Жаңалықтар

Рөлдерді сомдағанда жан мен тән, рухым бірге жұмыс жасайды – Халық әртісі

Театр – актердің образы болуы қажет
Рөлдерді сомдағанда жан мен тән, рухым бірге жұмыс жасайды – Халық әртісі
Фото: жеке мұрағат 28.10.2022 11:35 3491

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Гүлжан Әспетова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Отан» орденімен марапатталды.

Бекзада өнерді төбелі төрге көтеріп, қазақ өнерінің шарықтауына сүбелі үлес қосып жүрген сахна саңылағымен сұхбат құрдық.

– Марапатыңыз құтты болсын, Гүлжан апай! Еңбегіңіздің еленіп жатқанына қуаныштымыз. Мемлекеттің өнерге деген қамқорлығы жөнінде айтар ойыңыз болса.

– Өмір болғасын ащы мен тұщы қатар жүреді. Бір жақта жетіп, енді бір жақта жетіспей жатқан дүниелер бар. Дегенмен, алға жүріп жатыр, қуанамыз!

– Бір сұхбатыңызда образ адамды тәрбиелейді депсіз. Ел аналарының бейнесін сомдадыңыз. Өзіңізге ең жақын рөл?

– Рас ол, образ адамды тәрбиелейді. Жас күнімде Қарагөз ұнайтын. Әрқашан басты рөлді сомдау бұйыратын. Ең басты дүние рөлді сомдауда күш-қуат, дауыс, мінез, рух керек. Салмақты рөлдер берілді. Күні-түні ізденіс үстінде болдым. Рөлдерді жеңіл-желпі ойнаған жоқпын. Оны ойнардың алдында тұлғаның болмысын бойға сіңіру керек. Ел аналарының тарихи бейнесін көп сомададым. Найман ана, Толғанай сынды салмағы ауыр образдар бұйырды. Мұндай рөлдерді ойнау үшін сол адамның бойында кем дегенде бір қасиеті болуы қажет. Алғаш рет қазақ сахнасына жас күнімде Қарагөз бейнесінде шықтым. Жасымыз толыса келе, Ұлы Абай әжесі Зере рөлін ойнасам деген арман болды. Ол да жүзеге асты. Зере анамызды 10-20 жыл ойнасақ та, орнын толтыра алмаймыз. Сол кісідей дана болуға тырысасың. Құнанбай анасының ақыл-кеңесіне қатты мән берген. Өйткені, Зеренің парасат-пайымы терең, ой-өрісі кең тұлға болған.

Қай бейнені алсаң да, өзінің бір салмағы болады. Оның бәріне ортақ нәрсе – рух және күш.

– Қазақтың маңдайына біткен марғасқа ұлы Нұрмұхан Жантөрин, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Бикен Римова сынды өнер майталмандарынан тәлім алған екенсіз. Осы кісілердің сізге қандай қасиеті дарыды?

– Нұрмұхан Жантөринмен кинода және сахнада біраз серіктес болып ойнадық. Мәскеуде екеуміз өнер көрсеттік. Сонда орыс халқының тік тұрып, қошемет көрсеткеніне куә болдық. 

Бикен, Сабира апайлар бір-бірне ұқсас адамдар. Сөздері мен үндері, атқарған істері, айтқан ойлары да ірі тұлғалар. Ол кісілер бетке тік айтатын. Шолпан апам бізге әдемілікті үйретті. Сахнада әдемі киіну үлкен әсер етеді. Оның үйренетін қыр-сыры көп. Айта берсем, уақыт жетпейді. Хадиша апайдың бойында бір керемет қасиет болды. Қарлығаны ойнағанда, сол кейіпкердің бейнесіне кіріп кететін. Қылышын ұстап, сөйлемей-ақ шыға келсе, адамның денесі дір ететін. Бойында бір ірілік, күш-қуат, еркекке бергісіз ер мінезді адам еді. Аз күліп, қабағын түйіп жүретін тұлға болды. Сөйлегеннің өзінде байыппен тіл қатып, әр рөлге талғаммен келетін. Апайларымыз алпысты алқымдағанша, қыз бейнесін сомдады. Ол кезде заман сондай болды.

Бізді тәрбилеген апайларымыздың тәрбиесі шыңдады. Өзім орыс мектебін бітірдім. Кітапты көп оқыдым. Ұлдардың арасында жалғыз қыз ретінде ерке өскен соң, М.Әуезов театрына келгенде «көкемді көзіме көрсетті» (мысқылдап күлді). Театрда өнердің киесін, сахна тілін түсіндім. Қазір ойлап қарасам, мұндай қаталдық болмаса, ел аналарының бейнесін сомдай алмас едім. Сол замандарда біздің тамағымыз кітап болды.

Әртіс өзінің бойындағы барын көрсетеді. Өмірдің ащы-тұщысын көргендер сахнада кейіпкердің жанының ауырған образын сомдайды. Ал терең бейнені жасай алмайтындар әдемі киініп сол қалпында қала береді. Тіпті дауыс ішкі жан-дүниенің толғанысынан шығу керек. Төменгі және жоғарғы дауысты шығарудың өз жолдары бар. Кейбір әртістер тек қазақы рөлдерді ойнайды. Мен бүкіл халықтың тарихи аналарын ойнадым десем болады.

– Сахнада кие бар. Осыны бүгінгі жас әртістер қаншалықты түсінеді? Жас әртістеріңіздің бір кемшілігін, бір артықшылығын атап өте аласыз ба?

– Артықшылығы, қазіргі жастарда еркіндік бар. Қазіргі жастар келе салып, жас адамның бейнесін сомдайды. Тек жаттағанымен айтады. Ал бізде қан мен тер, көз-жас, рөлді аңсап қалай қол жеткізсем екен дейтінбіз. Апайлардың небір сынағынан өттік. Тіпті әрлеу, киімге, сөзге де өте мұқият болды.

Қырыққа жақындағанда, Құртқа, Қарагөз бейнесін сомдамауға тырыстым. Өйткені, адамның сана-сезімі өзгереді. Он сегіз жас пен баласы бар әйелдің психологиясында үлкен айырмашылық бар. Қазіргі заманда мұндай бейне өтпейді. Өзің сол саланың қанша шебері болсаң да, жастықты ойнай алмайсың. Жас рөлдерді тек жас әртістер мен жас актерлер сомдағаны дұрыс. Сабақ берген кезде олардың миына, дауыс, психология, мінез-құлық, трагедия, комедия, драмманы бойына сіңіру керек. Егер өздері үйреніп келсе, театрға келгенде режиссерлерге жеңіл болады. Ал тек сырт-келбетінің әдемілігімен ғана театрға аяқ басса, онда біраз қиналады. Әдемілігін театр пайдаланады да, өздері әріқарай өспей қалады.

Нағыз әртіс ішкі жан-дүниесімен өсу арқылы шындықты шығару қажет. Ірі рөлдерді сомдағанда жан-тәнімен беріліп кетемін. Қарагөз – үлкен трагедиялық образ. Ал комедияны көп ойнаған жоқпын. Трагедия жүрекке ауыр салмақ салады. Бұл жанрда ойнаған образдардан кейін үш күн орнымнан тұра алмай қалатын кездерім болды. Денемді біреу ұрып тастағандай күй кешетінмін. Жан, тән, рух бәрі рөлмен байланысып кетеді. Әр образдың сөз саптауы болады. Осы сөздерді жас әртістердің бойына барынша сіңіріп келемін.

– Қазақ театр өнерінің биіктеген кезеңі туралы айтып өтсеңіз?

Қазақ театр өнері биіктеп барып, құлауда деп ойламаймын. Бұрынғы қойылымдарға мүлде ұқсамайтын жаңа спектакльдер көрсетілуде. Бірақ, жаңалық болу қажет деп жас режиссерлерден де біраз кемшіліктер табылып жатады. Ішінде әртістер қуыршақ болып қалады. Қазіргі режиссерлерге айтарым, әртістерді таңнан-кешке дейін қуыршақ ретінде жүгіртіп қоймай, олардан образ шығарса екен деймін.

Сахнада жұмыс істейтін – әртіс. Олар режиссердің көздегенін көрерменге жеткізеді. Көрерменнің талғамы әртүрлі. Біреулері музыканы тыңдап отырып, сосын барып ойланады. Сондықтан кішкене және үлкен эпизод болсын сахнадан образ, мінез шығару керек. Режиссер мықты әрі дарынды болу қажет. Кейде режиссер де жақсы, әртіс те жақсы, бірақ драматургияның нашар болып жататын кезі де болады. Сценарий дұрыс құрылмаса, қанша тырыссаң да жақсы нәрсе шығару қиын. Театр – актердің образы.

P.S. Сахна майталманы образға ғана емес, айналасындағы болып жатқан дүниелерге де талғаммен қарайды. Тілдескен сәттен, сұхбат беруге аса құмар емес екенін айтты. Сөз арасында саған қалай сұхбат беріп қойғанымды аңдамай қалыппын деп бір мысқылдап алды. «Орден» алдым екен деп, өзін жоғары санап тұрған Гүлжан апай жоқ. Көңілі баладай, құшағы даладай, жүрегі жұмсақ, нағыз сахна әртісі дер едім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға