Жаңалықтар

Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлымен сұқбат
Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді
Фото: El.kz 17.09.2022 10:05 4655

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек тілсіз жаудың басым бөлігі тұрғын үй секторларында болады екен. Олардың басым көпшілігі қарапайым ережелерді сақтамау салдарынан тіркеледі. Өрт қауіпсіздігінің ережелері, тілсіз жаудың алдын алу туралы мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше Жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше бүгінгі таңда қала аумағында жыл басынан бері 518 өрт фактісі тіркелген. Орын алған өрттердің 44-45% адам мекендейтін жерде, тұрғын үйлерде орын алған. Қала аумағында 8 айда өрттен келген шығын 179 миллион теңгені құраған. Жыл басынан бері 11 адамды күйік шалып, өрттен қайтыс болудың 10 фактісі тіркелген.

Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді

–   Еркін Отарғалымұлы, соңғы кездері еліміздің әр өңірінде өрт көбейіп кетті. Тілсіз жаудың кесірінен қайғылы оқиғалар да жиі орын алып жатыр. Төтенше жағдай қызметкері ретінде қауіпсіздік ережелері туралы айта кетсеңіз. Өрт шыққан жағдайда не істеу керек?

–  Өрт – тілсіз жау. Өрт – зілзаланың бірі. Сол себепті өрт туралы түсінік бергім келіп отыр. Өрт дегеніміз бақылаусыз жану. Егер адам жанып жатқан отқа ие бола алмай, бақылай алмаса өрт болып есептелінеді. Өрттің шығу себебі мен салдарына мән беретін болсақ, өрт шығу үшін үш нәрсе керек. Ең біріншісі – жану көзі. Себебі өздігінен өрт шықпайды. Өрт шығу үшін жану көзі керек. Жану көзі біздің күнделікті өмірімізде жиі кездесетін адамдардың отпен абайсыз болуы. Ешбір қауіпсіздік шараларын елеместен темекі тұтығын тастау, ашық от пен электр желілерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау. Екінші – өрттің туындауы үшін қажетті жағдайдың ажырамас бөлігі бұл жану ортасы. Жану көзі болатын болса, жанатын нәрсе керек. Мысалы темекінің тұтығын немесе ашық отты жанбайтын ғимараттарда, бөлмеде немесе далада жағатын болса, ол өздігінен өшіп қалады. Жану ортасы жанғыш материал болатын болса, өрт шығу қаупін еселей түседі. Үшінші қажетті жайт – оттегінің болуы. Мысалы ғимаратта немесе бөлмеде от жағып, есік-терезесін қымтап жауып қоятын болсақ, ғимараттағы от лапылдап жанады. Одан кейін ауаның болмағандығынан қыза бастайды. Сол себепті өрт профилактикасының басты мақсаты жоғарыда айтылған үш жағдайдың бірін алып тастау. Жану көзі немесе жану ортасы болмаса, өрт шықпайды. Оттегі болмаса, от жанбайды.

Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді

Жалпы өрт шыққан кезде адамдар дүрбелеңге салынып, қорқыныш сезімі пайда болады. Көп жағдайларда адамдар қандай әрекет жасарын білмей жатады. Сол себепті бүгінгі таңда қолданыстағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, өрт туындаған кезде нақты іс-шаралар кешені айқындалған. Ең әуелі өрт шыққан жағдайда сіз тікелей өртті көрсеңіз немесе көмек сұрап шақырған дауыстарды естісеңіз ең әуелі «101» телефонына хабарласыңыз. Бірінші әрекет өртке қарсы қызметті шақырудан басталады. Көп жағдайларда өртті өздігімен ауыздықтаймын, өздігімнен өшірейін, тырысамын деп адамдар алтын уақытты жіберіп алады. Сол себепті кейін кеш шақырылған өртке қарсы қызметінің мамандары келген кезде, жанып жатқан үй немесе көлік болсын толығымен отқа оранған күйде қалады. Сондықтан ең әуелі өрт шыққан жағдайда міндетті түрде өртке қарсы қызметті шақыру керек. «101» нөміріне хабарласқанда міндетті түрде не жанып жатқанын, қай жерде, қасында тұрған ғимараттарға қауіптің бар-жоғын, аты-жөніңіз бен байланыс нөміріңізді атап өткен жөн. Себебі сіздің берген алғашқы ақпаратыңызға сәйкес, оттың жанып жатқан көлемі мен ауқымына қарай Төтенше жағдай қызметкерлері күш құралдарын жібереді. Мысалы бір көлік жанып жататын болса, ешқандай қауіп жоқ,ешкімге таралу қаупі жоқ. Ол жерге міндетті түрде екі өрт сөндіру техникасы шығады. Егер де ірі сауда орны, әлеуметтік нысан болсын ондай кезде өртке қарсы қызметінің қызметкерлері жоғартылған санатпен шығуға барады. Екінші мәселе адамдарды қауіпсіз ортаға көшіру қажет. Эвакуация процесімен бірлесе алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану немесе қолдағы материалдарды қолдана отырып, өртті өшіруге тырысу керек. Одан кейінгі мәселе – материалдық құндылықтарды сақтау. Егер де құжаттар, қандай да бір бағалы заттарды құтқару мүмкіндігі болатын болса, оларды міндетті түрде қауіпсіз жерге көшіруге тырысыңыз. Одан кейінгі мәселе өртке қарсы қызметкерлерін күтіп алу. Ол кезде міндетті түрде қызметкерлерге ақпарат беру қажет. Жанып жатқан орында қалған адамдар туралы ақпарат беріңіз. Жанғыш материалдар, жарылғыш заттар, газ балонның бар-жоғын өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне хабарлау керек. Мұның барлығы қызметкерлердің дұрыс бағыт алып, дұрыс шешуі бағдар тауып, өртті жоюға өз септігін тигізеді. Өрт сөндіріп болғаннан кейін, өрттің шығу себебі мен жайын анықтау үшін комиссия құрамына кіру өртке қарсы қызмет мамандарының жұмысына септігін тигізген абзал.

– Не себепті өртке қарсы қызметкерлері келгенде ақпарат беру керек?

– Өрт шыққан кезде адамдардың барлығы бірдей әрекет жасамайды. Біреулері құтқаруға ұмтылса, екіншілері өртті сөндіре бастайды. Кейбіреулері ешқандай әрекет жасауға дайын болмай қалады. Мұндай кісілердің өздерін құтқару керек. Сол себепті міндетті түрде ғимаратта адамдардың бар-жоғын анықтау керек. Адамдар көп жиналатын орында, мекемелерде арнайы төтенше жағдай кезінде жиналатын орын болуы керек. Ғимаратқа күнделікті таңертең 100 адам келетін болса, өрт кезінде эвакуацияға арнайы белгіленген орынға 94 адам шықты делік. Бұл жерде қалған адамдар қайда екендігі туралы заңды сұрақ туындауы керек. Біз ол адамдарды іздей бастаймыз. Егер олар, сұранып кетсе, белгілі бір себептермен жұмыста болмаса, онда адамдарға ешқандай қауіп жоқ. Егер ол адамдар өрт кезінде ғимараттың ішінде қалып қойса, онда біздің қызметкерлерге уақытында бұл ақпаратты беруі керек.Төтенше жағдайлар қызметкерлернің басты мақсаты – сол адамдарды құтқару. Егер жанып жатқан ғимаратта газ баллоны болса, оны да ескертіп айту керек. Себебі кейбір жағдайларда біздің қызметкерлер қызметтік борышын өтеу барысында өкінішке орай мерт болып жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін бұл ақпарат қажет. Сол себепті өрт кезінде жалпылама осындай әрекеттерді орындау керек. Көп жағдайларда тұрғындардың арасында өртке қарсы қызметі кеш келді, кешігіп келді деп айтып жатады. Бұл Төтенше жағдай қызметін уақытылы шақырмаудың нәтижесі. Төтенше жағдай қызметі уақытылы шақырылатын болса, орташа нормативпен белгіленген өртке келу уақыты – 10 минут. Сонымен қатар қала аумағында өрт сөндіру бөлімдері бар. Әр өрт сөндіру бөлімінің шығу аумағы белгіленген. Белгіленген аумақтың ең шеткі нүктесіне 10 минутта жетуге бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Тағы бір ескере кететіні – көлік кептілісі. Өрт орнына келген жағдайда көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына біздің қызметкерлер кіре алмайды. Себебі тұрғындар көліктерін арнайы орындарға қоймайды. Бұл өз кезегінде төтенше жағдай орнына уақытылы келген Өрт техникасының өрт орнына кіруі үшін қиындық туғызады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жалпы қала тұрғындарына көліктеріңізді арнайы белгіленген жерде ғана қоюларыңызды сұраймын.

Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді

–  Өрт шыққанда не істеуге болмайды?

– Өрт шыққан кезде адам сыртқа немесе қауіпсіз орынға ұмтылады. Ал балаларға тән қасиет көп жағдайда қауіпсіздік деңгейін дұрыс бағалай алмау себебінен тығылатын орын іздей бастайды. Олар төсектің асты, шкафтың іші немесе түпкі бөлмелерге тығылып жатады. Бұл қате әрекет. Қандай да бір қауіп төнгенде, өрт шыққан кезде қауіпсіз жерге шығуға ұмтылу керек. Бұл ретте ата-аналарға айтарым – міндетті түрде балалармен отбасылық кеңес кезінде жалпы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ниет таныту керек. Өзіндік қауіпсіздікті түсіне білетін, қоғамда көзқарасы дұрыс қалыптасқан тұлға тәрбиелеу отбасынан басталады. Сондықтан бұл мәселелерге мән беру керек.

Жедел телефон нөмірлерін білу керек. Міндетті түрде ата-ана баланы тәрбиелеу процесінде осы мәліметтер туралы айтуы керек. «Үлкенге қарап, кіші өседі»,– дейді. Сол себепті ата-ана өрт қауіпсіздігі мәселелеріне мән бермейтін болса, төсекте жатып шылым шегетін болса, бала да сондай болып өседі. Электр желісін пайдаланған кезде ашық, оқшаулағыш қабаттары бұзылған, электр желісі болса сақтану керек. Егер қандай да бір аспапты қосқан кезде жарық өшіп қала беретін болса, жанудың иісі пайда болса үй иесі немесе ата-ана уақытылы шараларды қабылдау керек. Есіңізде болсын бала да соған қарап, қауіпсіздік мәселелеріне мән бермей өседі.

  • Өрт кезінде биіктіктен секіруге болмайды. Бұл адам өміріне қауіпті;
  • Өрт кезінде өрттен құтыламын немесе қашамын деп ғимараттың жоғарғы қабатына тығылуға болмайды;
  •   Өрт кезінде түтін шығып жатқан эвакуациялық жолдар болса, соларға қарсы жүруге болмайды. Эвакуация процесінің өзін ұйымдастыру қырағылық пен іштей дайындықты талап етеді.
  •  Өрт болғанда адамдар дүрбелеңге салынып, көп жағдайда бір-біріне қарамай кетеді. Олар бір-бірімен араласып, оң қанаттан шыққан кісілер сол қанаттан шыққандар жол бермей таптап кетеді.

Өкінішке орай Төтенше жағдайлар кезінде мұндай мысалдар өте көп. Адамдар жарақат алып, мерт болып жатады. Сол себепті эвакуациялық процесс ұйымдастырылуы керек. Жайдан-жай әрқайсымыз өз бетімізбен шығу эвакуациялық процесс емес. Мұндай процессті арнайы сабақтан өткен, оқытылған мамандар ұйымдастырады. Олардың мұндай ортада арнайы құралдары бар. Ең әуелі адамдардың шығу ағынын реттеу керек. Өрт шыққан кезде түтін жоғары тарайды. Бір мезетте барлық адамдар шықса, кедергі туындауы мүмкін.

Бүгінде қаламызда жаңа ойын-сауық орталықтары мен мәдени орындар ашылып жатады. Ондай жағдайларда соны қызықтап әсіресе демалыс күндері қала тұрғындары барады. Барған кезде ешқандай қиындығы жоқ қай жерден кіргенін, төтенше жағдайлар орын алғанда қайда қашу керек, қандай қауіпсіздік құралдары қарастырылғандығына мән беру керек. Өрттің қашан, қайдан шығатынын нақты анықтай алмаймыз. Шын мәнісінде өрттің туындау қауіпі өте жоғары. Міндетті түрде пәтерден шығуы мүмкін емес. Көліктен де шығуы мүмкін. Мектеп немесе ойын-сауық орталығынан да орын алады. Сол себепті басты қағида жеке бастың және ұжымдық қауіпсіздікті түсіну. Төтенше жағдай кезінде әрекет етуге іштей дайын болу. Жарты жылда бір рет нұсқаулық, сабақ өткізіледі. Алайда дайындық болмайтын болса адам не істерін білмей тұрып қалады. Сондықтан адам осындай жайттарға мән беруі керек.

Өрт кезінде электр тоғына қосылған электр желілерін сумен өшіруге болмайды. Бұл қауіпсіздік шарасы болып табылады. Жанып жатқан өртке тұтанатын заттар мен сұйықтықты құюға болмайды. Өрт кезінде есікпен шығып, есікті өзі шыққаннан кейін қымтап жабуға болмайды. Өрт туындағанда әр минут құнды екенін адамдар ұмытпаса екен деймін.

– Өрттен зардап шеккендерге көрсетілетін алғашқы көмек. Жедел жәрдем мен құтқарушылар келгенше кез-келген адам нені білуі керек?

– Жалпы есінен танған адамды жатқызу тәртібі бар. Ол адамның жүрегі қысылмас үшін оң жақ қырымен жатқызу керек. Тыныс орындарын босатып, көп жағдайда адам есінен танған кезде тіл ішке кетіп қалады. Соған мән беру керек. Адам өрттен шыққан кезде алғашқы көмек ең бірінші медициналық қызмет келмей тұрып, адамды тыныштандыру керек. Дүрбелеңге салынған адамға қауіпсіз жерге келгендігін айтып, сабыр сақтауын сұраңыз. Одан кейін күйік шалған мәселелер болатын болса, ол жерге су құйып, спирт, май жағуға болмайды. Ол жерді тек қана таза сумен шайып, ыңғайы келетін болса, дәкемен орап қойған дұрыс. Кейде өрт кезінде адамның үстінде киім жанып жанады. Бұл жерде ең бастысы адамды тоқтату. Тоқтатудың амалы әр түрлі болады. Адамды тоқтатып, киімін шешіп, ауа өткізбейтін жапқышпен үстіне жауып, жерге жатқызып, ары-бері аунату керек. Ауа болмаған жағдайда өрт өшеді.

Келесі мәселе егер адам естен танатын болса, сыртқа шығарып, ең бірінші тынысын, жүрек қағысын тексеру керек. Егер тынысы мен жүрек қағысы болатын болса, тынысын тарылтатын бүкіл қысылып тұрған киімін, белдігін шешу керек.

Сонымен қатар тыныс алу жүйесінде тамақтың қалдықтары бар-жоғына мән беру керек. Адамды емін-еркін басының астына жұмсақ зат қойып жатқызыңыз. Егер жүрек қағысы соқпаса, алғашқы медициналық көмек керек.

– Өрттің алдын-алу шаралары.

– Өрттің алдын-алу шараларын әр адам өзінен бастау керек. Қолданыстағы заңдылыққа сәйкес әрбір мекеме басшысы, жеке меншік иесі болсын, өзіне тиесілі мүлікке заңмен жауапты болып табылады. Сол себепті ең әуелі өрт қауіпсіздігі ережелерін міндетті түрде сақтауы керек. Өрт ашық от қараусыз қалғанда және өрт қауіпсіздік ережелері сақталмаған кезде шығады. Сол себепті мейлінше күнделікті өмірде қауіпсіздік мәселелеріне мән беріңіз. Мысалы пәтерге кіретін болсақ электр қондырғыны іске қосқан кезде жарық өшіп қала беретін болса ескеретін жайт. Құрылғыны тоққа қосқан кезде күйген пластмассаның иісі шығатын болса, балконда тұрған кезде жоғарғы жақтағы көршіңіз темекі тартатын болса, барлығы ескеретін жайт. Үйден кеткен кезде мейлінше балконның терезесін жабу керек. Себебі жоғарғы жақтағы көрші еш ойланбастан темекі тұтығын тастай салуы мүмкін. Ол сіздің балконыңыз ашық болса, онда жанғыш заттар боса, өрт шығу қауіпі бар. Бұл қарапайым мысал. Сол сияқты электр желіліеріне келер болсақ онда проблемалық мәселелер болатын болса, міндетті түрде кәсіби маман шақырып, мейлінше сол электр желісін уақытылы жөндеуден өткізуге кеңес береміз. Балалар сіріңкемен ойнауға әуес болса, сіріңкені балалар қолы жетпейтін жерге сақтау. Балалармен міндетті түрде оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында дұрыс түсіндірме жұмысын жүргізу.

Әр мекеменің өзінің қауіптілік деңгейін бағалай отырып өрт қауіпсіздік деңгейіне сәйкес, өртке қарсы режим орнатылуы керек. Ішкі өрт қауіпсіздігінің талаптары айқындалып, қағаз жүзіне түсіріліп, әрбір жұмысшы сол нұсқаулықпен, бұйрықпен таныс болуы қажет. Оның ішінде темекі шегу орындары бойынша, электр желілерін пайдалану, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысы бойынша әр түрлі материалдық құндылықты сақтауда қандай талаптар сақталуы керектігін білуіңіз керек. Эвакуация жолдарын, өрт сөндіру құралдары осының барлығы қарастырылған нұсқаулық болуы керек. Сол нұсқаулықпен танысып, бұлжытпай орындаңыңыз қажет. Оның орындалуына бақылау жасау мекеме басшысына заңмен жүктелген міндет болып табылады. Сол себепті егер де мекемеде өрт қауіпсіздігі ережелеріне мән берілмейтін болса, қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда өрт шығу қауіпі өте жоғары. Басты мәселе осы ережелерді сақтаумен қатар ашық отты қараусыз қалдырмау керек.

Жер үйде тұратын болсаңыздар қураған шөпті жинап жақтық делік. Еш ойланбастан үйге кетіп, қараусыз қалатын болса, жел соқса отты ұшырып алып кетеді. Қораңыз, көрші үй жанып кетуі мүмкін. Сол себепті бұл жағдайларға жол бермеуге кеңес береміз. Екінші мәселе қазіргі таңда жылыту маусымы қарсаңында міндетті жеке тұрғын үйде тұратын тұрғындарымызға жылыту пештерін уақытылы жөндеуен өткізіп, құдықтар мен құбырларды, мұржаларды ыстан тазарту керек. Электр желілерінің ревизиясын жасау керек. Үшіншісі аулаңызды жанғыш қоқыстардан тазалап, күлді шығаратын арнайы орындарды бақылау керек. Балабақшадан бастап, зейнетке дейін біз осы амалдармен жұмыс атқарамыз. Бала-бақшаларда, ойын-сауық, мектептерде оқу-жаттығу ретінде, колледж -университеттерде нұсқаулық пен дәрістер өткіземіз. Жұмыс коллективтерінде, мекемелерде оқу-жаттығу, дәріс өткізу арқылы үздіксіз жұмыс атқарылып жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу мемлекеттік үлкен атқарылып жатқан жұмыс. Бірақ қабылдау, түсіну, орындау-орындамау әр адамның өз еншісінде.

–  Елорда аумағында өрттің басым бөлігі қайда тіркеледі?

– Бүгінгі таңда қала аумағында жыл басынан бері 518 өрт фактісі тіркелді. Орын алған өрттердің 242-сі адам мекендейтін жерде, тұрғын үйлерде орын алған. Бұл адамдардың қауіпсіздік мәдениетінің төмендігі. Ол өрт қауіпсіздігін сақтамау, ашық отпен абайсыз болу, техникалық құралдарды пайдаланған кезде дәнекерлеу жұмыстары болсын, пешті жаққан кездеабай болу керек. Екінші орында жиі кездесетін бұл көліктегі өрттер. Жаз уақытында жиі кездесетіні адамдардың отпен абайсыз болуы. Сонымен қатар электр желілеріндегі қысқа тұйықталу да үлкен мәселе болып отыр. Егер үйіңіз 70-80 жылдары салынған болса, оның электр желілеріндегі тетіктері уақыт келе ескіреді. Оларды ауыстыру керек. Ондай шаралар қабылданбайды. Тозығы жеткен, оқшаулағыш қабаттары бұзылған, желіге кішігірім ауыртпашылық түсетін болса, ол қызады. Қызған жері қысқа тұйықталуға әкеледі. Содан жану көзі пайда болып, өрт шығады. Көліктерге келетін болсақ бүгінгі таңда қолданыстағы заңдылыққа сәйкес өрт қауіпсіздігі тарапынан көліктерді тексеру қарастырылмаған. Бізде көліктерге қойылатын талаптарымыз да жоқ. Көліктің өрт қауіпсіздігін айқындау үшін бірден-бір бақылау жері техникалық байқадан өту. Көп жағдайларда техникалық байқаулардан өткен кезде сапасыз өту. Менің көлігім болса, оның қауіпсіздігіммен мен қамтамасыз етуім керек. Көп жағдайларды газ қойып жатады. Газ жүйесін де мұқият тексеруден өткізген жөн. Әр адам өзінен бастаса, өрттің алдын алуға болады. Сондықтан әрбір көлік иесі мұқият болса деймін. Негізінен он жылдан асқан көліктер өртке жиі тәуелді болып келеді. Олар уақытылы жөндеу мен тексеруден өтпесе, оқыс оқиғаларға алып келуі мүмкін. Өрт қателікті кешірмейді. Осыны ұмытпаңыз.

Бүгінгі таңда елорда аумағында 8 айда өрттен келген шығын 179 миллион теңгені құраған. Жыл басынан бері 11 адамды күйік шалып, өрттен қайтыс болудың 10 фактісі тіркелді. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ бұл 2 жағдайға көп. Оның ішінде 2 бала 8 ересек адам бар.

– Нұр-Сұлтан қаласы аумағында жыл басынан бері қанша өрт фактісі тіркелді? Қанша материалдық шығын келді?

–  Елорда аумағында 518 өрт тіркелді. Қала аумағында 8 айда өрттен келген шығын 179 миллион теңге. Бұл материадық шығынды анықтау үшін арнайы сараптамалар тағаынау керек. Сол себепті көп жағдайларда тұрғындар материалдық шығынға қаысты сараптамадан бас тартып жатады. Кішігірм жану болса да, материалдық шығынға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда департаментпен және оның құрылымдық бөлімшелерімен жылту маусымына дайындық жұмыстары басталды. Қыс келе пештен шыққан өрттердің өсу үрдісі байқалады. Қазіргі кезде пеш қалаушы деген мамандық жоқ. Оларды ешкім даярламайды. Сол себепті әрбір тұрғын бағасы жағынан тиімді болғаннан кейін, жарнама арқылы мамандарға жүгінеді. Мамандар әр түрлі болады. Сапасыз жасалынған жұмыстар өз кезегінде өртке әкелуі мүмкін.Себебі пештің екі қауіпті жері бар. Ол түтін шығатын мұржа мен жанғыш қабырғада өртке қарсы аралық болуы керек. Пеш шамадан тыс қызған кезде қабырғаның жанғыш заттары жанбау үшін орнатылады.

– Сіз басқарып отырған Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының жыл басынан бері атқарып жатқан жұмысына тоқталып кетсеңіз.

–  Бізді мақсатымыз елорда аумағында өрт қауіпсіздігі мәселелеріне бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу. Біз департаменттінң құрылымдық және бағынысты, құзырлы мемлекеттік органдары мен кәсіпрындарымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саясатты үйлестіру. Біз әкімдіктермен, әлеуметтік қызметпен, полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Басты мақсат қала аумағындағы қауіпсіздік қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды уақытында әзірлеу, оларды жүйелі түрге келтіру және қажетті құзырлы органдармен өзара ықпалдастықты үйлестіру. Сонымен қатар жоспарланған іс-шаралардың уақытылы,сапалы орындалуын бақылау.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға