Жаңалықтар

«Саналы адамға тосқауыл болады». Сарапшы жаңа заңға қатысты пікір білдірді

«Саналы адамға тосқауыл болады». Сарапшы жаңа заңға қатысты пікір білдірді
Фото: жеке мұрағат 23.04.2024 13:25 652

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Енді осы заңның арқасында вейптерге ресми түрде тыйым салынатын болды. ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай аталған заңның қабылдануы оң өзгерістерге бастайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл халық сұранысынан кейін Парламенттің қос палатасынан өткен. Яғни мұны халықтың үні деп есептеуге болады, - дейді ол.

Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған. Баян Ахатай мектеп атаулыда, аналардың, жас әйелдердің арасында эпидемиялық сипат алып бара жатқан осындай өзекті мәселенің көтерілгені орынды деп есептейді.  

Заңмен тыйым салынды деген сөз ертеңнен бастап никотинге тәуелді болып қалған адамдар аяқ астынан оны тастап кетеді деген сөз емес. Енді сол заңның тиімді жұмыс істеуіне азаматтық қоғам тұтас атсалысуы қажет. Атап айтқанда, адамдарға ағзаға зияны туралы дәйекті дәлел келтіре отырып, оларды дұрыс ақпараттандыру керек. Мұның халықтың денсаулығын сақтау мақсатында жасалғаны туралы, алдын алу шаралары екені жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс, - дейді Баян Ахатай.

Аналар кеңесі төрайымының орынбасары қай кезде темекі өнімдерін шегетін адамдардың саны азаятынын атап өтті.

Темекі өнімдерін шегуге заңмен тыйым салынды дегеннің өзі адамға психологиялық тұрғыдан әсер етпей қоймайды. Мысалы, ескірткіге заңмен тыйым салынғандығы саналы адамға тосқауыл болады. Бұл ескірткі қолданушылардың санын азайтты деген сөз емес. Дегенмен адамдар мұндай заңмен тыйым салынған әрекеттерге көп бара бермейді, - деді ол.

Баян Ахатай ел арасында вейпке тыйым салуға қатысты мәселеге ерекше көңіл бөлінгені жайлы да сөз қозғады.

Таразы басындағы ең салмақты тасымыз – балаларымыз. Сол себепті біз де қайтпай күрестік. Мұндай жеңіске жеткенімізге қуанамыз, сонымен қатар оның аржағындағы жауапкершілікті де түсінеміз. Үлкен жұмыс енді басталады. Дұрыс ақпараттандыру жұмысына күшімізді салатын боламыз. Республика көлемінде мүше ететін 16 мың ананы жаппай осыған жұмылдырамыз, - деді Аналар кеңесінің мүшесі.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы вейпке тыйым салу туралы заңға қол қойғанын жазғанбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға