Жаңалықтар

Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойына орай көрме ашылды

Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойына орай көрме ашылды
Фото: Қорғаныс министрлігі 25.05.2024 19:42 371

Мемлекеттік әскери-тарихи музейде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көрме ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, көрменің салтанатты ашылуына Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің бастығы Ләззат Әлжан, Қарулы күштердің ардагерлері, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері, армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері және батырдың туыстары қатысты,

Тұңғыш Қорғаныс министрі туралы қызықты естеліктер айтқан генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев батырмен болған естен кетпес кездесулерге тоқталды. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов өте қарапайым болатын, әскери бөлімдерге де жиі барып тұрды. Тіпті, қарамағындағылардың есімін жатқа білетін деп еске алды.

Батырдың қызы Айсұлу Сағадатқызы Нұрмағамбетова Халық қаһарманының өмірінен қызықты естеліктер айтты.

Ол кісінің өмірбаяны взвод командирінен бастап министрге дейінгі жауынгерлік жолдан тұрады, – деді ол. – Әкем қуатты, заманауи және ұтқыр армияны армандады. Өмірлік ұстанымы туған халқы мен еліне қызмет ету болатын.

Экспозицияда Сағадат Қожахметұлының армия генералының салтанатты киім нысаны, құжаттар мен наградалары, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі жылдар мен Қазақстан Қарулы күштерін басқару кезеңінен сыр шертетін сирек фотосуреттері қойылған. Батырдың 1994 жылы Алматыда АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перримен кездесуін және 2005 жылы

9 мамырда Нью-Йоркте өткен екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 60 жылдығына арналған БҰҰ-ның салтанатты отырысына қатысуын бейнелейтін фотосуреттері ерекше қызығушылық тудырады.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды. Орталық ансамбльдің солисі Дәурен Төлеубаев көрмеге келушілер үшін «Сағадат» әнін орындады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға