Жаңалықтар

Рухтың биігі – Абай: Елордада Ұлы ойшылға арналған ғылыми семинар өтті

Рухтың биігі – Абай: Елордада Ұлы ойшылға арналған ғылыми семинар өтті
14.01.2020 16:58 2365

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, ҚХА Ғылыми кеңес және елордалық этномәдени орталықтардың мүшелерінің қатысуымен «Абай – ақын, ойшыл, аудармашы» атты ғылыми семинар өтті.

Оның алғашқы бөлімі С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өтсе, екінші бөлімі Достық үйінде жалғасты.

Ғылыми семинарды Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова ашып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласының жұртшылықтың көңілінен шығып, қолдауға ие болғандығына тоқтала кетті.

«2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында ойшыл, рухани ұстазымыз Ұлы Абайдың 175 жылдығы аталып өтеді. Абай философиясы қазіргі уақытқа дейін өзекті. Біздің қоғам мүшелерін гуманистік тәрбиелеуге бағыттады. «Ғылым жолына жеткенше мақтанба» және «Ең алдымен адам болып қалу қажет» деп адамгершілікке шақырды», - деп атап өтті.

«Біз үшін рухтың биігі – Абай! Қазір елімізде, қай жағынан алсақ та, өсу бар. Бізге рухани көтерілу қажет, оған негіз болатын – Абай. 1914 жылы Семейде ақынның қайтыс болуының 10 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Сонда Міржақып Дулатов: «Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» деп айтыпты. Алаш ардақтысының сөзі айнымай келді...», - деп тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов жиналған жастардың бойына рух дарытты.

Сондай-ақ, іс-шара «Абай шығармаларын аударудағы үндестік», Абай шығармашылығында кездесетін «Адам» концептісі», «Абай-аудармашы» және тағы да басқа тақырыптарды қамтыды.

Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА ғылыми-сараптама тобының төрағасы Халил Маслов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ф.ғ.к., доцент Маржан Акошева, «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті Орақ Әлиев Абайдың философиялық ой-тұжырымдары мен шығармаларындағы парасатты ойларды жан-жақты саралаған баяндама жасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға