Жаңалықтар

Робот технологиясыз дамудың өрісін табу қиын – Айжан Жекеева

Қалалық мектептер қазақстандық робот жинақтарын қолдана отырып, білім беруде
Робот технологиясыз дамудың өрісін табу қиын – Айжан Жекеева
Фото: vzlet.org 31.10.2022 12:56 4598

ХХІ ғасырда өркениет өрісіне ілесуде заманауи технологиялық үдерісті дер кезінде енгізіп отыру керек. Әсіресе, робот технологияны меңгеру маңызды. Осы саланың дамуы туралы «ҚазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының президенті Айжан Жекеевадан белдік.

– Елде роботехника саласы қалай дамуда?

– 2015 жылы «КазРоботикс» – қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы жұмысын бастады. Мақсат – Қазақстанда робототехниканың дамуына үлес қосу.

Федерация 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.

Біріншісі, жарыстық (спорттық) робототехника сайысын өткізу.

Екіншісі, робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық жобалар сайысын (білім беру робототехникасы) ұйымдастыру.

Үшіншісі, мектепке дейінгі робототехника (құрастыру негізін, жобалық қызметті, бағдарламалауды, таныстыру дағдысын және т.б.) үйретеді.

Төртіншісі, оңалту робототехникасы (инклюзивті) арқылы ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар және денсаулығы бойынша шектеуі бар адамдарды техникалық шығармашылық арқылы әлеуметтік бейімдеу жатады.

10 жыл бойы осы салада ерікті маман ретінде жұмыс істеп келемін. Қазіргі таңда Қазақстанның әр өңірінде турнирлер өткізіп, өз идеяларымызды іске асырып келеміз. Түрлі ұйымдармен байланысып, еліміздегі талантты жастардың бойындағы дарынын оятып, жетілдіруге атсалысудамыз. Әсіресе, қазіргі технологияның заманында біздің ұжымның атқарып жатқан қызметі өте маңызды және жауапты қадам деп есептеймін.

Біздің ұйымның міндеті қарапайым қалалық және ауылдық мектеп оқушыларын робототехникалық сайыстарға қатысуға ынталандырып, саланың дамуына екпін беру. Елде балаларды халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға дайындау мақсатында бірлестіктер құрылып, олар белсенді жұмыс істеп келеді. Дегенмен, ұйымдастыру, қолдау жұмысына үлкен қаражатты талап етеді.

Қазіргі таңда елдегі мектептерде робототехника кабинетін ашу белсенді іске асуда. Бірақ, мұғалімдер техниканың әлеуетін өз деңгейінде пайдалануға дайын емес. Осы тұста айтарым, жоғары оқу орындарында роботехника маманын даярлау қажет. Сонда ғана робототехника саласы жүйелі дамиды. Біздің федерацияның мамандары осы жағдайды ескеріп, Атырау облысындағы мектептерді аралап, 84 мұғалімге робототехниканың жиынтығын қолдануды үйретіп, түсіндіру жұмысын жүргізді. Кейін осы мұғалімдер басқа да мамандарға үйретіп, көмектесті.

2016 жылдан бастап біздің бірлестіктің ұйымдастыруымен 80-нен астам іс-шара өтті. Әр облыста бірлестіктің филиалы белсенді жұмыс істейді. Жыл сайын өткізілетін сайыстың нәтижесі мен жеңімпаздың жетістігі туралы ақпарат сақталады.

2016-2018 жылдары өткен өңірлік турнирлерде Қарағанды облысы көш бастады. 2019 жылы республикалық чемпионатта Ақтөбе облысының құрамасы үздік болса, 2020 жылы Жамбыл облысынан шыққан құрама жеңімпаз атанды.

– Робот технологияның дамуы интернетпен тікелей байланысты. Соңғы кездері елде интернет желісіндегі ақаудың салдарынан жылдамдығы төмендеуде. Бұл жұмысқа қаншалықты кедергі келтіреді.

– Дұрыс айтасыз, заманауи технологияның дамуын интернетсіз елестете алмаймыз. Ал роботты програмалау және т.б. интернетсіз жүзеге асыра алмаймыз. Дегенмен, роботтардың барлығы бірдей ғаламтордың күшіне тәуелді емес. Олардың ішкі жүйелері автоматты құрылғыдан тұрғандықтан өздігімен жұмыс істей береді.

Қазақстандық техниканың сыртқы желідегі сұранысы – өндірушінің қолында. Мәселен, соңғы кездері расыменде елімізде ғаламтор байланысының төмендегенін байқадық. Бұл құбылыс жиі қайталанып кеткендіктен, елдегі бірқатар қосымша ғаламтор байланысынсыз жұмыс істейтін режимге ауысты. Бұл ішкі нарық өнімдері интернет шектеуіне қарамастан жұмыс істей алуына қабілетті екенін байқатты. Сондықтан қазақстандықтар ішкі өнімді қолданатын болса, қосымшалар ғаламтор ақауына қарамастан өз жұмысын жалғастыра бермек.

– Біздің елімізде роботтардың қызметі қашан Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің қатарына ілесе алады?

– ХХ ғасырда Еуропа мен АҚШ-тан Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея өте үлкен мөлшерде электроника және техника бағытын дамытуға инвестиция тартты. Сөйтіп ірі-ірі өндіріс орындары пайда болды. Кейін жұмыс сапасын арттыру мақсатында өндірісті автоматтанудыруды қолға алды. Бұл бағыттағы инновациялық жобаларды іске асыратын арнайы зертханалар жұмысын жүйеледі. Бүгінде бұл елдер ауалшаруашылығы, білім беру, медицина және т.б. саланы роботтандыруда көш бастап келеді.

Қазақстанның аталған елдер қатарына қосылуына біршама жыл керек. Бастысы, роботтандыруға мемлекеттік деңгейде көңіл беруі тиіс. Олсыз саланың дамуы қиын.

– Әрине, Шығыс Азия елдерінің робот технология саласындағы жетістікті жақсы білеміз. Біздің өнертапқыштардың бұл саладағы жетістігін жоққа шығара алмаймыз ғой! Солай емес пе?

– Иә, солай! Біздің өнертапқыштардың робот технологиясымен мақтануға болады.

– Осы мақтануға болатын өнертапқыштардың роботты сұранысқа қаншалықты ие? Олардың бағасы қанша?

– Жақында Қазпошта «пошташы робот» жасап шығарды. Сондай-ақ, Қаздрон құны 16-20 миллион теңге тұратын дронын нарықта сата бастады. Әрине, сұраныс бар және даму деңгейіміз де артып келеді. 

Елімізде заман талабына сай автоматтандыру мен роботтандыруды талап ететін жұмыс орындары пайда болды. Күнделікті өмірде онлайн дүкендерді, онлайн банктерді және анқтамалар мен құжаттарды Telegram-бот қызметін пайдалана бастадық. Бұл қызмет түрі де роботтандыруға жатады. Қазіргі таңда роботтар автомобиль өндірісінде дәнекерлеу, бояу және бөлшектерді құрастыруда қолданылады.

Биыл «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ арнайы бардық. Сонда трансформаторды жинайтын роботтардың жұмысын бақыладық. Олар адамға көмектесіп қана қоймай, жұмысының сапасын арттыруға өзіндік пайдасын тигізеді.

Осындай адам жұмысын жеңілдететін роботтарды жасау үшін балаларды түрлі іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастырып, оларды ынталандыру керек. Еліміздің болашағы үшін осындай маңызды жобаларды қолға алып жетекшілік етіп жүрген біздей орталықтарға өкінішке орай, қолдау білдірмейді.

– Бір роботты жасап шығаруға қанша қаражат кетеді және ол үшін қанша маман жұмыс істейді?

– Қазақстандық зерттеушілер ncste.kz порталына сүйенетін болсақ, роботтарды кемінде 2 жыл ішінде шығаруға мүмкіндік бар. ALARIS және ISSAI сияқты зертханаларда 2-3 жобада 10-20 адамдай жұмыс істейді. Елімізде мамандар жетіспейтіндіктен қазіргі таңда роботехника саласындағы жобалардың да, қызметкерлердің де саны аз.

– Елімізде робототехниканың сапасы жөнінде не айта аласыз?

– Әзірге, қазақстандық роботтар дүкен сөрелеріне жеткен емес. Алайда кейбір қалалық мектептер қазақстандық робот жинақтарын қолдана отырып, білім беруде. Қазақстандық роботтардың бағасы қымбат деп айта алмаймын. Керісінше, нарықта бағасы арзан деуге болады, тіпті бір-бір роботтан сатып алуға мүмкіндік бар.

P.S. Робототехника федерациясының президенті Айжан Жекеевамен сұхбаттасу барысында адамзатты дамытудың жаңа деңгейіне жетелеуде роботөндіріс маңызды рөлге ие екенін білдім. Яғни төртінші өндірістің революция осы роботтардың көмегімен іске асады.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға