Жаңалықтар

Салт-дәстүрін берік ұстанған халық

Қазақстандағы осетиндер
Салт-дәстүрін берік ұстанған халық
26.10.2020 12:34 5560

Осетиндер этнос ретінде Солтүстік Кавказ жерінде қалыптасты. Олар өздерін «ирон», «дигорон» деп атаған. Осетин халқы этногенезінің негізін жергілікті кавказ халқымен бірігіп кеткен алан тайпалары құрады. Оған осетиндердің мифологиясы, тілі, молаларындағы археологиялық, антропологиялық деректер дәлел бола алады.

Салт-дәстүрін берік ұстанған халық

Осетиндердің антропологиясын зерттеу революцияға дейін басталды. Олар туралы мәліметтер М.А.Мисиков пен А.А.Ивановскийдің еңбектерінде көрініс тапты. Сонымен қатар Г.Ф. Дебец, В.В. Бунак, К.X.Беслекоев, М.Г. Абдушелишвили, В.П. Алексеев және тағы да басқа ғалымдар мен Кеңес дәуірінің антропологтары үлкен жұмыс атқарды. Шетелдік зерттеушілер ішінен поляк антропологы Р.Йендиктің бізге белгілі «Жоғары Салтовтағы алан бас сүйектері туралы» еңбегінде осетиндер туралы толыққанды мәліметтер алуға болады.

Осетин халқының қалыптасуы

Жалпы осетин халқының қалыптасуы Солтүстік Кавказдағы абориген тұрғындарымен (кобан мәдениетін қалыптастырғандар) және сырттан келген иран тілдес халықтар, скифтер, сарматтар және аландармен (б.з. І ғасырдан бастап) байланыста болды. Орталық Кавказда отырықшылануы әсерінен негізгі тұрғындар олардың тілін және мәдениетінің көптеген белгілерін қабылдады. Бұл жерде аландардың қалыптасқан қуатты одағы (грузин деректерінде – остар, орыстың орта ғасырдағы деректеріндегі сондар) осетин халқы қалыптасуына бастама жасады. XIII ғасырда Алан мемлекетін монғол – татарлар күйреткен соң, олар шұрайлы жерден оңтүстікке, Орталық Кавказдың тау жоталарына ығыстырылды. Бұл таудың солтүстік жоталарында ірі тайпалар – дигорлар, алагирлер, куртатиндер, тагаурлар сияқты ірі тайпалар қалыптасты. 1774 жылы Солтүстік Осетия Ресейдің құрамына енді. Ал Оңтүстік Осетия – Грузия құрамына кірді. Осетияның Ресей құрамына қосылуы ұлттық мүдделеріне сай келді. Бұл жағдай осетиндердің таулы жазықтарға қоныстануына, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Ресеймен сауда қатынасын орнату сияқты маңызды мәселелерді шешуге ықпал жасады. Осетиндер Терск казак әскери құрамасында болып, Ресейдің көптеген соғыстарына қатысты. Олар Қазақстанға түрлі жолдармен келді. Біреулері жақсы өмірді іздеп келсе, басым көпшілігі Кеңес дәуірінде түрлі жоғары оқу орындарын біткеннен кейін жолдамамен немесе тың игеру жылдарында комсомол ұйымының жолдамаларымен қоныстанған.

Салт-дәстүрін берік ұстанған халық

Кеңес дәуіріндегі Қазақстанда 4 мыңнан астам осетиндер тұрды. Қазіргі кезде Алматы облысында 340 осетин халқы тіршілік етеді. Осетиндер санының динамикасы: 1970 жылы – 3491, 1979 жылы – 4029, 1989 жылы – 4209, 1999 жылы – 2039 адамды құраған. Қазақстанда 1,3 мың осетин халқы болса, оның ішінде 196 осетиндік Маңғыстау облысында тұрып жатыр.

Осетиндер антропологиялық жағынан балқан-кавказ тобына жатады. Ежелден жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі егіншілік пен мал шаруашылығы болды. Және де аң аулаумен айналысты. Мал өнімінен май, ірімшік жасады, шұға өндіріп, жүнді өңдеп, оюлар салды.

Осетиндер дүние жүзілік екі конфессияға кіреді: христиан және ислам. Олардың ішінде осетиндердің дәстүрлі діни наным-сенімдерін ұстайтындар да бар. Мысалы, «Среда» деген зерттеу қызметінің 2012 жылы жүргізген үлкен көлемдегі сауалнамасында Солтүстік Осетияда «Ата-бабамның дәстүрлі дінін ұстаймын» деп 29 % адам жауап берген. Бұл Ресей Федерациясындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Осетиндер православиеге сенеді. Арасында мұсылмандары да бар. Үндіеуропалық отбасы тілінің иран тобындағы осетин тілінде сөйлейді. Олардың екі диалектісі бар: ирон (әдеби тіл негізіне енген) және дигор. Жазулары ХІХ ғасырда орыс алфавиті негізіне енген.

Наным-сенімдері

Осетиндер үй салуға жерді асықпай таңдаған. Осетияның кейбір аудандарында үй салынатын жердің ортасына дейін сүт құйылған саз балшықтан жасалған құмыраны көметін болған. Құмыраны бір айдан кейін ашып көріп, егер сүт ірісе, онда жердің иесі (Бынатыхицау) келісімін берді, бұл бақытты жер деп саналды. Осетиндер құрылысты бастамастан бұрын жаңа жерде от жағып, жындарды «айдады». Отқа жас баланы әкеліп, дұға тілеп, үлкендерден бата сұраған. Ошақтың алдында үйдің қожайыны жол жүретін отбасы мүшелеріне ақ жол тілеп, бата жасайтын болған. Үйге келген қонақты да ошақ басына әкеліп, оны отбасы мүшесі ретінде қабылдап, қонақты біреу жәбірлесе қатаң жазалайтын болған. Дәстүр бойынша ошақпен үйлену және дүниеден өткен кездегі рәсімдер жасалатын болған. Үйге бірінші рет аяқ басқан қалыңдықты отқа әкелген. Ошақ басына қайтыс болған адамды бас жағын қаратып жатқызып, аяғы сыртқы есікке қаратылатын болған.

Салт-дәстүрін берік ұстанған халық

Осетиндер қонқты құдайындай сыйлаған.Үй иесі үйден шыққаннан кейін, жолаушы онымен амандасып, босағаны аттап, қонақ болған. Қонақты төрге отырғызып, отбасы мүшелері сый-құрмет көрсеткен. Үстелге ыстық бәліш әкеліп, сыра мен арақ қойған. Егер қонақ қонып қалатын болса, қой сойып, дастархан басына жас еттен жасалған тамақ берген. Әр үйде қонақты жақсы күту үшін қосымша тағамдар сақтап қоятын болған. Үйлену тойы алдындағы дайындық «фидыд» деп аталды. Күйеу жігіттің отбасы қалыңдықтың ата-анасына екі әулеттің болашақтағы туыстығының кепілі ретінде қандай да бір ақшалай сыйлық беретін дәстүрі болған. Одан кейін той өткізудің ұйымдық мәселелері шешілген. Фидыдтан кейін бірнеше күнді араға тастап күйеу жігіт өзінің анасымен қалыңдықтың үйіне келеді. Осы құпия келуді «сусагцыд» деп атады. Бұл күйеу жігіттің үйлену тойына дейінгі соңғы кездесу дегенді білдіреді. Сусагцыд кезінде әйелдерге тәттілер беретін болған. Ал қалыңдыққа неке жүзігін тағып, арнайы рәсімнен кейін қалыңдықты болашақ жарының үйіне алып кеткен.

Дәстүрлі тағамдары

Осетиндердің негізгі тағамы – бәліш, картопты қосып етпен жасалған қуырдақ, джыкк-лывзæ – ет, цывзы-цæхдон – қара өрікпен бұрыштың жапырақтарынан жасалған соус, қайнатылған жүгері мен фасоль. Дәстүрлі сусындарға квас, сыра, вискиге ұқсас шарап жатады. Сонымен қатар кез келген кавказ халықтары секілді Солтүстік Осетияда да шашлыкты жақсы көреді және оны жақсы дайындайтын болған.

Киімдері

Осетиндердің киімдеріне бешмет және аяқтың басына дейін жететін тар шалбар жатады. Тауларда ерекше аяқ-киім – арчит, теріден тігілген бас киім және жазда қалпақ киетін болған. Әйелдер күнделікті өмірде тік жағалы белі бүрмелі көйлек киген.

Дәстүрлі үйлері

Осетиндердің үйлері түрлі аудандарда әр түрлілігімен ерекшеленеді. Таулы жерлерде терезелері кішкене, шатырлары жалпақ тастан салынған үйлер кездессе, оңтүстікте тастан, ағаштан үй салып, төбесін төрт бұрышты шатырмен жапқан. Әр үйдің өз орны болған. Егер үй екі қабатты болса, онда бірінші қабатында албар қора, екінші қабатында жатын бөлмелер орналасқан. Жазық жерде салынған үйлер мен таулы жердегі үйлердің ерекшеліктері бар.

ХІХ ғасырдың басында жазық жерге жаппай қоныстанған осетиндер шөпшектен өрілген, іші-сырты саз балшықпен сыланған, төбесі сабанмен жабылған үлгідегі үйлерде тұрған. ХІХ ғасырдың аяғында экономиканың тез өсуімен осетиндердің жазық даладағы ауылдарында салынған үйлерде түбегейлі өзгерістер бар.

Тұрғын үйлері

Осетиндерің тұрғын үйлерін хадзар деп атаған. Хадзар ошақтың бағытымен екіге бөлінді: оң жақ (ер адам) және сол жақ (әйел адам). Хадзардың ер адам жағында үй жиһазының көп бөлігі орналасты. Ошақ қасында үй қожайынының құрметті орнында орындығы, ағаштан жасалған диван, орындықтар қойылды. Осы жерде қабырғаға жапсарлас дәстүрлі үш аяқты үстел («фынг») тұрды. Үйдің ер адамдар бөлігінде бас киімдері, башлық және үй иесінің басты мақтанышы қару ілінді. Үйдің әйелдер бөлігінде ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, сусын ішетін мүйіз, саз балшықтан жасалған құмыралар және тағы да басқа заттар қойылды. Ошақ қасында баланың бесігі, ыдыстарды сақтайтын жәшік, елеген («арынг») тұрды. Күн сайын тағам әзірлеп, ірімшік және басқа ұзақ уақыт сақтайтын тағамдар дайындалды. шұға матасын жасады, киім тікті, т.б. Хадзарда жеке бөлме (къæбиц) болды. Оған бәйбіше (æфсин) ие болды.

Этномәдени орталықтар

Бүгінде «Алания» атты осетиндер бірлестігі Маңғыстау облысында жұмыс істеп келеді. Ақтау қаласында жексенбілік мектеп ашылған. Онда ана тілін, халықтың тарихы мен салт-дәстүрін үйренуге мүмкіндік бар. Орталықта тек осетиндер ғана емес, басқа ұлттардың өкілдері де өздеріне қажетті мәліметтерді алып, жексенбілік мектепке бара алады. Мамсуров К.В. Алматы қаласындағы «Ирныхас» атты осетин мәдени ағарту орталығын басқарады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға