Жаңалықтар

Сам орманында құмды тоқтатуға бейім жүзгін өсімдігі өседі

Сам орманында құмды тоқтатуға бейім жүзгін өсімдігі өседі
Фото: mangystaumedia.kz 24.05.2024 19:46 392

Жүзгін Маңғыстаудағы Сам орман қоры аумағында өсетін сексеуілге ұқсас бұта тектес өсімдік. Бұл – сусымалы құм мен қар тоқтатуда маңызы бар өсімдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтем жасап. 

Жүзгіннің тамырында илік зат – танин бар. Одан қызыл күрең бояу дайындап, тері бояуға болады.

Жүзгін – таран тұқымдасының бір түрі. Биіктігі 40 см-ден 7 метрге дейін жететін бір жылдық өсімдіктің бұтақтары түзу болады. Ал көп жылдық түрінің бұтағы қисық келеді. Жапырағы ұсақ, ұзынша немесе ине тәрізді. Гүлі ақ не қызғылт, қос жынысты, хош иісті болады. 

Фотосуреттегі алқызыл және ашық жасыл түсті жемісі ұсақ, қатты қабықты жаңғақшасы. Жүзгіннің негізгі тамырының ұзындығы 1,5-2 метр болса, көлбей өскен тамырлары 12-20 метрге жетеді. 

Ол тұқымынан, сабақ түбіршігінен шыққан өркендерінен, атпа тамырларынан өсе береді. Осы қасиеттеріне және тамырының ұзын болуына байланысты топырақ талғамайды. Сам құмында жайқалып өсіп тұрғанына қарап қуаңшылыққа төзімді, құмда өсуге де бейім екенін байқауға болады, - дейді МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.

Жүзгіннің Еуропада, Азияда, Африкада өсетін 100 түрі бар. Оның ішінде 65 түрі Қазақстанның шөл, шөлейт далаларында кездеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға