Жаңалықтар

Салафизмді қаладан да, санадан да қуып шығу керек - Ермұрат Бапи

Салафизмді қаладан да, санадан да қуып шығу керек - Ермұрат Бапи
Фото: t.me/mazhilis_kz 11.10.2023 12:53 3798

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи жат ағымдарға қатысты бастаманы тағы да көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Мәжіліс отырысында өз сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

Елдегі теріс исламдық салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатқаны жөнінде өткен аптада Мәжілісте депутаттық сауалдар жолданғанын білетін шығарсыздар. Бірақ бұл сауалдар еріккеннің ермегі емес, Қазақстан қоғамын, оның рухани ортасын барған сайын дендеп бара жатқан салафизм, арабизм дертінің алдын алудан туған жандармен азаматтық алаңдаушылықтың мүддесі еді. Біз мемлекеттің ұлттық тұстастығы мен халқымыздың дәстүрлі діни болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз, - деді депутат.

Ол депутаттар қаққан дауылды, «бұлар ислам дініне қарсы шықты» деп, әлдекімдер әлеуметтік желіде «Ринаттың 80 пайызы» сияқты айналдырып, дабыра салып жүргенін айтты.

Ескерте кетейін, біз жалпы исламға қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге бүйі тиегендей болған салафизм, уахабизм идеясына қарсымыз. Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмыс-салт дәстүріне жат салафизм дәстүрі мен жат идеологиялық ағымға қарсы үкімет тарапынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма, - деген сауалын депутат Тамара Дүйсеноваға қойды.

Тамара Дүйсенова концептуалдық құжаттар 2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданғанын айтты. Сол заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қолға алынған.

Оның бәрі өздеріңізге белгілі. 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен радикализмге қарсы шара болған. Атқарылған жұмыстардың бәрін тізбелеп отырудың қажеті жоқ шығар. Тамыз айынан бастап осы мәселемен шұғылдана бастадым. Теологтарды, діни бірлестіктердің өкілдерін шақырдым. Олардың пікірі де сіздермен пікірлес. Сіздердің ұсыныстарыңызды олар да қолдап отыр, - дейді Дүйсенова.

Вице-премьер әлеуметтік желілерде әртүрлі діндерді, бағыттарды уағыздайтын контенттерге тосқауыл қоя алмай отырғандарын мойындады.

Екіншіден, біздің қоғамда діни сауаттылықтың төмендігін, үшіншіден, мемлекеттік органдардағы реттеу жұмыстары мен ұйымдастыру жұмысында әлі де шалалықтар бар. Кеше мектеп басталар алдында хиджаб мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі қоғамда үлкен пікірталасқа апарды. Дін деген - өте нәзік нәрсе. Көп нәрсені заңды түрде реттеуіміз керек. Шетелдік тәжірибелердің бәрін қарадық. Сауд Арабиясының өзінде мемлекеттік реттеу функциялары күшейтіліп жатыр. Сондықтан ұсыныстарыңызбен бірге заңға өзгеріс енгізу керек. Ондағы екі мәселені қарауымыз керек: мемлекеттік зайырлылық қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуде өзгеріс енгізсек, бүгінгі жұмысымызды сонда дұрыстауға болады деп ойлаймын, - деді Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға