instagram.com/ruslan_berdenov

Руслан Берденов өзіне оқ атқан адамның соттағы мәлімдемесіне пікір білдірді

06.08.2025 20:34

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ ату оқиғасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот отырысында айыпталушыдан жауап алынды. Оның мәлімдемесіне  жәбірленуші Руслан Берденов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Қала әкімінің орынбасары қазіргі уақытта денсаулығына және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сот отырыстарына жеке қатысуға мүмкіндігі жоқ екенін атап өтті. Алайда сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырғанын жеткізген. Бұл туралы ол желі парақшасында жазды. Ондағы жазбаға сүйенсек, сотта айыпталушының берген жауабы - қысым көрсету әрекеті.

Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ. Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім",-деп жазды ол.

Өз сөзінде Руслан Берденов өзіне жасалған шабуылдың себебі қызметімен байланысты екенін алға тартқан.

Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын.

Менің ұстанымым - өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым,-делінген жазбада.

Еске салсақ, сәуір айында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті  әкімшілік ғимаратының алдында атып кетті. Кейін полиция аталған оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді. Мұнан соң дәрігерлер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген Руслан Берденовтің жағдайы туралы айтты. Оқ ату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейінірек ауруханадан шыққан қала әкімінің орынбасары өзіне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді