс пен шығынды санаттарға бөліп, тұрақты және кездейсоқ төлемдерді бақылауға алыңыз.
Қаржылық қауіпсіздік "жастығын" қалыптастыру
Бұл — күтпеген жағдайлар туындағанда көмектесетін қаржылық қор. Сарапшылар кемінде үш айлық шығынды жабатындай сома жинауды ұсынады. Бұл мақсатқа жету үшін табыстың 10 пайызын тұрақты түрде жинауға болады.
Болашаққа инвестиция салу
Білім беру курстары, кәсіби құрал-жабдықтар немесе болашағы бар жобаларға салынған инвестиция сіздің ұзақ мерзімді табысыңызға оң әсер етуі мүмкін. Ақшаны заттарға ғана емес, өз дамуыңызға да жұмсаған орынды.
Балалардың қаржылық сауаттылығын қалай дамытуға болады?
Балалар ең алдымен ата-анасының үлгісіне қарап бой түзейді. Сол себепті қаржылық сауаттылықты үйретуде бірінші қадам — өзіңізді тәрбиелеу. Тиімді тәсілдерге тоқталсақ:
Ақшаны орынды жұмсауға үйретіңіз
6 жастан асқан балада өз бетінше жұмсай алатын ақшасы болуы тиіс. Апта сайын берілетін азғантай сома оған жинақ пен шығын арасындағы тепе-теңдікті түсінуге көмектеседі.
Армандар тізімін құрастырыңыз
Бала қашанда қалағанының бәрін бір мезетте алғысы келеді. Десе де, бұл – мүмкін емес. Арман-тілектерін жаздырып, оларды маңыздылығына қарай реттеуге көмектесіңіз. Бұл — мақсат қою мен күте білуді үйретудің қарапайым жолы.
Қаржы тақырыбындағы ойындарды қолданыңыз
Кішкентай балалармен дүкен немесе кафе ойынын ойнауға болады. Үлкендерге арналған «Монополия» немесе «Қаржылық ағым» сияқты үстел ойындары ақша айналымын түсінуге көмектеседі.
Сандық технологияны пайдаланыңыз
Қазіргі балалар - смартфонды еркін меңгерген саналы ұрпақ. Қаржылық қосымшалар арқылы олар кіріс пен шығынды тіркеуді қызығушылықпен үйренеді. Бұл тәсіл қағаздағы есеп-қисаптан гөрі тартымдырақ.
«Қалауларды» ақылмен басқаруды үйретіңіз
Ата-аналардың басым көпшілігі баланың кенеттен туған қалауын бірден орындауға тырысады. Бірақ бұл сезімге бой алдырмай, сатып алуды бір күнге шегерген жөн. Бұл тәсіл импульсивті сатып алулардың алдын алуға көмектеседі.
Қаржылық сауаттылық — жай ғана ақша үнемдеу емес, саналы өмір сүрудің негізі. Бұл білім мен дағдылар адамға қаржылық еркіндікке жетуге, күтпеген жағдайларға дайын болуға және болашағын сеніммен жоспарлауға мүмкіндік береді. Балаларға бұл білімді ерте бастан үйрету — олардың өз бетінше өмір сүруге дайындығы мен табысты болашағы үшін жасалған маңызды инвестиция.
Қазақстандағы қаржы сауаттылығының қазіргі жағдайы
Соңғы жылдары Қазақстанда қаржы сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар бастама қолға алынып отыр. Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, қаржы ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар қаржылық білім беру жобаларын жүзеге асырып келеді. Мектептерде «Қаржылық сауаттылық» негіздері пән ретінде енгізіліп, жастарды ерте жастан қаржылық мәдениетке баулуда.
Дегенмен, халықтың басым бөлігінің қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де төмен. Бұл әсіресе несие рәсімдеуде, банк өнімдерін таңдауда немесе инвестициялық шешімдер қабылдауда байқалады. Көптеген азамат қаржылық шешімдерді эмоцияға негіздеп, ұзақмерзімді салдарларды ескермей әрекет етеді. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларына алдану, алаяқтық схемаларға сену де қаржылық білімнің жетіспеушілігін көрсетеді.
Әлеуметтанушылардың зерттеулеріне сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі соңғы жылдары біршама артқан көрінеді. Мәселен, 2021 жылы қаржылық сауаттылық индексі 39,52%-ды құраған, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% болған еді. Бұл көрсеткіштердің өсуі қаржылық білім беру бағдарламаларының тиімділігін және халықтың қаржы өнімдері мен қызметтері туралы хабардарлығын арттырудың нәтижесі болып табылады.
Қазақстанда қаржы сауаттылығын арттыру — экономикалық қана емес, әлеуметтік, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қаржы сауаттылығы әрбір азаматтың жеке жауапкершілігімен қатар, мемлекеттің де басым бағыты болуы тиіс. Қаржылық мәдениет қалыптасқанда ғана еліміздің азаматтары өз болашағына сенімді, тәуелсіз және еркін өмір сүре алады.
