Қазақстанда салық берешегі бар кәсіпкерлер мен компания басшыларының шетелге шығуын шектеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) жаңа талаптың қалай қолданылатынын түсіндірді.
Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасын жариялады. Құжаттағы өзгерістердің бірі салық берешегі бар тұлғалардың елден шығуына шектеу қоюға қатысты болып отыр.
Қолданыстағы тәртіп бойынша салық берешегі 27 мың АЕК-тен асса, шетелге шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. 2026 жылы бұл шамамен 116,7 млн теңге.
Бұл талап заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндетін атқарушыларға, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты. 27 мың АЕК мөлшеріндегі шек Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен белгіленген.
Ал жаңа заң жобасында нақты «27 мың АЕК» деген мөлшердің орнына «салық берешегінің шекті мөлшері» деген ұғым енгізу ұсынылып отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл қазіргі шек өзгереді деген сөз емес. Әзірге 27 мың АЕК мөлшерін қайта қарау жоспарланбаған.
Ұсыныстың мақсаты – шекті соманы Салық кодексінің өзінде көрсетпей, оны тиісті нормативтік акт арқылы белгілеу. Егер түзету қабылданса, болашақта шекті соманы өзгерту үшін Салық кодексіне қайтадан түзету енгізудің қажеті болмайды. Комитет жаңа тәртіптің 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қана күшіне енгенін атап өтті. Сондықтан оның нәтижесін бағалап, шекті мөлшерді өзгерту қажет пе деген қорытынды жасауға әзірге тәжірибе жеткіліксіз екенін алға тартты.
Берешекті өтеуге тағы бір ай беріледі
Заң жобасында тағы бір маңызды өзгеріс бар. Салық берешегіне байланысты шетелге шығуға шектеу қою мерзімін үш айдан төрт айға дейін ұзарту ұсынылған. Яғни салық төлеушіге берешегін өз еркімен өтеуге қосымша бір ай уақыт беріледі.
Шетелге шығуды шектеу бірден қолданылмайды. Алдымен шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкімдер қойылады. Осы шаралардан кейін де берешек төрт айдан астам уақыт өтелмесе, елден шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл өзгеріс шектеулер санын көбейту үшін емес, салық берешегін өндіріп алу шараларын тиімді қолдану үшін ұсынылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар заң жобасында салық органдарына тіркеусіз кәсіп жүргізіп жүрген тұлғаларды анықтаудың жаңа тетігін беру қарастырылған. Ол үшін навигациялық және картографиялық сервистердегі деректерді пайдалану ұсынылады.