Жаңалықтар

Рыбакина ресейлік қарсыласынан әдейі жеңілді ме? Сарапшы пікірі

Рыбакина ресейлік қарсыласынан әдейі жеңілді ме? Сарапшы пікірі
Фото: © WTA 19.01.2024 15:18 1445

Қазақстандық теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open додасының екінші кезеңінде ресейлік теннисші Анна Блинковадан (Ресей, 57-ракетка) жеңіліп қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елена Рыбакина 3 сағатқа созылған сенсациялық матчта Анна Блинковадан жеңіліп қалды. Аустралия ашық біріншілігіндегі ең басты үмітіміз, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина турнирдің екінші айналымында Ресей теннисшісі Анна Блинковадан 3 сет, супер тай-брейк нәтижесінде ұтылып қалды. Есеп 4:6, 6:4, 6:7 (20:22).

Жеңіліске не себеп? Бұл сауалға журналист Руслан Меделбек Facebook әлеуметтік желісінде мынадай анализ жасап көрді:

Бірінші себеп, Блинкованың мотивациясы деп санаймын. Доданың орталық кортында, прайм таймда ойнау ол үшін қосымша мотивация болды. Блинкова жеңілсе де ештеңе жоғалтпайтын еді. Кортқа ойыннан рахаттану үшін, тәжірибе үшін шығып, еш қысымсыз ойнады. Кураж. Ешқандай қысым жоқ болғанда, не болса да бар ойынымды көрсетейін деп шыққанда ойыншының әр добы дөп түсіп жатады, - дейді спорт журналисі.

Рыбакинаның жеңілуіне ауа райы да әсер еткенін атап өтті.

Екінші себеп, ауа райы. Рыбакинаның ойыны подача арқылы жүреді. Ал күн салқын болса доп дұрыс ұшпайды. Кеше Мельбурнде күн салқын болды. Сондықтан бірінші сетте Ленаның подачалары, бірінші подачалары дұрыс өтпеді. Бала кезде футбол ойнайтын допты күн астына тастасақ тыңқиып, жел толатын еді. Міне, теннистегі доп та сондай. Күн ыстықта жеңіл әрі қатты ұшады. Бірақ күн жылыда жақсы ойнау деген болмас, теннисші салқын ауа райында да, ыстық ауа райында да ойнайтын «қаруы» болуы тиіс, - дейді сарапшы.

Үшінші себеп, қысым. Рыбакина бұл доданың басты фавориті болды. Сарапшылардың басым бөлігі Рыбакина, Кауфф (АҚШ) және Швентектің бірі (Польша) титул алар деп болжады. Оған қоса жыл басында Брисбендегі жарысты жеңіп, бүкіл теннис сарапшылардың назарын аударды. Осы қысым ойыншыға қосымша жүк болғандай.

«Рыбакина эмоция көрсетуі керек, бәрін ішіне сақтамау керек» деп жатқандар бар. Бұл – оның табиғаты. Эмоция шығаруы екіталай. Тіпті Уимблдон жеңгенде де міз бақпаған. Ішінде не болып жатқанын білмеймін, бірақ жеңілісті тез ұмытып келесі жарысқа концентрация жасауға тырысады. Токиода қола медальға таласта жеңіліп қалғанда да түр бермеген. Бұл жеңіліс Рыбакинаға соққы болып, ойыны төмендеп кетпесе болды. Алда Дубай, Дохадағы WTA1000 турнирлері бар, сол турнирдің бірін алса деген тілек. Ал «Рыбакина орыстарға әдейі жеңіледі» деген бос сөз. Әр теннисші үшін Grand Slam алтыннан да бағалы. Онда ақша, жарнама, ұпай, рейтинг, атақ-даңқ. Кешегі ойынды «сатып жіберсе», соңғы супертайбрейкті 30 минут бойы ойнамас еді. Есеп 22:20 болмас еді, – деп жазды журналист. 

Айта кетейік, Елена Рыбакина Australian Open турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға