Сағынышын жырға айналдырған ақын: Марфуға Айтқожа 90 жаста

Сағынышын жырға айналдырған ақын: Марфуға Айтқожа 90 жаста
Фото: El.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, қоғам қайраткері Марфуға Айтқожаны 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшысы жеделхатында ақынның ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнағанын атап өтті.

Қазақтың дархан даласы мен тамыры терең тарихын, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігі мен салт-дәстүрін өршіл де сыршыл өлеңдеріңізге арқау еттіңіз. Оқырман қауым жырларыңызды сүйсініп оқиды және өзіңізді «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайды. Алдағы уақытта да өнегелі өміріңізбен өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін, – делінген құттықтауда.

Бүгінде 90 жасқа толып отырған Марфуға Айтқожа – бір дәуірдің куәгері ғана емес, тағдыры ХХ ғасырдағы қазақ тарихының күрделі кезеңдерімен астасып жатқан қаламгер. Қытайда дүниеге келіп, жастық шағында атажұртын аңсап, кейін Қазақстанға оралған ақынның шығармашылығындағы туған жер, сағыныш, ана, табиғат пен ұлттық рух тақырыптарының тамыры да өз өмірінен бастау алады.

Фото: adebiportal.kz
Фото: adebiportal.kz

Құлжада туған қазақ қызы

Марфуға Ғалиқызы Айтқожа 1936 жылғы 25 тамызда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. Әкесі – Ғали Айтқожин, анасы – Би-Фәтима Смағұлқызы. Ақынның балалық шағы Талқы тауы, Сайрам көлі мен Іле өзені қоршаған табиғаты көркем өлкеде өтті. Кейін өзі де «Мен тәкаппар Талқының тауында өстім» деп еске алған.

Оның ақындық болмысының қалыптасуына отбасындағы өнер мен сөзге жақын орта да ықпал етті. Атасы Айтқожа ел арасында суырыпсалма ақын, шешен әрі би ретінде танылған. Ақынның өз естелігі бойынша, атасы жастайынан билік айтып, күрделі дауларға төрелік жасаған. Кеңес билігі орнаған тұста қажылыққа барғаны, би әрі дәулетті адам болғаны үшін қуғындалып, «итжеккенге» айдалған. Оның кейінгі тағдыры отбасы үшін белгісіз күйде қалған.

Марфуға Айтқожаның әкесі Ғали да араб және орыс тілдерінен сауаты бар, білімді адам болған. Ақын кейін әкесін өзінің алғашқы ұстазы санаған.

Фото: qazaqadebieti.kz
Фото: qazaqadebieti.kz

Маруа, Мәрпетай, Кішіаға: ақын есімінің бірнеше тарихы бар

Марфуға Айтқожаның есіміне қатысты қызықты отбасылық тарих сақталған. Ақынның айтуынша, оның негізгі есімі – Маруа. Қажылыққа барған атасы Айтқожа Меккедегі Маруа атауын ұнатып, отбасында қыз бала дүниеге келсе, осы есімді қоюды аманат еткен. Әкесі кішкентай күніндегі суреттерінің бірінің сыртына «Маруа-Марфуға» деп те жазып қойған.

Алайда ақынның кейінгі бір сұхбатында есімнің Марфуға болып қалыптасуының тағы бір отбасылық тарихын айтады. Оның туыстарының бірінің Марфуға есімді сәбиі шетінеп кеткен соң, жақындары сол баланы еске алып жүру үшін Маруаны Марфуға деп атай бастаған. Осылайша, ақынның есімінде бір әулеттің бірнеше буынының тарихы тоғысқан.

Ата-анасы оны кішкентайында «Мәрпетай» деп еркелетсе, іні-бауырлары «Кішіаға» деп атап кеткен. Мұның да өзіндік себебі бар. Ғали Айтқожин қиын кезеңде жан-жақтан келген адамдарды паналатып, солар бір ауылдай болып ұйысып өмір сүрген. Марфуға сол ортада дүниеге келген алғашқы бала болған. Оны ұл баладай киіндіріп, үш жасынан атқа мінгізген. Кейін іні-бауырлары мен ауыл адамдарының «Кішіаға» деуі содан қалған. Ақынның өз естелігіне қарағанда, ол 20 жасқа дейін ат үстінен түспей өскен.

Анасының орындалмаған арманы

Марфуға Айтқожаның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі – анасынан ерте айырылуы. Отбасының ең үлкен арманы Қазақстанға оралу еді. Бірақ Би-Фәтима Смағұлқызы атажұртқа жетуді көре алмай, 1957 жылы дүниеден өтті. Ақын ол кезде небәрі жиырма жаста болатын.

Марфуға Айтқожа кейінгі сұхбаттарында анасының ел мен жерді аңсағанын жиі еске алады. Оның айтуынша, ата-анасы балаларын тербеткенде де туған елге оралуды армандап отырған. Кейін бұл сағыныш ақын шығармашылығының негізгі желілерінің біріне айналды. «Бір уыс топырақ» секілді туындыларының тууына да туған жерге деген осы аңсар әсер еткен.

Анасының қазасы ақынның жүрегіне өшпес із қалдырды. Кейін ол анасына арналған өлеңінде ерте келген ажалдан кейін өзін көптің ортасында жүрсе де жалғыз сезінгенін жырлайды. Ана бейнесі содан бастап оның поэзиясында сағыныш пен мейірімнің символына айналды.

Өлең ғана емес, ән де жазған

Марфуға Айтқожаның көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – композиторлығы. Оның шығармашылық табиғатында поэзия мен музыка қатар өрілді. Жеті томдық шығармалар жинағының соңғы томына ақынның өлеңдерімен бірге шығармаларына жазылған әндер мен ноталар да енгізілген.

Ақынның «Қалайсыңдар, бауырлар» әнін дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман орындаған. Сондай-ақ туған жерге деген сағынышты арқау еткен әндері де бар. Оның поэзиясының музыкалылығын әдебиет өкілдері де бірнеше рет атап өткен.

Бұл ерекшелік ақынның жыр құрылымынан да байқалады: өлеңдерінде әуез, ырғақ, табиғат дыбыстары мен ішкі мелодика қатар жүреді.

Жырлары әлемге тараған ақын

Қаламгер еңбегі әр жылдары мемлекеттік және халықаралық деңгейде бағаланды. Ол «Құрмет белгісі», «Парасат», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. «Көгілдір Дунай» кітабы үшін Николай Вапцаров атындағы сыйлыққа, ал «Исламабад аспаны» өлеңдер мен романстар циклі үшін Пәкістанның Құрмет грамотасына ие болды.

2025 жылы Марфуға Айтқожаға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Ал сол жылдың соңында Мемлекет басшысының өкімімен мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегерлерінің қатарына енді. Ресми тізімде ол II дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ретінде көрсетілген.

Тоқсан жылдық ғұмырдың алпыс жылдан астамы қазақ поэзиясымен бірге өрілді. Құлжада туған Мәрпетай, бауырларына «Кішіаға» болған Маруа-Марфуға уақыт өте келе тұтас қазақ оқырманының «Жыр Аққуына» айналды. Ал бүгін оның өлеңдері өзі бала кезінде аңсаған атажұрттың әдеби мұрасының бір бөлігі болып отыр.

Оқи отырыңыз