17 жасар қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатының екінші айналымында сенімді жеңіске жетті.
Теннис федерациясының хабарлауынша, Заңғапр Нұрланұлы жарыстың 8-ші нөмірлі ойыншысы болып тіркелген. Отандасымыз американдық Агасси Рашерді (ITF жасөспірімдер рейтингінде 94-орын) екі сетте тас-талқан етті – 6:2, 6:1. Кездесу бар-жоғы 1 сағат 6 минутқа созылды, осы уақытта Нұрланұлы корттағы жағдайды толықтай өз бақылауында ұстады.
Осы табысының арқасында Заңғар Париждегі беделді Үлкен дулыға турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Ширек финал жолдамасы үшін ол Янник Альварес (Пуэрто-Рико) – Леонардо Шторк Франка (Бразилия) текетіресінің жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Париждегі кортта жанкүйерлер Заңғар Нұрланұлына ерекше қолдау көрсетті. Жас таланттың маңызды матчына Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов арнайы барып, трибунадан жанкүйер болды.
Нәтиже көңіл көншітпейді
Аралас жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина өнер көрсетті. Спортшымыз жартылай финал жолдамасы үшін күресіп, жеңіліп қалды. Сөйтіп, аралас сындағы «Ролан Гаррос» турнирін аяқтады.
Отандасымыз америкалық теннисші Джеймс Трейсимен жұп болды. Олар италиялық Сара Эррани мен Андреа Вавассори жұбына қарсы ойнады. Кездесу 59 минутқа созылып, 2:0 (6:2, 6:2) есебімен италиялық дуэт басым түсті. Ширек финалға дейінгі шеберлігі үшін Данилина-Трейси жұбына 17,5 мың еуро сыйақы беріледі.
Дегенмен Данилина «Ролан Гарростағы» жорығын жалғастырады. Ол 3 маусымда әйелдер арасындағы жұптық сынға қатысады. Серб Александра Круничпен бірге жартылай финалдың жолдамасына қол созып көрмек. Олардың қарсыласы – аустралиялық Эллен Перес пен нидерландық Деми Схюрс. Осы жұптың қай жеңгені жартылай финалға шығады.
Білеміз, Елена Рыбакинаның алғашқы айналымда сүрінгені көпшілікке ұнамады. Ол екінші айналымда әлемдік рейтингте 55-ші орында тұрған украин Юлия Стародубцевамен кездесті. 3 сет қорытындысы бойынша 6:3, 1:6, 6:7 есебі тіркеліп, отандасымыз қарсыласына жол берді. Ойын 2 сағат 30 минутқа созылды. Рыбакинаны жеңген украин спортшысы үшінші айналымда Синьюй Ванға жол берген.
Айта кетерлігі, Елена Рыбакина «Ролан Гарростағы» нәтижесін жақсарта алмай жүр. Ол 2021, 2024 жылдары ширек финалға дейін жеткен-ді. Ойыннан кейін берген сұхбатында энергия жетпегенін, корттың өте тайғақ болғанын атап өтті.
Тағы бір отандасымыз Александр Бублик те алғашқы айналымда ұтылды. Германиялық Ян-Леннард Штруффпен кездесіп, 4 сетке созылған тартысты матчта жеңіліп қалды. Ойын 3 сағат 13 минутқа созылды.
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева (№76 WTA) Франция ашық чемпионатының екінші айналымында колумбиялық Камила Осориоға жол берді. Жұптық сында ұлыбританиялық Кэти Бултермен жұптасып, Эллен Перес (Аустралия) пен Деми Сюхарс (Нидерланды) жұбымен кездесу өткізді. 1 сағат 33 минутқа созылған кездесуде Путинцева-Бултер жұбы екінші айналымға өте алмады.